Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағасы 15-100 мың доллар тұратын мысықтарды кімдер асырайды

Қазір бағасы көлікпен пара-пар келетін мысық ұстайтындардың қатары көбейіп барады.Бірақ олардыкі не тірлік, құмарлық па, әуесқойлық па? Белгісіз. Не десек те, кішкентай қанден типтес күшіктерді асырайтындар азайып бара жатқан сияқты.

40062037

Бұл туралы Айқын газеті хабарлайды.

Олардың орнын мамық жүнді экзотикалық мысықтар басты дейді білетіндер. Әрине, олардың да аз ақша тұрмайтыны белгілі. Бірақ байларды олардың бағасы қызықтырмайды. Десек те, әлемдегі ең қымбат мысық қанша тұрады?

Десек те, әлемдегі ең қымбат мы­сықтың ауылдағы  қа­рапайым «мияудан» артық­шылығы не? Айырмашылығы шамалы десек те, оның ерек­шелігі – бағасында. Миллиардер мысығын ешкімге тегін бермейді. Бай-манаптың жұмсақ креслосында керіліп жатқан мысықтың құны өте жоғары. Бағасы да қымбат. Бірақ ана ауылдағы мысықтың ар­тық жері жоқ. Бірақ бағулы, кере­нау қимылдап жатқан байдың «мияуы» ауылдағы әріптесін мен­сіне қояр ма екен? Өзіне арналған сусабынмен айына екі-үш рет ваннадағы суға иесі шомылдырып алатын сипаты да, тегі бөлек «марғау мысықтар» бүгін әлемде өтім­ді болып тұр.

Балық аулайтын мысықтар. Олардың салмағы 11-15 келі ша­масында. Денелі, күшті болып келеді. Басы және бет-әлпеті үлкен, мұрны қысқа. Көрінер – көрінбес. Басқа тұқымдастарына қарағанда, шаршай қоймайды, суда еркін әрі батыл жүзеді. Үй жануарларымен тату бірлікте өмір сүргенді жаны қалайды. Онша тереңдікте жүрмейтін су бетіндегі шабақтарды жақсы аулайды. Балық ұстайтын мысықтардың бағасы 4300 доллар тұрады.

«Мраморлық мысық» деп атала­тын бұл «жануардың» сыртқы тұрқы кәдімгі тектестерінен ау­майды. Бірақ олар үйде емес, негізінен, ағаштың басында өмір сүреді. Аса үлкен емес… Бағасы – 5 мың доллар. Ағаш басында тиын аулап, жарқанат, жапалақ, бақа және басқа да жәндіктермен қоректенетін «жануарыңызды» үйге алып келсеңіз, бәрібір далаға қашып кетеді деген ой тумауы керек.

Мамық жүнді мысықтар аты айтып тұрғандай, әдемі болып келеді. Жүні жұмсақ, адамға жылы әсер қалдыратын олардың бағасы 5500 доллар шамасында. Оны үйге үйрету қиын емес. Жаны адамға жақын. Денесінің ұзындығы 65-95 сантиметр шамасында болады.

«Манул» деп аталатын мияу­дың өзгелерден ерекшелендіріп тұратын қасиеті бар. Оның денесі мықты, жүні де өте тығыз, маман­дардың айтуына қарағанда, бір шаршы сантиметрде 9 мың шашқа дейін болады. Жүнінің ұзындығы 7 сантиметрге дейін барады. Өзі аталас тұқымдастардың ішіндегі ең мамық жүнді болып келеді. Өте асықпай жүретін әрі баяу қоз­ғалатын бұл жабайы жануар парсы мысығымен шағылыс­тырудың нәтижесінде пайда болған деген дерек бар. Бұл сирек кездесетін мысықтардың тұқымына жатады. Көп тумайды. Сондықтан да бо­лар, бағасының жоғарылығы. «Мы­сық базарда» оның бағасы 9 мың долларға дейін барады. Бағасының «Каракал» деген атауы бар мы­сықты Үндістанда «Кішкентай гепард» деп атайды. Үйде емес, негізінен, ен далада тышқан, басқа да кішкентай жәндіктерді ау­лап, қоректенетін бұл мысықты тек адамдар үйде торда ұстайды. Бә­рібір өзінің кең жазира даласына кетіп қалаты­нын білсе керек. Жазықта өмір сүре­тін мия­уың бостандықты аңсай­тын шы­ғар. Десек те, оның бағасы қымбат, 10 мың доллар шамасында. Байлар «Каракалды» атақ, абырой үшін ғана үйде ұстаса керек.

«Маргай» деп аталатын мы­сықтың бағасы – 11400 доллар. Мұны негізінен, Оңтүстік Амери­каның адамдары ұстайды. Құй­рығы мен денесінің ұзындығы 1,2 метр шамасында. Мысық деуге келмейтін бұл жануарыңыз тиын секілді ағаштан-ағашқа секіріп, ойнақ салып жүреді. Мұны да үйде ұстайтындар бар. Олар күніне 0,3-0,8 келі ет жейді.

