Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бүгін қазақ қыздарының арасында тұңғыш Олимпиада чемпионы шыға ма?

Бүгін Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан қыздар арасында 69 келіде өнер көрсететін Жазира Жаппарқұл жарыс жолына шығады. Жерлесімізге басты қарсылас қытайлық Янмей Сян саналады. Букмекерлік кеңселер Сян жеңеді деген 1,35 коэффицент берсе, Жазираның мүмкіндігін 3,8 коэфицентке бағалап отыр. Егер Жазира чемпион болса, онда Олимпиада ойындарында чемпион атанған алғашқы қазақ қызы атанады.

жазира2

Бұл туралы Baq.kz  жазды.

Жазира Жаппарқұл 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданында дүниеге келген. Жазираның ата-анасы Әбдірахман мен Күләйхан ұзақ уақыт ұл баланы армандаған екен. Бірақ Жаппарқұлдардың отбасында тек қыздар туған. Алдымен Қарлығаш, кейіннен Сандуғаш, Эльмира, Ұлбала, Ұлболсын, Жазира жарық дүние есігін ашқан екен. Біздің кейіпкер отбасының ең кенжесі.

«Мен үйдің ең кенжесімін. Сондықтан үй жұмыстарына араласа қоймайтынмын. Барлығын әпкелерім істеді. Олар мен еркелететін. Анам мені жеті айлығымда туған екен. Бала кезімде футбол ойнағанды жақсы көретінмін. Жалпы ойындардың барлығын жақсы ойнайтынмын. Ұл балалардан еш қалыспайтын едім. Ал төртінші сыныптан бастап, қуыршаққа қызығушылығым оянды. Әлі күнге қуыршақты жақсы көремін. Менің жиендерім өте көп. Соларға сатып алған болып, өзім ойнап кететін кездер болады. Шымкенттегі үйдегі ойыншықтар өте көп», – дейді Жазира.

жазира1

Өзінің айтуынша ауыр атлетикамен 8 жасынан бастап айналысқан.

«Біздің Арыс қаласында ауыр атлетиканың үйірмесі бар болатын. Мектепте оқып жүргенде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дүйсебек Құрманов мені осы спорт түріне қатысуға үгіттеді. Алғашында үйдегілер бірден қарсы болды. Кейіннен Дүйсебек ағаның араласуымен рұқсаттарын берді. Ауылдағы спорт залында құрал-жабдықтар өте аз болды. Зілтемірді көтеретін сәтте алдын ала кезекке тұруға тура келетін. Сондықтан бапкеріміз екеуіміз ақылдасып, 2007 жылы Шымкент қаласына ауыстым», – дейді спортшы.

Облыс орталығына ауысқан кезде жаттықтырушы Рашит Төлегенов өз қызындай қарап, зор қамқорлық танытыпты. Бапкерінің үйінде тұрып, гимназияда оқиды. Жазира ағайын тіпті «әке» деп атап кеткен көрінеді. Әлі күнге осы бапкермен бірге жұмыс істеп келеді.

Шымкентке келген соң 58, 63 келі салмақта Қазақстан чемпионы атанады. Ал 2010 жылы Сингапурде өткен тұңғыш жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында топ жарды. Бұл жетістігі оның халыққа танылуына септігін тигізді. Ол кезде 63 келіде өнер көрсетті. Қос сайыстың қорытындысы бойынша 205 келіні еңсерді. Жұлқада 90, серпеде 115 келіні бағындырды. Осы жеңісінен кейін Энвер Түркелеридің тобына қосылады. Халил Мутулудан бастап, Илья Ильиндерге дейін саңлақтарды тәрбиелеген тәжірибелі маманға жас спортшының аяқ алысы ұнайды.

2011 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының жұлқа көтеру сайысында кіші күміс жүлдені иеленеді. Ал серпеде үш мүмкіндігінде пайдалана алмады. Бәлкім қобалжыған болар. Өйткені, ол кезде Жазира 18 жасқа да толмаған еді. Арада бір жыл өткенде сол қателігінен сабақ шығарып, Гватемаладағы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде чемпион атанды. Қос сайыстың қорытындысы – 239 келі (106+133). 2013 жылы Жаппарқұл жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына тағы да қатысты. Бірақ бұл жолы қытайлық Ксинь Вангке жол беріп, екінші орын алды.

Ал 2011 және 2013 жылы ересектер арасындағы әлем чемпионатында жүлдеге іліккен жоқ. Дегенмен кілең үздіктер қатысатын біріншіліктің атмосферасын сезініп,өзіне қажетті тәжірибені жинады.

Жазира өзінің қаншалықты тегеурінде спортшы екенін 2014 жылы Алатау баурайында өткен әлем чемпионатында көрсетті. Алматыда ол жұлқа көтеру сайысын 113 келімен бастады. Одан кейін 118 келіге тапсырыс бергенімен көтере алмайды. Тек үшінші мүмкіндігінде ғана бағындырды. Серпе көтеру бәсекесінде 144 келіні көтеріп, қос сайыстың қорытындысы бойынша 262 келімен күміс жүлдеге ие болды.

Осы әлем чемпионатынан бір жыл бұрын яғни 2013 жылы Мьянмадағы жастар арасындағы Азия чемпионатында жерлесіміз Солтүстік Корея өкілі Рио Ен Хюдан 30 келіге қалып қойған еді. Алматыда кореялық спортшы нәбәрі екі келіге ғана оза алды.

