Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балалар жазушысы Өтебай Тұрманжановтың өмірбаяны

Stan.kz ақпараттық агенттігі қазақ кеңес ақыны, прозашы, әдебиеттанушы, фольклоршы, қазақ балалар әдебиеті классикасының негізін қалаушылардың бірі Өтебай Тұрманжановтың өмірі туралы мәлімет ұсынады.

Балалар жазушысы Өтебай Тұрманжановтың өмірбаяны

Белгілі фольклоршы, балалар жазушысы Өтебай Тұрманжанов 1905 жылы 15 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданындағы Жалғызағаш деген ауылда кедей ұстаның отбасында дүниеге келген. Әкесі Тұрманжан көшпенді кедей болғанымен, темірден түйін түйген шебер болған. Отбасын асырау үшін етік тігіп, қамшы да өрген. Қолынан келмейтіні жоқ ұста болды. Тұрманжанның бұл қабілеті ұлы, әрі болашақ жазушы Өтебайға да берілген.

Жоқшылықтың  тауқыметін тартқан Өтебай Тұрманжанов бала кезінде әкесінен дарыған осы өнердің арқасында біраз қиындықтан шығады. Бала Өтебай жалданып жұмыс істеп, ауылдастарының қозы-лағын бағып, күн көрді.

1919 жылдан бастап Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленді. Өтебай Тұрманжановты және сол секілді панасыз, аш-жалаңаш көше балаларын Ғани Мұратпаев бастаған Ташкент комсомолдары жинап, Ташкенттегі мектеп-интернатқа орналастырған. Тұрманжанов балалар үйінде жүріп әріп танып, қолына кітап алды. Адамдық әдепті, өзін ортада қалай ұстау керектігін үйренді. Бұл мектеп-интернат оның келешектегі өмірі үшін шешуші рөль атқарды. Дәл осы интернатта бала кезінде шығарған өлеңін қайта өңдеп жазады. Болашақ жазушы сонда жүріп Ленин комсомолының қатарына кіреді.

Содан кейін Мәскеуде Сталин атындағы Күншығыс еңбекшілеріне арналған коммунистік университетіне түсіп, 1925 жылы бітіріп шығады. Университетте жүріп әдеби үйірмені басқарып, осылай алғашқы әдеби тәжірибесін бастайды.

1926-1928 жылдары Ташкент қаласында Ленин атындағы Күншығыс еңбекшілеріне арналған коммунистік университетте сабақ берді.

1929 жылдан 1930 жылға дейін Орталық-Азиялық мемлекеттік университетінде қазақ-қырғыз тілі мен әдебиетінің оқытушысы болып, онда қазақ-қырғыз әдебиеті кафедрасын басқарды. Ал 1931 жылы Крайкомның шақыруы бойынша Алматыға келді және Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында қазақ әдебиетінен дәріс берді. Жоғары саяси білім алған Тұрманжанов педагогикалық қызметте жүріп, Қазақ мемлекеттік баспасының оқу-әдістемелік секторын да басқарады.

1934 жылдан 1936 жылға дейін «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторының орынбасары болды. 1934 жылдан бастап – КСРО Жазушылар Одағының мүшесі. 1936-1938 жылдары «Әдебиет майданы» журналының редакторы және редактор орынбасары болып жұмыс істеді. 1958-1964 жылдары Қазақ мемлекеттік баспа үйінің балалар және жастар әдебиетінің бас редакторы болып қызмет етті.

30-шы жылдардың соңында Тұрманжанов қуғын-сүргінге ұшырады. 1938 жылдың наурыз айында ұлттық-фашистік ұйымның құрамында деген айыппен қамауға алынды. 1940 жылдың қазан айында КСРО-ның НКВД-нің арнайы жиналысында 8 жылға лагерьге айдауға жіберілді. 1956 жылы ҚазССР-нің прокуратурасымен ақталып шықты.

Бастапқы кезеңде Тұрманжановтың шығармаларының басты тақырыбы Қазақстандағы социалистік құрылыс, азаматтық соғыс кезіндегі халықтың батырлық көріністері және революция жетекшілерін мадақтау болды.

1927 жылы жарық көрген «Қошан кедей», 1929 жылғы «Тез адыммен» және «Таң сыры» өлеңдер жинағының авторы. 1929 жылы Ленинге арналған «Таң өлеңдері» атты қазақ ақындарының өлеңдер жинағының авторларының бірі болды.

Өтебай Тұрманжанов ақталып шыққаннан кейін балалар әдебиетіне көңіл бөліп, кішкентай оқырмандарға арналған 30-дан астам жинақ, повесть, өлеңдер мен ертегілер, мысал, дастандар жазды. Ол қазақ кеңестік балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі ретінде саналады.
Сонымен қатар, қазақ жазушысы аудармамен де айналысты. Пушкин, Лермонтов секілді орыс әдебиетінің классиктерінің Лев Толстойдың балаларға арналған шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады.

Тұрманжанов қазақ халқының ертегілерін жинау және өңдеу саласында да аянбай еңбек етті. Фольклорлық шығармаларды жинап, мақал-мәтелдер жинағын құрастырып, басып шығарды. Оның ішінде 4000 қазақ халқының мақалы мен мәтелі кіретін «Қазақ халқының нақыл сөздері мен мақал-мәтелдері» атты бір томдық кітабын әзірледі. «Еңбек және мектеп», «Қарлығаш», «Карл», «Құрыш құс», «Пулемет» секілді әр жанрдағы кітаптар жазды.

1966 жылы «Бақыт құсы» деген атпен қазақ халқының ертегілері мен мәтелдер жинағы орыс тілінде жарық көрді.

1959 жылы «Қажырлы еңбегі үшін» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.

1964 жылы желтоқсанда туғанына 60 жыл толуына және Қазақ Совет әдебиетінің дамуына қосқан үлесі үшін Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен, 1974 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау