Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бүгін қазақстандық спортшылар Рио Олимпиадасында спорттың жеті түрінен сынға түседі

Бүгін Риодағы Олимпиада ойындарында отандастарымыз спорттың жеті түрінен сынға түседі, -деп хабарлайды Sports.kz сайты.

олимпиада

Астана уақытымен сағат 18:00-де пневматикалық винтовкадан оқ ату сайысының іріктеу кезеңінде Юрий Юрков бақ сынайды.

Сондай-ақ кешкі алтыда садақшылар жарыс жолына шығады. Ерлер арасында – Сұлтан Дүзелбаев, ал әйелдер арасында Луиза Сайдиева ел намысын қорғайды.

18:30-дан бастап академиялық ескек есуден Светлана Германович пен Владислав Павлов тартысқа түседі.

Сағат 19:00-де 73 келіге дейінгі салмақта дзюдошы Дидар Хамза татамиге шығады.

Түнгі 22:10-да есу слаломынан жарыстар басталады. Бұл бәсекеде Екатерина Смирноваға үміт артамыз.

Бұған қоса Олимпиаданың үшінші күнінде үш боксшымыз шаршы алаңға шығады: 2:00-де – 49 келі салмақта Біржан Жақыпов, 3:30-да –75 келі салмақта Жәнібек Әлімханұлы, ал 4:00-де – 91 келі салмақта Василий Левит ел намысын қорғайды.

Жарыс күнін 62 келі салмақта сынға түсетін ауыр атлет Фархад Харки тәмамдайды.

Рио Олимпиадасына 28 спорт түрінен 206 мемлекет пен босқындар командаларынан 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Байрақты бәсекеде 306 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

XХXI жазғы Олимпиада Рио-де-Жанейро қаласында 5-21 тамыз аралығында өтеді.Төрт жылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғайды.

Ойындарды отандық үш телеарна көрсетеді: «Kazsport», «Хабар» және «Қазақстан».

 

Талқылау