Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық меценаттар ақшаларын балабақша мен спорт алаңдарының орнына неге мешіт салуға жұмсайды?

Мешіт салушылардың ықылас-ниеті жәй кездейсоқ пайда болмайды, бірі жүрек қалауымен Илаһи аманатты орындау мақсатында іске кірісіп жатса, екіншісі ата-баба аманатын орындауды қолға алады. Үшіншісі халықтың рухани мұқтаждығын орындаушы азаматтар, дейді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының (ары қарай ҚМДБ) өкілі.

Қазақстандық меценаттар ақшаларын неге мешіт салуға жұмсайды?

Соңғы кездері елімізде меценаттардың туған жеріне, басқа да қалаларға зәулім мешіт салып беруі сәнге айналғандай. Бұған дәлел ретінде ҚМДБ ұсынып отырған ақпаратқа сай, бүгінгі таңда елімізде жұмыс жасап тұрған 2605 мешіттің 1300 Алла үйі ғана арнайы типтік үлгіде салынған ғимараттар. Қалғаны түрлі ғимараттардан халық пен меценаттардың ұйымдасуымен ғибадат үйіне айналдырылған мешіттер.

Осы тақырып төңірегінде туындаған сұрақтарға Stan.kz тілшісі ҚМДБ өкілінен жауап алды.

Дін саласы өкілінің айтуынша, елімізде мешітті тек қалтасы қалың азаматтар ғана салмайды.

«Оны қаржылай мүмкіндігі бар немесе бақуатты бірнеше азаматты ұйымдастырып, мешіт құрылысына жұмылдыра алатын – жүрегі Алла деп соғатын, Алла дегенде, өзге істі бір шетке ысырып қоятын, Алла бұйырған намаз, зекет секілді құлшылықтарды ерекше тебіреніспен (жауапкершілікпен) іске асыратын, өлгеннен кейінгі мәңгі өмірдің табысты, жемісті және жеңісті болуы мына өмірде жасаған ізгі амалдармен байланысты екендігіне толық сенетін жанның шаруасы», – дейді ҚМДБ өкілі.

Ал меценаттар неге қаржыларын мешіт тұрғызуға жұмсайды деген сұраққа келер болсақ, діни қоғам өкілінің пікірінше, мешіт салу- ақшасы тасып, оны неге жұмсарын білмей жүргендердің айналысқан ісі емес.

«Елімізде байлық тасығаннан кездейсоқ бой түзей салған мешіт жоқ. Барлығы ұрпақтың амандығы мен елдің тыныштығын ойлап, халықтың иманға ұйып отыруын мақсат тұтқан кең жүректі азаматтардың қолдауымен тұрғызылған. Қазақстанның түкпір-түкпірінде бұрын салынған көне мешіттер, немесе соңғы жылдарда бой түзеп жатқан жаңа ғибадатханалар болсын, бәрі де осындай таза ниетті, ерекше жандардың ұйытқы болуымен салынып жатыр деп айта аламыз.

Мешіт салуға ниет етіп, бұл іске кіріскен жанға нақты не түрткі болғанын бір-екі мысалмен шектеу қателік. Қалталы азаматтың қаржысын мешіт құрылысына жұмсауға тырысуы оның жүрек қалауы. Халық игілігіне қажетті мектеп, аурухана, балабақша секілді екі дүниеде пайда беретін нысандардың салынуына үлес қосып жүрген азаматтар мен Алла үйін салуды қолға алған азаматтардың ниеті бір болғанымен ол ықыласқа жету жолындағы пәрмені бөлек. Сондықтан сұраққа жауап бере келе айтарым, мешіт салу ісі – қазақстандық қалталы азаматтардың барлығына бірдей бұйырған игі іс емес», – дейді маман.

Дегенмен жүректеріне иман ұяталатып, шын ниетпен қаржыларын мешіт тұрғызуға жұмсаған меценаттар бар екен. Діни басқарманың ақпаратына сенсек, қазіргі демеушілікпен салынып жатқан он мешіттің үшеу немесе төртеуін жекелеген қалталы азаматтар тек өзінің жеке қаражатына салады екен.

Бірақ ҚМДБ деректері бойынша, елімізде салынып жатқан мешіттердің құрылысын қаржыландырып жатқан тек меценаттар емес. Кейбір жерлерде ауыл болып қаржы жинап салса, басқа жерлерде орта және шағын бизнеспен айналысып жүрген бірнеше азаматтардың топтасып қаржыландыруымен салынады. Сондай-ақ түрлі салады қызмет ететін ағайындылар немесе әулет болып ұйымдасқан әлеуметтік жағыдайы орта азаматтар да бар.

