Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айнұр Ниязова: Жұрттың жүрегін айнытатындай танымал болудан қорқамын (фото)

Айнұр Ниязова өнер сүйер қауымға арнап кішігірім ән кешін өткізді. Аталған кеш барысында актриса қонақтармен әртүрлі тақырыпта әңгімелесіп, өмірлік ұстанымдары мен арман-мақсаттары туралы айтты.

3E0A8986

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Шілденің 21-і күні ART Lane мәдени кеңістігінде Лекторий.kz  жобасының ұйымдастыруымен Айнұр Ниязованың жеке ән кеші өтті. Аталған кешке тыныштық пен жанға жайлы әуенді сүйетін қауым жиналды. Олар Айнұр Ниязованың орындауындағы әндерді жанды дауыста тыңдап, актрисаны жаңа қырынан таныды. Еркін форматта өткен кеште актриса қонақтардың барлық сұрағына жауап беріп, сырын бөлісті.

– Фильм түсірсеңіз ол не туралы болатын еді?

– Көп уақыттан бері фильм түсіргім келіп жүр. Қиялымда өмір сүріп жатқан образдар мен сценарийлер өте көп. Ал түсіретін болсам, шағын аудиторияға арналған, авторлық туындыны қолға аламын. Әзірге ешнәрсе айта алмаймын. Мен шындап кіріскен кезде барлығын білетін боласыздар. Оның фестивальді кино болатыны анық.

3E0A9012

– Жуырда сіз бірге жұмыс істеген Ермек Тұрсыновтың авторлық кеші өтті. Бұл режиссермен бірге жұмыс істеу сізге ұнады ма? Тұрсыновтан өзге қандай режиссерлермен жұмыс істеп көргіңіз келеді?

– Ермек Тұрсыновпен жұмыс істеу қиын болар деп ойлаған едім. Алайда бұл ойым қате болып шықты. Оның үстіне мен басты рөлді сомдамағандықтан, түсірілім жұмыстары бірнеше күнге ғана созылды. Түсірілім барысында бір ғана нәрсе маған қиындық тудырды. Ол – 10 кг-ға арықтауым керек деген шарт. Астанада арықтап, кейін Алматыға оралдым. Келгенімде мені көп адам танымай қалды. Туған-туысқандарымның жаны ашып, көбірек тамақ ішуге кеңес берді. Тіпті “Саған қарау мүмкін емес” деп айтқан кездері болды.

Ал бірге жұмыс істегім келетін режиссерлерге келсек, әлемдік деңгейдегі мамандардың картинасынан бой көрсеткім келеді. Мысалы, Мартин Скорсезе. Ал, отандық режиссерлер туралы айтсам, мен олардың көбісімен жұмыс істеп көрдім: Ақан Сатаев, Ермек Тұрсынов, Эмир Байғазин.

– Сұхбаттарыңыздың бірінде танымал болудан қорқатыныңызды айттыңыз. Сонда сіз үшін танымалдылықтың шыңы не?

– Танымалдылықтың шыңы – қайда жүрсең де ел әр басқан қадамыңды аңдып, барлығының аузында болу; жанкүйерлеріңнің өзің туралы түрлі плакат пен билборд жазуы. Мен осыдан қорқамын. Себебі, осылайша біреулерді жалықтырып та жіберуің мүмкін. Кейде сен туралы естігісі келмей, жүректері айнитын кездер де болады.

Әлеуметтік желіде немесе интернет беттерінде өзім туралы жазылған дүниелерді ерінбей ашып оқимын. “Маған сіз кімсіз?”, “Сізді мүлдем танымаймын”, “Бұл кім өзі?” деп айтып жатады. Осыдан кейін ұмтылар асуымның әлі алда екенін сезініп, қуанып қаламын.

3E0A9015

– Денеңіздегі 3 татуировка ненің белгісі? Олар нені білдіреді?

– Менің тәнімде 5 татуировка бар. Уақыт өте келе оларды көбейте беретін шығармын. Мына бір иығымдағы татуировка – жастық шағымның қателігі. Өзімді жастайымнан музыка саласының адамы ретінде елестетінмін. Сол себепті жасөспірім шағымда иығыма осы бір нотаның суретін салдырдым. Бірақ қазір өкінемін. Себебі, түсірілім кезінде көп жайсыздық тудырады. Бетіне қабат-қабат бояу жағуға тура келеді. Бұдан өзге “888” деген татуировкам бар. Бұл менің туған күнім – сегізінші тамыз, сексен … жыл дегенді білдіреді. Яғни, олардың әрқайсысының өміріме тікелей қатысы бар.

– Ертегі оқығанды әлі күнге дейін жақсы көресіз бе? Сүйікті кейіпкеріңіз туралы айтып өтсеңіз.

Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде ертегілерді қайталап оқи беретінмін. Ата-анам “Сен енді есейдің. Әдеби кітаптар оқы!” деп ұрсатын. Ал мен бұл таңғажайып әлеммен қоштасуға асықпайтынмын. Ал сүйікті кейіпкерлерім – мұрын ергежейлі мен тазша бала.

– Ақындық қасиетіңіз бар ма?

Иә, анда-санда қолыма қалам ұстайтын ақындығым бар. Шынымды айтсам, қазір өлең жаза алмай жүрмін. Бәлкім шабыт келмей жүрген шығар. Бұл қасиеттен айырылып қалған болуым да ғажап емес. Жас кезімде жазатынмын. Әсіресе, махаббат тақырыбында жазған ұнайтын.

3E0A9002

– Кинода қандай рөл сомдағыңыз келіп жүр?

– Мен сомдай алмайтын кейіпкер жоқ шығар. Бірақ өзіме ұқсамайтын образдарға еніп көргім келеді. Мысалы, бала мен кемпірдің, ер адамның рөлі. Мен енді ешуақытта бала болмаймын, оның үстіне баланың рөлін сомдап тұрып өтірік айту мүмкін емес. Дәл сол секілді әлі немере бағып, әже болып көрмедім. Жаратқан сол күнге жеткізсін. Ал жігіт мәселесін өздеріңіз түсінесіздер. Бұдан өзге жындының рөлін байқап көргім келеді.

Жуырда сомдаған рөлім де ерекше болды. Аса оңай деп немесе мүлдем сомдай алмадым деп айта алмаймын. Ол – Айнұр Ниязоваға ұқсамайтын, киер киімі мен тамағы жоқ, баласының бірін мемлекет тартып алған, көшеде көзі көгеріп жүре беретін бақытсыз әйел болатын. Үнемі өзімді дамытып, жаңа белестерді бағындырғым келеді.

– Актер, режиссер болмағанда қай саланы таңдайтын едіңіз? Мұның себебі неде?

– Білесіз бе, бұл сұрақ маған өте жиі қойылады. Мен таңдаған саланың барлығы тікелей шығармашылықпен байланысты. Мысалы, сәнгер, би мұғалімі, әнші. Барлығы айналып келгенде шығармашылықпен байланысты.

– Сіз сомдай алмайтын рөл қайсы және сүйікті режиссеріңіз кім?

– Осы күнге дейін 10 шақты картинада бой көрсеттім. Одан көп десем де болады. Бірақ еш уақытта белгілі бір рөлді сомдай алмай қиналған емеспін. Жоғарыда айтып өткен әйелдің образы сәл ғана қиындау болды. Себебі, ол менің болмысыма қарама-қарсы кейіпкер. Ал сүйікті режиссерлерім өте көп. Олардың әрқайсысынан тың дүние байқауға болады.

3E0A8983

– Қандай музыкалық байқауларға қатыстыңыз?

– Мектепті тәмамдаған соң өмірімде алғаш рет Superstar жобасына қатыстым. Мені қалайша алғандарын білмеймін, әйтеуір финалға дейін жеттім. Кейін театр академиясына түсіп, театрда жұмыс істедім. Бітірген соң “Жас толқын” байқауына бардым. Сірә, не істерімді білмей жүрсем керек. Менен өзге Қазақстанның намысын қорғауға Мәскеуге 3-4 артист барды. Бұл байқауда жартылай финалға дейін жеттім.

– Бүгінгі кештен алған әсеріңіз қандай?

– Осы күнге дейін тек өзімнің сүйікті әндерім орындалған кеш болған емес. Іштей керемет күйге бөленіп, толқып тұрмын. Мұның барлығының сырттай көрініп тұрмағанын білемін. Десе де, бұл керемет сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бүгін қуанышыма ортақтасқандарыңыз үшін көп рахмет!


Жіберіп алмаңыз:

Актриса Айнұр Ниязова алғашқы бейнебаянының тұсауын кесті

Актриса Айнұр Ниязова халыққа жаңа қырынан танылмақ

Қазақстандағы жүзі суық танымал адамдар

Қазақстандық актрисалар қымбат киім жарнамасына түсті (фото)

Талқылау