Салмағы 15 келіге жететін, құй­рығының ұзындығы 60 сан­тиметрге баратын «Саваннаның» денесі өте ірі. Мойны мен аяғы ұзын, құлағы дөңгелек пішіндес болып келетін бұл мысық ма­мандардың бағалауынша, өзінің интеллектімен ерекшеленеді. Басқа тұқымдастарымен салыс­тыр­малы түрде қарағанда, кез келген жағдайға бейім келеді. Бұл тұқым­дастар өте белсенді, қарны тойса, басқалар секілді марғау кейіпте ұйықтап жатпайды. Адамдар се­кілді таза ауаны жақсы көреді. Судан қорықпайды, басқа үй жа­нуарларымен тез үйренісіп кетеді. Оған секіріп ойнайтын жер көбірек керек. Бағасы да жақсы, 15 мың долларға дейін барады.

«Жоффруа» деп аталатын мы­сықты байлар оның терісі мен әдемі бай көрінетін жұмсақ жүні үшін аулайды. Балық пен ұсақ жәндiктермен қоректенетін бұл жануар жер бетінен жоғалып кете де жаздаған. Өйткені өзінің биз­несі үшін, ішік пен тонға және пальтоның жағасына орнатыл­ған жұмсақ жүні талайдың көз құрты болды. «Жоффруаның» бағасы – нарықта қазір 20 мың долларға тең келіп тұр.

Панамада «Ягуарунди» деп аталатын мысық бар. Мұны ең бірінші Панамаға келген үндістер қолға үйреткен. Қазір панама­лықтар жер жүзінде алғашқы мысық өз аумағында өмір сүргенін мақтанышпен айтады. Кәдімгі мысықтар секілді ол 15 жыл өмір сүреді. Бағасы – 24 мың доллар.

«Тойгер» атты мысықтың бағасы – 100-200 доллар шамасында. Сыртқы тұрқы жолбарысқа ұқсайтын «Тойгерді» қазір селекционерлер дамыту үстінде. Әлемнің басқа елінен 2008 жылы Ресейге әкелінген мысық қожайынына берілген деп есептелінеді. «Мейнкун» атты мысықтың басқалардан ерекшелігі, оның үлкен болып келуінде. Салмағы 17 келіден асады. Оның жүні ұзын, мамық. Элиталық мысық ретінде саналатын «Мейнкунны»ң бағасы – 1700-2500 доллар шамасында. Әлемдегі бағалы мамық жүнділердің қатарында канадалық «Сфинк»с тұр. Оның бағасы – 3 мың доллар. Мамандардың айтуына қарағанда, оған айрықша күтімнің керегі жоқ. Басқалардан ерекшелігі, оның жүні болмайды. Бүкіл денесі жалаңаш тері. Алайда жүнсіз болса да, ол суыққа төзімді» дейді мамандар. Оның терісі ылғи ылғалданып, терлеп жүреді. Сондықтан оны үнемі суға түсіріп, жуындырып тұру керек екен. Орыстың көгілдір мысығы 3500 доллар тұрады. Олар балалармен де жақсы ойнап, үлкендердің де қасында жүреді. Тіпті орыстың бұл көгілдір мысығы басқа да үй жануарларымен тату-тәтті өмір сүретін көрінеді. Ал «Петерболд» атты мысықтың ерекшелігі, олар үйді былғамайды. Қожайынының айтқанын бұлжытпай орындайды. Кішкентай балалармен ойнағанды жақсы көреді, үлкендердің еркелеткенін сүйеді. 5 мың доллар шамасында тұратын бұл мысықтың бұлшық еттері қарулы болып көзге айқын көрініп тұрады екен.

Парсы мысығының бағасы әртүрлі, білетіндер 1-6 мың доллар аралығында дейді. Сыртқы пішіні жөнінен басқалардан ерекше мейірімді көрінетін бұл мысық арғы тарихтан бастау алады. «Аллерка» атты мысық 7 мың доллар тұрады. Мамандар оны генетикалық ерекшелігі үшін құрмет тұтады. Зерттеушілер оны адамда болатын аллергиялық аурулардың күшін жоятын қасиеті бар деп есептесе де, осы күнге дейін ол нақтыланған жоқ. Бенгал мысығы сыртқы пішіні жағынан өте сұлу көрінетін ол азиялық леопард тектес мысықпен будандастырылған дейді мамандар. Бағасы да бас шайқатарлықтай, 3-25 мың доллар аралығында.

 

Мысықтың бағасы артқан сайын оның ақылдылығы да айқын көріне ме? Бұл болжам енді артық сияқты. Ашера есімді мысықтың бағасы – 15-100 мың доллар шамасында. Оның салмағы 14 келі, тіпті биіктігі кейде 1 метрге дейін баратын көрінеді. Әлемдегі ең алып мысықтардың бірінен саналатын ол мейірімді, дәулеттілер онымен көшеде қыдырыстап жүргенді ұнатады екен.

