Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балағаттап, қарсы келгендерді қызметінен қуады: Ақмола облысында жұмысшылар басшысынан көрген қысымын жайып салды

Басшылар қарапайым жұмысшылармен дөрекі, анайы сөйлесіп, демалыс күндері заңсыз жұмысқа шығуымызды талап етеді. Қарсы сөз айтқан адамның ізіне түсіп, қызметінен қуады. Ақмола облысындағы құс фабрикасының жұмысшылары осылай деп билікке базынасын айтып отыр. Тіпті, дүйсенбі күні әдеттегідей жұмысқа келгендердің ішінен 65 адамның тізімін жасап, оларды ішке кіргізбей қойыпты.

Балағаттап, қарсы келгендерді қызметінен қуады: Ақмола облысында жұмысшылар басшысынан көрген қысымын жайып салды

Астана іргесіндегі Ақмол ауылында екі күннен бері құс етін өндіретін кәсіпорынның қызметкерлері мекеменің бас ғимаратына жиналып, өздерінің талаптарын қоюда. Айтуларынша, олар жұмыс берушілер тарапынан жасалатын әділетсіздіктермен, кейбір әріптестерінің заңсыз жұмыстан шығарылып жатқанына қарсылық білдіруде. Даудың басы сенбі күнгі демалыста қызметкердерді жұмысқа шығуға міндеттеуден басталған, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Сенбі күні жұмысқа шығуды талап етті. Кесте бойынша демалыс болуы керек еді. Бірақ бұйрық болмаған соң біз шықпадық жұмысқа. Бұл алдын ала келісіп, ескертілуі керек. Біз бірақ бұйрықты көрмедік. Біз сенбіде келдік жұмысқа», – дейді кәсіпорын қызметкері Асылхан Танкенов.

Алайда құс фабрикасының иелері мұны жоққа шығарып отыр.

«Жұмысқа келу керектігін бәрі білді. Бұйрық болмады дегендері сандырақ».

Бұйрықты сұрағандардың басына қазір қара бұлт үйірілген. Олардың сөзін сөйлеп, қолдап-қуаттағандарды да басшылық қуғынға ұшыратып, дүйсенбі күні 65 адамды жұмысқа кіргізбей қойыпты. Кейін райынан қайтып, бар кінәні 4 адамның мойнына ілген. Олардың бір-екеуі бұрын сотқа тартылған дегенді желеу етіп, енді жұмыстан шығармақ. Бірақ компания басшысының бірі Максим Божко қолындағы қағазға әрі бері үңіліп, олардың не үшін істі болғанын айта алмады.

«Мен экономика саласында білім алғанмын. Бапты білмеймін», – дейді «Шаңырақ» компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы Максим Божко.

Даудың басы сенбі күнгі жұмысқа шығуға күштеу ғана емес. Бірқатар мәселе бар. Әсіресе, басшылардың анайы сөзі қызметкерлердің ызасын келтірген.

«Бізге дөрекілік танытады. Адамды үш әріптен тұратын балағат сөз айтып кемсітуге кім құқық берді».

«Неге бізге балағат сөздер айтты? Қалай сөйлеуім керектігін үйрете ме?»

Айтуларынша, дөрекі сөйлейтіндердің бірі осы кісі, компанияның технологі. Ресейден аттай қалап алдырған қол жетпес маман кейінгі кезде мінез көрсете бастаған. Жалғыз технолог емес, оның айналасында жүрген шолақ бенсенділерде жұмысшыларға әңгір таяқ ойнататын секілді.

«Басшылар өздерін тым сондай сезінеді. Бізді құл ретінде көреді. Жұмыс істегенде 8 сағат қана көрсетеді. Біз одан көп істейміз. Ол сағат саналмайды», – дейді кәсіпорын қызметкері Қазбек Қалиев.

Бұдан бөлек, соңғы кездері еңбекақы кешігіп берілетін көрінеді. Бірнеше рет қайталанған. Мұны компания басшысы Божко мырза былайша түсіндірді.

«Әрбір дерек бойынша тексеру жүргізіледі. Еңбекақының кешігуінің бірден бір себебі, кәсіпорынның өнімі мен табысына тікелей байланысты. Біз осы компанияға басшылыққа келгенде жұмысшылар 3-4 айлап жалақы алмаған болды. Біз өндірістің көлемін ұлғайтып, айлықты да өсірдік», – дейді Максим Божко.

Қазір кәсіпорында қызметтік тексерулер жүргізілуде. Осы дауды бастағандардың үстінен полицияға арыз түсірген. Жұмысшыларда қарап қалмай, компания басшыларының үстінен прокуратураға шағымдануда. Қызметкерлердің талабы, бар кінәні мойнына ілген 4 адамды қайтадан жұмысқа алуын сұрап отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау