Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бақай” тобының “Кім кінәлі” әні өмірде болған оқиға желісімен жазылған болып шықты

“Бақай” тобының мүшесі Бек Шәріп өздері орындап жүрген танымал “Кім кінәлі” әнінің өмірде болған шынайы оқиға желісі бойынша жазылғанын айтты.

image

Бұл туралы әнші “Жастар үні” журналының тілшісі Ай-нұры Ермахановаға  берген сұхбатында баяндап берді.

«Бұл – болған оқиғаның ізімен жазылған ән. Сөзін Айжамал деген қыз жазған. Бір тойда бір жігіт жылап тұрып Айжамалға басынан өткен осы оқиғаны айтып беріпті. Ол үйіне келе сала естігендегі әсерімен бәрін ақ қағазға түсірген. Айжамал менің сыныптасымның әпкесі болатын. 11-сыныпта музыкаға қызығып жүргенімді біліп, досым Айжамалдың өлең дәптерін әкеліп берді. Шынымды айтсам, бұл дәптер менде бес жылдай сарғайып жатты. Сол аралықта Айжамалдың өлеңдерінен ана туралы, «Жаңа жыл» деген әндер жаздым. Бірақ осы «Кім кінәлінің» төрт-бес параққа созылған өлеңін аттап кете беретінмін. «Мұның бәрінен қандай ән шығады?» – деп оқып бітірмей ерініп қоя салатынмын. Ұйқым келмеген бір күні оқып шығып едім, маған қатты әсер етті. Сызылтып айтар ән жазайын десем, өлең тармақтары жетпейді. Рэппен жеткізбесең басқа амал жоқ. Содан осы ән үшін рэп жанрына көшіп кеттім», – деп Бек мырза әннің тарихын баяндап берді.

Естеріңізде болса, осыған дейін аталған әннің бейнебаянына түскен жігіттің әйелі оқиға желісіндегідей асылып қайтыс болғандығы туралы жазылған-ды. Журналистер осы секілді “Махаббат жалыны” атты әнге түсірілген бейнебаянның қайғылы оқиғасы шынайы өмірде қайталануы мүмкін бе деп сұрады.

Бұл туралы «Кинода небір қанішерлерді сомдаған актерлар де арамызда жүр ғой. Ең бастысы, көңілге алмау керек. Ол жігіттің басындағы жайт пен бейнебаяндағы оқиға, бәлкім, сәйкестік, бәлкім, тағдыр. «Кім кінәлінің» бейнебаяны шыққаннан кейін гастрөльдетіп пойыз­да жүргенде үлкен кісілер «жастарға сабақ болатын дұрыс дүние екен» деп алғыстарын жаудырған еді. Негізі, біз бейнебаяндарымызды бір оқиғаға байланыстырып түсіргенді жөн көреміз. Көрген жан титтей де болсын бір ой түйсе екен дейміз», — дейді әнші.

Бұдан өзге әнші арба сүйремесе де, ақшаның тапшылығынан көтерме сауда базарында істеп, тауық етін сатқаны туралы айтты. Қазірдің өзінде отбасымен пәтер жалдап тұратын көрінеді.

Естеріңізде болса, осы уақытқа дейін Бек Шәріптің ұлды болғаны туралы жазған болатынбыз.

Талқылау