Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айып қолдан жасалған: 8 жылға сотталған қазақстандық ғалым бес жылдан соң ақталып шықты

Жалған жаланың құрбаны. Аса ірі көлемде мемелекет қаржысын жымқырды деген желеумен 8 жылға сотталған химия ғылымдарының докторы Ғалымжан Мамытбеков ақталды.

Ғалымжан Мамытбеков

Кезекті сот отырысында бұдан бір жыл бұрын ғалымға тағылған айыптың біразы қолдан жасалғаны белгілі болған еді, деп хабарлайды Евразия арнасы.

Әділдік іздеп, Жоғарғы сотқа дейін барған Мамытбековты Алматының апелляциялық соты кінәсіз деп танып, үкім шығарды.

Әділдік іздеп, сергелдеңге түскен Ғалымжан Мамытбековтың ісіне сот соңғы нүкте қойды. Апеляциялық сотта адвокаттар ғалымның жемқорлық қылмыстарға еш қатысы жоқ екенін және 3 жыл бойы түрмеде еш кінәсіз отырғанан жан-жақты дәлелдеп шыққан. Істі қараған судья тергеу барысында келтірілген дәлелдер Мамытбековтың кінәсін делелдеуге жеткіліксіз деп тапқан. 

"Сот алқасы Мамытбеков Ғалымжан Құламқадырұлын кінәсіз деп тапты. Қылмысқа қатысының дәлелденбеуіне байланысты ол Қылмыстық кодекстің 176-бабының 4-тармағы бойынша ақталсын", - деді Алматы қалалық сотының судьяы Нұрділдә Сейітов.

Алайда Ғалымжан Мамытбеков өзін соттың ақтайтынына сенбегенін айтады. Осыған дейін нақақ жала үшін 2 жыл тергеу изоляторында, 3 жыл түрмеде отырған ол соңғы сәтке дейін әділдік орнайтынына күмәнмен қараған. Дегенмен заң үстемдігі салтанат құрды. Сот ғалымды ақтаумен қатар, "Қазтомөндіріс" компаниясының Мамытбековтан 83 миллион теңге өндіру туралы шағымын да қанағаттандырмай тастады. 

"Дегенмен заң біздің мемлекетте бар екен. Орындалады екен. Ерте ме, кеш пе барлығы өз жауабын тауып, өз арнасына түседі екен. Маған тағылған жаланың бәрі жалған болып шықты. Ақиқаттың барлығы ашылды", - дейді ғалым.

Жазасын өтеу барысында ғалымның ғылыми жұмыстарына орасан зор залал келген. Ал уранды тиімді әдіспен өндіру таралы авторлық жобасы қалың көпшілік үшін қолжетімді болып қалған. Енді Ғалымжан Мамытбеков өзін жазықсыз жауапқа тартқандардан моральдік, материалдық шығындарды өндіріп алуға мүдделі. Ал қорғаушысы тергеу барысында қателік жіберген тергеушілерді жауапқа тартуды көздеп отыр. 

"Мен ең бірінші кезекте осы істі жүргізген тергеушінің жауапкершілігі мен кінәсіне қатысты мәселе қоятын едім. Бұл - өреске қателік. Тергеу амалдарын жан-жақты жүргізбеу арқылы өзінің қызметтік міндеттерін дұрыс атқармаған", - деді адвокаты Төленді Бексұлтанов.

Ғалымжан Мымытбеков "Қазатомөндіріс" компаниясының тапсырысын орындайтын мекемеде жұмыс істеген. Ол уранды оңай жолмен өндіретін технология ойлап тапқан. Оған 2014 жылы 500 миллион теңге жымқырды деген айып тағылған. Келтірілген дәлелдер мен куәгерлердің жауабы еленбей химик ғалым 8 жылға сотталып, дүние-мүлкі тәркіленген. Қорғаушылар өткен жылы Жоғарғы сотқа шағым түсіріп, бірқатар қылмыстарға қатысы жоқ болғандықтан мерзімінен бұрын босатылған болатын. Өзіне тағылған айыптар толығымен алынған соң, ғалым енді қайтадан ғылымға келуді көздеп отыр.

Талқылау