Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Бала тууды тоқтатпаймын": 13 жасында тұрмысқа шыққан 12 баланың анасы әлі де балалы болғысы келеді

Шымкент қаласының тұрғыны 35 жастағы Айсұлу Жәлелқызы 13 жасында тұрмысқа шығып, бүгінде 12 баланың анасы атанып отырған жайы бар. Дегенмен, бір емес он екі баланың күйін күйіттеп жүрсе де бір баспанаға жарымаған. Жақында ғана отандық телеарналардың бірінде арнайы бағдарламаға шақыртылып, "Қарекет" қайырымдылық қорынан жанашыр азаматтар қолына үйдің кілтін ұстатқан болатын. Көпбалалы ананың бағдарламадан кейінгі өмірі қалай өзгерді? Stan.kz тілшісі дайындаған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. 

 

Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз? Қандай отбасыда тудыңыз? Үйде канша баласыздар? Балалық шағыңыз калай өтті?

Мен, Айсұлу Жәлелқызы, 1984 жылы Иран мемлекетінде Горгон қаласында туғанмын. Балалық шағымда ойнап-күліп, асыр салып ойнамадым. Анамның ісін иіскеп, аялы алақанын сезбедім. Өзімнен кейін інім бар. Үйде екі бала болдық. 
 
Қазақстанға қашан көшіп келдіңіздер? Ол кезде неше жаста болдыңыз? 

Ол кезде мен 8 жаста едім. Есімде нақты ешнарсе қалмаған. Отанымызға 1993 жылы көшіп келдік.
  
Елге қайта оралуға не түрткі болды?

Атамекенімізді аңсап келдік. Әкем қазағымызға, өз жерімізге, өз отанымызға барамыз деп шешті. Солай келдік.

Отаныңызға кайта келгенде көңіліңіз калған тұстары болды ма? Мемлекет тарапынан көмек көрсетілді ма?

Жоқ. Ешқандай өкпе-ренішім жоқ. Өкімет әкеме сол көшіп келіп жатқан қиын-қыстау заманда баспана берді. Алыстан ағайыным деп келгенде жетімсіретпеді. Бірақ әкеміздің екінші рет үйленген адамы бізді алдап үйді сатып жіберді. Әкемді құжаттар судың-жарықтың ақшасына керек деп алдап, қолын қойғызып алған.

13 жасыңызда тұрмысқа шығуыңызға не себеп? Ата-анаңыздың қысымы ма?
Ата-ана тарапынан ешқандай қысым болған жоқ. Әкем өте жақсы кісі еді. Ана орнына ана болып,  керек нәрселерімді сұрап, үнемі қамқорлық танытатын. Анам қайтыс болған соң, әкем жалғыз өзі бізді бағып-қақты. Денсаулығы сыр бере бастаған соң, қыз баласына жалғыз өзіне қиын, ертерек өз орнына қонсын деп ойлап мені тұрмысқа берді. Мені ешкім қинаған жоқ, бәрі өз шешіміммен болды.  

Болашақ жарыңызды бұрын танитын ба едіңіз?

Күйеуім әкемнің жақын досының баласы. Тұрмысқа шықпай тұрып мен күйеуімді көрген де, таныған да жоқпын. Бірақ мен әкемнің шешіміне қарсы келген емеспін.
Балаларыңыз туралы айтсаңыз? Жастары қаншада? Қызығушылықтары кандай? Қанша қыз, қанша ұл? Тағы ана атану жоспарда бар ма?

8 қыз, 4 ұлым бар. Ең үлкені 20-ны алқымдады. Ең кішісі 1 жаста. Егіз қыздарым қолөнерге қызығады. Ал басқаларының қызығушылығы әртүрлі. Бірі ән-биге қызықса, екіншісі сурет салуға қызығады. Құдай қаласа, тууды тоқтатпаймын. Тағы да ана-атану жоспарда бар. Аллаға шүкір, барлық баламның денсаулығы мықты, он екі мүшесі сау. 

"Жағдайдың нашарлығы мен баспананың жоқтығына қарамай бала туа бергені несі" деп пікір білдіріп жатқандарға не деп жауап бересіз? 

Отбасыда жалғыз қыз болып тәрбиеленген соң көп балалы отбасым болғанын қатты қаладым. Осылай бақытты болып жүргенім балаларымның арқасында. Баланы алдыртып тастау - үлкен күнә. Баланы туған күнә емес. Мен өз балаларымды далаға тастаған жоқпын. Бағып-қағып шамам жеткенше өсірдім. Балалардың күлген, жылаған даусын естісем, туа бергім келді. Балаларды жақсы көрем. Бала туудан шаршамаңыздар. Балаларымның күліп ойнап жүргені мен үшін үлкен бақыт!!!

Көпбалалы болудың қызығы мен шыжығы қандай?

Қалай  айтарымды білмеймін?! Шынымды айтсам бала туу мен үшін қиын нәрсе емес. Алла тағала басқа жағынан қиындық берсе де, босануға келгенде жеңілдік берген. Екіқабатпын, аяғым ауыр деп жатып алмаймын, жүгіріп-жүріп жұмыс істеп кете берем. Үшінші баламды босануға толғатып, перзентханаға жеткен кезде көліктің ішінен түсе бергенде аяғымды сындырып шығарып алдым. Содан әуреленіп жүріп, босанатын орынға жетпей босанып алдым. Ал төртінші баламды қонақтан қайтып келе жатқанда көліктің ішінде күйеуім босандырып алды. Осындай қызықты жағдайлар болған. Олардың күлкілерін естігенде бүкіл шаршауымды ұмытып кетемін. 

Баспаналы болдыңыз. Құттықтаймыз!!! Әсеріңіз қалай? Күттіңіз ба осындай сый боларын? Көп балалы аналарға мемлекет тарпынан тағы қандай көмек ұсынылуы керек деп ойлайсыз?

Бұндай сый болады деп күткен жоқпын. Алладан күні-түні баспаналы болуды тілеп жылайтын едім. Енді арманым орындалды. Қазағымның маған жаны ашыған барша азаматтарына алғысым шексіз. Оның ішінде "Қарекет" қорына мың алғыс. Әлі баспанаға қоныс аударған жоқпыз. Сол баспананың ішіне керекті заттарға 5-10 тиын беріп көмектесетін азаматтар болса, тоңазытқыш, кілем секілді тұрмыстық заттар алатын едік. Дәл қазіргі уақытта баспанаға қажетті заттарымыз жоқ. 

Көмек бергісі келетін жандар үшін: 8 (778) 520-15-11

Естеріңізге сала кетейік, 13 жасында тұрмысқа шығып, 14 жаста босанған он екі баланың анасына 5 бөлмелі пәтер берілгенін айтқан болатынбыз. 

 

Автор: Жанна Мәлік

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Загрузка...
Қазір оқып жатыр