Жалпы, әлемде мысыққа қатысы наным-сенім өте көп. Мысалы, орыс халқы жаңа үйге қоныстанбас бұрын пәтерге алдымен мысықты жіберетін болған. Ескі наным бойынша жаңа үйге алдымен мысық кірсе, ол алдымен қара күштерді тазартады деген сенім болған. Шындығында солай ма, ол жағы белгісіз. Десек те, мысықта тылсым күштерді көре білетін қасиет бар деген пікір бар. Ол теріс энергиясы бар жерде көп жатады дейді кейбіреулер. Кей-де адамның алдын қара мысық кесіп өтсе, «жолым болмайды» деп шапкісін теріс қаратып жүретіндерді немесе өзі үш рет айналып барып жолға шығатындарды да көрдік. Бұл қаншалықты ақиқат? Десек те, алдыңды кесіп өткен мысық саған қауіптің барын білдіреді немесе сол әрекеті арқылы өзіңді сол қиындықтан арашалап алғысы келеді деген де наным бар. Қалай айтқанда да сақтанып жүргенге ештеңе жетпейді.

szh.kz сайтының ақпаратына қарағанда, мысықты қолға үйрету 5 мың жыл бұрын басталған. Үй мысықтарының арғы тегі – Либия мысығы. Ертедегі Египетте мысық қасиетті хайуан деп есептелген, өлгенде бальзамдалып, саркафагта жерленген.

Жалпы, мысықтың қасиеті туралы әңгіме көп. Олар ең алдымен адамды қара күштерден қорғайды. Жүйкесі сырқат жандарды сауықтырады. Оның тағы бір қасиеті, қалай лақтырсаң да, жерге аяғымен түсетіндігі. Мұны мамандар мысықтың аяғының мықты серіппелік және жайлы қонатын қасиетінің барымен түсіндіреді. Бірақ шын мәнінде солай ма, оны терең ашып, ешкім айта алған жоқ.

Жалпы, өткен тарихқа көз салсақ, мысыққа қатысты қызықты оқиғалар жеткілікті. Мысалы, Брежневтің қара мысығы оны екі рет ажалдан аман сақтап қалған деседі. Мына бір дерек қаншалықты ақиқат, оны сәуегейлер анықтай жатыр. Дегенмен, алғашқы оқиға тұсында Бас хатшының қара мысығы оны айналсоқтап шықпай қойыпты. Мұны сезген Брежнев өз орнына емес, көлігіндегі басқа орынға жайғасыпты. Жолда көлік апаты болып, артқы орындықта отырған адам қатты жарақат алған көрінеді. Екіншісінде осыған орайлас оқиға орын алған. Мысық аяғына оралып жібермей қойған соң Брежнев жұмысқа бармай қойған. Ал жолда оның қызметтік көлігі жүк машинасымен соқтығысқан. Тіпті оның қара мысығы өлген соң Брежневтің өзі де дүниеден өтті деген аңыз бар. Ал кейбіреулер мысықтың әлсіз, аурушаң адамға қуат беретінін айтады. Оны сипалаған адам жүрек сырқатынан жазылады деген де ақпар бар. Өйткені мысықтың мамық жүні арқылы адамның саусақтарына әлсіз ғана тоқ іспеттес қуат беріледі екен. Ол адамның жүйке және жүрек талшықтарына беріліп, оны қуаттандыратын көрінеді. Мысықтың мияулаған дауысы адамның иммундық жүйесін күшейтеді деген де дерек бар. Ал медицинада бұл қаншалықты дәлелденді, ол жағы енді беймәлім. Бірақ біз мысықты тек қана тышқан аулағаны үшін ғана жақсы көреміз деу енді ыңғайсыз. Ағылшынның кейбір дәріханаларында ауруды жазатын мысықтар сатылады. Жалпы, мысыққа қатысты деректер әртүрлі және қызғылықты. Кейбір мамандар мысықтар адамдардың назарын өздеріне аударту үшін ғана мияулайды деген ақпар таратады. Кім біледі, мүмкін солай шығар. Бірақ үйге кіргісі келсе де, далаға шыққысы келсе де мияулап, есікті тырмалайтыны бекер емес қой. Демек, мысықтың мияуында мән бар.

Десек те, мамандар мысықтың соқыры жұқпалы аурулармен жиі ауыратынын айтады. Олар ауырғанда көздері жасаурап, ыстығы көтеріледі, лоқсиды. Оның ауыр түрлері мысықтың өліп кетуіне әкеліп соқтырады. Мысықтан адамға жұғатын қауіпті аурулар көп: құтыру, қотыр жара, қышыма. Сол себепті жыл сайын құтыруға қарсы мысыққа вакцина егіледі.

Әрине, мысықта да мысық бар. Ақиқаты, дәулеті тасығандар алмаса, қазаққа бағасы қымбат «Жоффруа» да, «Саванна» да, «Маргай» да, «Каракалдың» да керегі шамалы. Өзіміздің үйдегі «мияуға» ештеңе жетпейді.

Жіберіп алмаңыз:

Тотықұс мысықтармен «мияулап» сөйлесті (видео)

Семіз мысық арықтау үшін бассейнде жүзіп жүр (видео)

Мысық 60°С жылдамдықпен кір машинасында айналғаннан кейін тірі қалды

Талқылау