Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баландин жеңісіне көпке дейін сене алмаған

Олимпиада жүлдегерлері елге оралды. Қалың жанкүйер Дмитрий Баландин, Елдос Сметов және Отгонцэцэг Галбадрахты Алматы әуежайынан ыстық ықыласпен қарсы алды, – деп хабарлайды ктк арнасы.

photo_192147

Алматы әуежайында түнжарымнан ауса да қаумалаған халық, қаптаған тілшілер. Олимпиада жүлдегерлері Елдос Сметов пен Отгонцецег Галбадрахты күтіп алған адамда есеп жоқ. Рио төрінде топ жарған спортшылармен бәрі де фотоға түсуге құмар.  Елдос Сметов дзюдодан Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионы, енді міне, Олимпиада биігін де бағындырып, туған топырағына оралды. Бұл жетістігін ол Елбасы мен туған еліне арнады.

«Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнаймын және қазақ еліне арнаймын. Қазақ елінің абыройы асқақтап, әлі де қатысып жатқан Олимпиада ойындарындағы бауырларымыз алтыннан алқа тақсын деп шаршамай жанкүйер бола берейік. Рахмет үлкен баршаңызға», – дейді Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов.

«Қымбатты отандастар! Сіздерге үлкен рахмет! Олимпиада медалі менің арманым, оған жеттім. Қуаныштымын. Қазақстан, рахмет!» – дейді Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Отгонцэцэг Галбадрах.

Жеңімпаздарды күтіп алған қалың жанкүйердің арасында спортшылардың достары, танымал спорт шеберлері, сондай-ақ, жақындары бар.

«Енді бұл спорт қой. Бұл дзюдо деген кішкене қиын күрес енді. Енді бұл Алланың қалауы ғой, солай екінші орын бұйырып тұрған шығар енді. Өкпе жоқ, өте қуаныштымыз, рахмет!» – дейді Е.Сметовтің әкесі Бақтыбай Сметов.

Алматы әуежайында таң атқанша тыным болған жоқ. Бүгін таңертең Рио Олимпиадасында брасс әдісімен суға жүзуден сенсациялық жеңіске жеткен Дмитрий Баландин де елімізге оралды. Мұнда да иін тірескен ел. Әрбірінің қолында чемпион суреті мен оның есімін ұлықтаған плакаттар. Ел тарихындағы болмаған жеңіске жеткен 21 жасар сүңгуірімізге ең алғаш таблоға қарағанда қандай да бір техникалық қате кеткен шығар деген ой келіпті.

«Жүзіп біткеннен кейін ойым сан-саққа жүгіріп, ештеңені түсіне алмадым. Таблоға қарадым да қандай да бір қателік болған шығар дедім. Тек содан кейін ғана есімді жиып, шынымен де еліме осындай қуаныш сыйлай алғанымды сезіндім», – Рио Олимпиадасының жеңімпазы Дмитрий Баландин.

Айта кетейік, осыған дейінгі суға жүзуден үздік көрсеткішіміз Афины олимпиадасындағы Владислав Поляковтың бесінші орыннан көрінуі еді. Онда да жерлесіміз 100 және 200 м қашықтықта брасс әдісімен жүзуде сынға түскен болатын.

Талқылау