Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйелі мен балаларын ұрып кетті: Түркістан облысында кәсіпкердің үйіне 4 жігіт ұрлыққа түсті

Түркістан облысында кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды. Бес адамнан құралған қылмыстық топ жеке кәсіппен айналысып жүрген ер адамның отбасын ойрандап кеткен.

urlyq

Қарумен қорқытып, үй иесі мен балаларын соққыға жығыпты. Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

Оқыс оқиға Сайрам ауданына қарасты "Ақсу абад" ауылында болған. Түнгі 2-лер шамасында бөлмеге баса көктеп кірген екі жігіт ай-шайға қарамастан, шырт ұйқыда жатқан 10 және 17 жастағы балаларды ұрып-соға бастаған. Сол уақытта екінші бір бөлмеде кәсіпкер мен оның жұбайын тағы екі жігіт соққының астына алыпты. Алайда, естерін тез жиып үлгерген отбасы мүшелері қарақшылармен жұдырықтаса жөнелген. 

"Папаммен төбелеседі. Біреуі мылтықпен ұрады, біреуі қолымен ұрады. Атамын деп маманы қорқытады", - дейді жәбірленушінің ұлы. 

Мына кадр есік алдындағы бейнекамераға түсіп қалған. Бетперде киген үш жігіт бұқпантайлап, есік алдына келгені байқалады. Екеуінің қолында қару бар. 

Күдіктілер көздеген тәсілдерін іске асыру үшін барынша әрекет жасап көрген. Осы үйдің айналасын бірнеше күн торуылдап жүріп, әрбір қадамдарына дейін жоспарлаған. Тіпті, бет-жүздері камераға түсіп қалмасы үшін мына тұрған құрылғыларды басқа жаққа бұрғанымен, бәрібір сұлбасы бейнекамераға түсіп қалған.

Үй иелерінің айтуынша, ұрылар бес адам болған екен. Оның біреуі сыртта көлікте отырып, төртеуі ішке кірген. Айқай-шу, төбелестен кейін күдіктілер далаға қашып шыққанымен, біреуі бөлмеде қалып қойыпты. Ұсталып қалса, өздерін айтып қояды деді ме, әлгі үшеу ішке қайта кіріп, достарын алып қашқан. 

"Мына Жерде біреуі талып, біреуі таяқ жеген. Беттері көгерген. Мен не болды деп сұрасам, үйіме ұры түскен деп айтты", - деді кәсіпкердің көршісі Мұхамеджан Қаратаев.

Мұхамеджан Қаратаев көршісіне алғаш көмекке келген жанның бірі. Бірақ ұрыларды ұстай алмапты. Ұлымен бірге жетіп келгенде, сезіктілер іздерін суытып үлгерген. Дереу полицияға хабар бергенін айтады. Аяқ асты болған жағдайдан осы күні отанасы да қорқып қалған. 

"Қорқып қалдық, бәріміз қорқып алдық. Олар құдды бір терезеден қарап тұрғандай, бәрі бірдей кіріп келетіндей", - дейді кәсіпкердің жұбайы. 

Бұл дерек Сайрам ауданының тәртіп сақшыларын аяғынан тік тұрғызды. Қылмыстық істі облыстық полиция департаментінің басшысы өзі қадалағауға алған. Сөйтіп білікті із кезушілердің ықпалымен үш күнде күдіктілердің жартысы Шымкентте жалдамалы пәтердің бірінен, қалғаны саунада демалып жатқан жерінен қолға түскен. 

"Қылмыстық топ 5 адамнан құрылған. 5-дің 4-і бұрын сотты болған. Барлығы осы оңтүстіктің тумалары. Жастары 1983-1990 жылғылар арасында", - деді Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков. 

Осы күні қолға түскен сезіктілерден екі газ тапаншасы мен шолақ және аңшылық мылтығы алынды. Барлығы қамауда отыр.

Талқылау