Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балаларын баға алмай отырған жас келіншек оларды жетімдер үйіне тапсырмақ

Жасы 30-ға келген Баянсұлу Тоғызбаева үш қыз, бір ұлға баспана, ішер ас пен киер киім таба алмай отыр.

Bezymyannyy-47

Бұл туралы Bnews.kz хабарлайды.

Баянсұлу Тоғызбаева күйеуімен ажырасып кеткен, қазір тұрмыс тауқыметін тартып отырған келіншек 4 баласын жанында алып қалу үшін жанталасып жүр. Ол қалалық әкімдікке, түрлі қоғамдық қабылдаулар мен кездесулерге барды. Көмек сұрады, баспана мәселесін шешуді ойлады.

«Балаларымның үлкені 12, сосын 9 жаста. Екеуі мектепке баратын болғандықтан киім-кешек пен мектеп құралдары қажет. Балалар үшін ай сайын 35 мың теңге жәрдемақы аламын. Күні бүгінге дейін бұл ақшаның жартысын саяжайдағы шағын үйге беріп отырған едім. Үй төбесі құлап, далада қалдық. Енді қайда барарымды білмеймін. Көпбалалы отбасыға ешкім пәтерін жалға бермейді»,- дейді Б.Тоғызбаева.

Көпбалалы жас ана өмірдің қиындығын бастан кешіріп отыр. Ол 2 жастан асқан ұлын балабақшаға да бере алмайды. Себебі, тұрақты мекені, ай сайын бақшаға төлейтін ақшасы жоқ.

«Мен қайда барарымды білмей анама бардым. Олар екі бөлмелі үйде 6 адам тұрады. Оған біз бесеуміз қосылып, қиын жағдайды бастан кешіріп жүрміз. Содан кейін балаларды интернат үйіне орналастыруды жөн көрдім. Бірақ қалада ондай білім ордасы жоқ екен. Тек Алға ауданындағы жетімдер үйі бар»,- дейді Тоғызбаева.

Көптен көмек сұраған ол балаларын уақытша жетімдер үйіне тапсырып, жұмыс істеуді, қаржы жинап, үй салуды ойлап жүр. Себебі, 5 айлық қызын бауырына басып, қалалық әкімдікке жиі барған, жер қатынастары бөлімінен көмек сұраған Тоғызбаеваға саяжай жалға берілетін болды. Ұзақмерзімге берілген саяжайға шағын баспана салу жалғызбасты жас келіншектің қолынан келер емес.

«Балаларымды жетімдер үйіне беруге қимаймын. Бірақ амалым жоқ»,- дейді ол.

Бұл ойын Баянсұлуды анасы қолдап отыр. Жұмыс істеп, үй салу үшін 2-3 жыл уақыт қажет болса, сол аралықта балаларын бағатын адам қажет.

«Менің қызым болған соң оны үйіме қайта кіргіздім. Бірақ бұл қол емес. Оның өз отбасы, шаңырағы болуы керек. Көмек сұрап жан-жаққа барды. Енді қалалық мәслихатта Баянсұлудың мәселесі қаралады»,- дейді анасы.

Қалалық мәслихат депутаты Мұрат Әжібаев мектеп жасындағы балаларға көмектесуге уәде берді. Ал көпбалалы ана мәселесі сәрсенбі күні қалалық мәслихатта қаралады.

«Бір реттік көмекті депутаттар бергенімен, бұл аздық етеді. Сондықтан Баянсұлу Тоғызбаеваға уақытша баспана, яғни жатақханадан бір бөлме болса да қарастыру мәселесін қозғаймын»,- дейді Әжібаев.

Жіберіп алмаңыз:

Жамбылда полицей балалар үйінен бес баланы асырап алды (фото)

Оралдық отбасы балалар үйінің бес тәрбиеленушісін асырап алған (фото)

Талқылау