жазира

«Қобалжу болған жоқ. Алматыда өзімді жайлы сезіндім. Әрине алтын алғым келген болатын. Бірақ күміске де көңілім толды. Барға қанағат. Осы жетістігіме алғашқы бапкерім Дүйсенбек Құрманбеков ағайымның сіңірген еңбегі орасан зор. Мен бұл әлем біріншілігіне 4 ай бойы үздіксіз дайындалдым», – дейді Жаппарқұл.

Жалпы Жазираны тізеден алған жарақаты жиі мазалайды. Тіпті Алматыдағы әлем чемпионатында да жарақатымен өнер көрсеткен. Өзінің айтуынша, жарысқа бір күн қалған кезде, белі сыр беріпті. Әйтеуір омыртқасы шыққанда салып берген Омар ағайының арқасында Алматыда өнер көрсетуге мүмкіндік алған.

Ол Алматыдағы күміс жүлдесі кездейсоқ емес екенін өткен жылы Хьюстондағы әлем чемпионатында да дәлелдей білді.

АҚШ жеріндегі чемпионатқа 69 келіде Жазира Жаппарқұлдан бөлек, Олимпиада чемпионы Майя Манеза барған еді. Бірақ Жазира Майядан 21 келіге озып кетті. Бұл салмақта бас жүлде қос сайыстың қорытындысы бойынша 263 келіні көтерген қытайлық Сян Янмейге бұйырды. Жаппарқұл 256 келімен екінші мәрте күміс жүлдегер атанды.

Мұхиттың әр жағында өткен әлем чемпионаты туралы Жазира «Оңтүстік Рабат» газетіне берген сұхбатында тілші Әділхан Абайұлына толығырақ айтып беріпті.

«Бұл біріншілікке екі апта қалған кезде білегімнен жарақат алдым. Бапкерім Нью Славик екеуміз қатты уайымдадық. Себебі, мен басқа елде де биік белесті бағындыра алатынымды көрсеткім келетін. Иә, Алматыда өткен әлем чемпионатынан кейін мен осындай ойда жүрдім. Өйткені, мені «Өзімізде өткен соң күміс алды» дегендер де болды. Осылай айтқандарға мүмкіндігімді дәлелдегім келді. Әрине, оларға мен өзім үшін ренжігенім жоқ. Тек, көкейімде «Қазақ қазақты неге көре алмайды?! Қазақтың қазақтан басқа қамқоры жоқ қой! Неге осыны түсінбейді?!» деген реніш болды. Білегімді қанша емдеттім. Бірақ, ешбір көмегі болмады. Сөйтіп, өзіме «кері шегінер жол жоқ. Қолым сынса да, сайысқа қатысамын» деп шешім шығардым.

Ел құрамасының бас бапкері Алексей Ни дайындық кезінде «ауырып тұр ма? Шыдай аласың ба?» – деді. Мен «Сонау Қазақстаннан еліміздің абыройын арқалап келдім. Әрине, шыдаймын» деп жауап бердім. Бас бапкер жұлқа көтеруде 110 келіден бастағысы келді. Ал, мен 112 келіге тапсырыс бердім. Ол салмақты еңсердім. Екінші ұмтылыста 116 келіні көтергеніммен, дайындық кезінде бағындырып жүрген 120 келіні еңсере алмадым. Жарақатым оған жол бермеді. Серпе көтеру кезінде Алексей Ни «135 келіден бастайық» – деді. Ал мен жаттығу кезінде 153 келіге дейін көтеріп жергендіктен, не болса да 140 келіден бастауды жөн көрдім. Өкінішке қарай, ол салмақ маған бағынбады. Зілтемірді жоғары қарай көтерген мезетте, білегімдегі сіңір тартылып қалды.

Сөйтіп, бірінші мүмкіндікті жоғалттық. Бапкерлерім сөккен жоқ. Керісінше, мені қолдай түсті. Іштей «екінші мүмкіндігімді пайдалана алмай қалсам, не болады?!» деп, қатты уайымдай бастадым. Оны ойланудың өзі қорқынышты еді. Бір мезет есімді жиып, «осы жерде намысты қолдан бермей, қалай да өзімді дәлелдеймін» деп, нағыз сыналатын кез келгенін сезіндім. Зілтемірге жақындай түстім. Хьстонда тұратын қандастарымыз мені қолдап, шулап жатыр. Зілтемірді мойныма дейін көтердім.

Енді соңғы әрекетті жасауым керек. Сол сәтте ОҚО спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев ағамыздың айқайын естідім. Тура алдымда қарама-қарсы тұр. «Сенің қолыңнан келеді! Саған сенемін!» деп, қолдау көрсетіп жатыр. Денем шымырлап кетті. Бойыма ерекше күш бітті. Бар күш-жігерімді жинап, зілтемірді басымнан асырдым. Нәтижесінде, еліміздің мерейін үстем етіп, күміс жүлдегер атандым. Алайда, мен өзімді әлі де болса мүмкіндігімді толық пайдаландым, биік белеске шықтым деп есептемеймін. Яғни, көздеген мақсаттарым әлі орындала қойған жоқ», – дейді ауыр атлет.

Әлем чемпионатында екі мәрте күміс жүлде алған тұңғыш қазақ қызы енді Олимпиада ойындарында топ жарған алғашқы қазақ қызы атанғысы келеді. Өз кезегімізде біз Жазираға сәттілік тілеп, арманы орындалсын дегіміз келеді.

Бек ТӨЛЕУОВ

Талқылау