Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балаңыздың нашар сабақ үлгеріміне өзіңіз кінәлі екеніңізді білесіз бе?

Қазір көптеген ата-аналар  балаларының кітап оқуға, сабаққа онша құлқы жоғын айтып ренжіп жатады. Тіпті ұрсып, күшпен білімге баулығысы келетіндер де бар. Бірақ, оқығысы келмеген баланы таяқпен қорқытып тәрбиелеуден нәтиже болмасы анық. Ересектер оған себеп ретінде планшет, телефон одан қалса түрлі телеарналарды жарыса айтады. Негізінде себептің барлығы ата-ананың өзінде екен. Бұл туралы Stan.kz  сайтының тілшісіне психолог Зүбайда Кенебаева айтты.

балабілім

Әйелдер жүкті кезде дәрігер кітап оқуға, түрлі мультфильмдер тамашалауға кеңес береді. Психологтың сөзінше бұл баланың білімге құштарлығына айтарлықтай әсер ете қоймайды екен. Тек ананың өзін тыныштандыруына, көңіл-күйін көтеруіне үлкен септігін тигізеді-мыс.

«Бала дүниеге келісімен біз онымен осы әлемді таныстыру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Мысалы, «Мен сенің анаңмын, мынау сенің отбасың, мына орын саған арналған» деп балаға өз айналасындағыларды таныстыру жұмыстары жүргізілу керек. Осыны тексеріп көрсеңіз кішкентай шақалақ перзентханадан шыққаннан кейін үйінде шошынбай ұйықтайды.

Бала қырқынан шықпай жатып ояу кезде оған кітап, яғни кішкентай бес минуттық ертегілер оқып беру керек. Ойыншығын түсіндіру керек. Мысалы, «Мынау сенің ойыншық ала күшігің. Мынау оның көзі ал, мынау менің көзім, сенің көзің болса міне» деп өзінің көзін сүйіп қойыңыз. Міне осы сөздердің барлығы баланың осы әлемдегі дүниелерге деген қызығушылығын оятады. Ол күліп-ойнап жатабереді сөйлей алмағандықтан, бірақ оның жас миы бәрін жазып отырады. Қызығушылығы арта бастайды»,-дейді психолог Зүбайда ханым.

Негізінен бала дүниеге келгеннен бастап бес жасына дейін анасы немесе қасындағы ересектер оның әр сұрағына мұқият жауап беріп, оған қажет деп түсінген дүниелерді көрсетіп, айтып отырған кезде оның жан-жақты әлемге деген қызығушылығы арта түседі екен.

«Айына бір мәрте бала жүре бастаған сәттен бастап ойыншық әрі кітап дүкеніне бірге баруды әдетке айналдырыңыз. Немесе мерекелерде бір біріңізге кітап сыйлаңыз баланың көзінше. Тамақтанып болғаннан кейін шай басында сол кітаптағы қызықтарды айтыңыздар,талқылаңыздар. Балаға өзіңіз оқып берген ертегі бойынша сұрақ қойып қойыңыз. Арасында мақтап та алыңыз.

Әрине ол баланы мультфилм көруден,ойыншық ойнаудан да қыспау керек. Сонда ғана оның білімге деген құштарлығы артады. Тура осындай тәрбие көрген бала үшін әрі кетсе төртінші сыныпқа дейін бағыт-бағдарыңыз қажет болады. Одан ары бала өз бетінше  өзіне қызық сала бойынша қызығушылығын қанағаттандыру мақсатында ізденуді әдетке айналдырады»,-дейді Психолог Зүбайда Кенебаева.

Психолог  баланың музыкаға әуестігі мен жоғары талғамын да дүниеге келгеннен бес жасына дейін қалыптастыруға болады деген кеңес айтты. Ол үшін  бүлдіршін тек сапалы әуен, классикалық түрлі аспапты музыканы тыңдағаны жөн екен.

«Мен ешқандай аспапта ойнай алмаймын. Қатты ойнағым келген. Балаларымды да аса музыкаға баулуды ойламаппын. Яғни олар да айтарлықтай домбыра, қобыз,сыбызғы сияқты аспаптарда ойнай алмайды. Осы бір ғылыми кеңесті назарға ала отырып немеремді тәрбиелеп көрдім.

Рас екен, балаға кішкентай кезінен сапалы әуен тыңдатса ол әуен арасындағы дыбыстарды жаттап үлгереді. Талғамы жоғары болады. Әрі өзі 5-7 жасынан бастап үйірмеге қатысса қабілеті еселене түседі екен. Бүгінде немерем кішкентай болғанымен оның музыка мұғалімі қабілеті жоғары деп айтқанда іштей, менің мұнда үлесім бар шығар деп қуанып қаламын»,-дейді психолог.

Оқи отырыңыз:

Тибеттіктердің бала тәрбиесіндегі ерекшеліктері

Психолог: Баян Есентаева адал атын қайтарғысы келіп жүр

Семейде анасы суға ағызып жіберген бүлдіршін тірі болуы мүмкін

Жамбыл облысында тұрғын үй алдына бір жасар сәбиді хат жазып тастап кеткен 

Талқылау