Сандық статистикаға тоқталсақ, жоғарыда айтқандай жолдармен бүгінгі таңда еліміз бойынша үлкенді-кішілі 150 ге жуық мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Жыл басынан бері еліміздің түкпір-түкпірінде 28 мешіт ашылып, халық игілігіне пайдалануға беріліпті.

Ал бұл мешіттердің құрылыс талаптарына келер болсақ, Қазақстанның барлық облыстарында және өңірлерінде мешіт тұрғызуға ниет білдірген азаматтар құрылысты бастамас бұрын мешіт салу үшін ҚМДБ келісімін алуы міндетті екен.

«Ол үшін облыс өкіл имамының ұсынысы мен мешіт салушы кісінің Бас мүфти атына жазған кепілдік хаты ҚМДБ-ға жолдануы керек, ол хатта мешітті ҚМДБ-ға филиал ететінін, имам мен мешіт аты мәселесін ҚМДБ құзырына қалдыратынын көрсетуі қажет, сондай-ақ нотариалды бекітілген түрде болуы тиіс. Осы құжаттар негізінде Бас мүфтидің мешіт салуға рұқсаты беріледі.

Облыстық жерлерде мешіт салушы азаматпен байланыс орнатып, қажетті кеңес беру мен мешіттің салу тәртібін түсіндіру жұмыстары сол облыстардағы ҚМДБ өкілдіктеріне жүктелген. ҚМДБ бекіткен «Қазақстан Республикасында типтік жобадағы мешіт ғимаратын салудың тәртіп ережесімен» танысып, келіскен мешіт салушы азаматтарға Діни басқарма толық қолдау танытады. Дегенменде мешіттің жерін бөліп, құрылыс нысанын жүргізуге негізгі рұқсатты беретін мемлекеттік мекемелер болып табылады», – дейді ҚМБД өкілі.

Ал меценаттар неге басқа қажетті мекемелерді салуға ат салыспайды деген сұраққа келсек, дін өкілдерінің айтуынша, Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан мектеп, балабақша, аурухана салуды мемлекет өз мойнына алған.

«Мұндай халыққа қажетті құрылыс нысандары ел бюджетінен Республикамыздың жер жерінде салынып жатады. Алайда мешіттердің құрылысына мемлекеттен арнайы қаржы бөлінбегендіктен жекелеген қалталы азаматтар бұл істі өз қолдарына алып жатады. Мешіт салу ісін өз қолына алған меценаттардың мұндай ісі жергілікті билік, жергілікті халық тарапынан, сондай-ақ ҚМДБ-дан қолдау тауып, дұрыс қадам екені ұдайы құпталып отырады.

Сонымен қатар, еліміздің кейбір ауылдарында мектеп, балабақша жетіспеушілігі секілді мешіттердің де жетіспеушілігі көп байқалады. Бар болған жағдайда мешітке келушілердің оған симай жатқандығы тағы бар. Мәселен бүгінгі таңда мүлде мешіті жоқ 700 ге жуық үлкенді-кішілі ауылдар бар. Осы мәселені ескерген қалталы азаматтар мешіт соғуға көбірек тырысады», – дейді ҚМБД өкілі.

Мешіт салудың қаншалықты сауап екенін атап өткен дін өкілі, халыққа қажетті мектеп, балабақша, спорт үйірмелері, аурухана секілді мекемелерді салудың үлкен сауап екені дін қызметкерлері тарапынан уағыз-насихат етіліп мешіт мінберлерінде ұдайы айтылып жүргенін айтады.

«Ислам тарихына көз жүгіртсек ілгері замандарда білім-ғылымның қайнар көзі мешіттерде болған. Ол кездерде арнайы оқу орындары, мектеп, колледж, университеттің арнайы ғимараты болмаған. Білім ізденген кісілер мешіттерге келіп сауат ашып, білім алған. Келе-келе мешіттер жанында мектеп, медреселер ашылып білім беру саласы бүгінгі таңға дейін түрлі жетістіктерге жеткен. Мешітке келіп ғибадат жасау үшін алдымен білім керек. Сондықтан да білім алу Ислам шариғатында бірінші орында тұрады. Осы мақсатта алдымен білім алатын орындар балабақша, мектеп-медресе салудың да үлкен сауап екені ұдайы айтылып, жазылып жүр», – деп сөзін аяқтады ҚМДБ өкілі.

Әрбір азамат қалтасы көтерген жағдайда өзінің ниетіне мен халықтың мұқтаждығына қарай қандай мекеме салуға ат салысатынын өзі білер. Алайда, діни көзқарас жағынан ненің дұрыс және бұрыс екенін біле жүргендеріңіз жөн болар деген мақсатта жоғарғы ақпаратта ұсынып отырмыз.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

 

Талқылау