Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айсұлтан футбол нәтижесіне келіскен екі азаматтың әңгімесін жариялады (аудио)

Айсұлтан Назарбаев өзінің футбол ойынының есебіне келіскен қос азаматтың телефон арқылы сөйлескен жазбасын жариялады. Оның болжамы бойынша, бұл Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) вице-президенті, атқару комитетінің мүшесі әрі «Ордабасы» командасының бас бапкері Бахтияр Байсейітовтің ҚФФ-ның экс-бас менеджері, бүгінде «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Дмитрий Васильевпен арада болған әңгімесі.

Безымянный
“Сіздер бұл жазбаны тыңдап не ол туралы естіген де боларсыздар. Қазақстан футбол федерациясының бұл жаңалығы Рио Олимпиадасы жаңалықтарынан да асып түсті. Жазбада адамдардың дауысы анық естіледі. Дегенмен қорытынды шығаруға асықпаймын – 1% болса да мұның фейк екендігіне үміт бар. Адамдарды кінәлауға біздің құқымыз жоқ», – деп жазады Айсұлтан Назарбаев Facebook желісіндегі парақшасында.

Жазба бойынша әңгімелесушінің бірі (Айсұлтанның нұсқасы бойынша – Байсейітов) екіншісіне келесі ойында оның командасы 3 ұпайға ие болуы керектігін айтады. Қос тарап та сыпайылық ережелерін сақтаған.

«Қазір өзі сондай уақыт, жігіттердің барлығы маған: «Сіз кепілдік бергенсіз, ал біз ақшамыздан айырылдық», – деп айтады. Қазір есептесем, 350-360 доллар жоғалтқан екенбіз. Мен енді оларға не деуім керек? «Васильев 3 ұпайға ие болатынымызға уәде берді», – дедім», – деп айтқан екі адамның бірі.

«Иә, иә, дұрыс», – деп жауап берген екіншісі.

Айсұлтанның пайымынша, егер жазбадағы мәлімет расталса, құқық қорғау органдары шұғыл түрде іске кірісулері керек.

«Егер бұл шынайы жазба болатын болса, құқық қорғау органдарының жазбада айтылған әр сөзді тексеруін талап етем. Кейіннен бұл жағдайға: «Бас прокурор досыммен сөйлестім. Ол менен – Қалауың не, Ерлан?» – деп пікір айтылуына біздің қызмет жол бермейтініне кәміл сенемін», – деп жазады Айсұлтан Назарбаев.

Президенттің немересі ҚР құқық қорғау органдарының басшылығында отырған барлық азаматтардың ҚФФ-ның қадірлі президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін есіне салып қана қоймай, бұл жағдайдың ұлттық футболға ғана емес, еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделіне нұқсан келтіруі мүмкін екендігін атап өтті.

Айсұлтан Назарбаевтың пікірінше, ведомствоаралық комиссия Васильев пен Байсейітовтен бастап, барлығынан, яғни «Ордабасы» мен «Ақтөбе» командаларының барлық қызметкерлерінен, ойыншыларынан, төрешілерден, сол ойынның ресми тұлғаларынан, төрешілер корпусы басшыларынан, ҚФФ-ның түрлі деңгейдегі басшыларынан және ҚФФ президенті Ерлан Қожағапановтан жауап алуы тиіс.

“Комиссия, ең алдымен, жазбаның шынайылығын анықтап, бірнеше сұраққа жауап беруі тиіс. Объективті түрде тергеу жүргізу үшін бірнеше беделді еуропалық компанияның қызметіне жүгіну керек. Олардың қызметін өз қалтамнан төлеуге дайынмын», – деп мәлімдеді Айсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, ол тергеу барысында комиссияның ҚФФ-ның және еліміздегі барлық бюджеттік клубтардың қаржылық аудитін толық тексеру керектігін айтты. Оның пікірінше, бюджеттің ашықтығы – бос әңгіме.

“Құқық қорғау жүйесінің елдегі ұлттық футболды бір дегеннен тазартқаны туралы әлемдік футболдан бірнеше мысал келтіруге болады. Әрине, ауыр тиеді, алайда мынадай лас істе бізге бұл керек. Өйткені дәл қазір ҚФФ ұлттық бюджетке лас қолын сұғып, неше жылғы тарихында бюджеттен «ең ірі балықты» алмақшы», – деп аяқтады жазбасын Айсұлтан Назарбаев.

“Ақпарат расталмайынша, біз ешқандай да жауап бермейміз. Ондай алып-қашпа әңгімелерге түсініктеме бермейміз, фейк жазба болуы да мүмкін», – дейді «Ордабасы» ФК-ның баспасөз хатшысы Ихсан Қадыров.

Ал «Ақтөбе» ФК-сы бұл жазбаның фейк екендігіне сенімді.

«Біздің бас директорымыз Дмитрий Васильев ғаламторда пайда болған жазбаның фейк екенін және мұның бір арандатушылық екенін мәлімдеді. Ол, тіпті, бұл сандыраққа түсініктеме берудің өзі артық деп санайды», – деді «Ақтөбе» футбол командасының баспасөз хатшысы Игорь Елащук.

Айсұлтан Назарбаев бұған дейін де отандық футболды қалай дамыту керектігін жақсы білетінін және Қазақстан футбол федерациясын басқаруға дайын екенін бірнеше рет айтқан еді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы, жастық шағы

Талқылау