Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия Баян Есентаеваның сөзіне қатысты пікір білдірді

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты бастан кешкен танымал продюсер Баян Есентаева бейімделу орталықтарына өзі жүгінуі керек болған. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия басқарушысының орынбасары Елена Тарасенко хабарлады.

3f451c470262717eaa77b255756

Бұл туралы inform.kz хабарлайды.

Естеріңізге сала кетсек, 10 маусымда орын алған оқиға бойынша берген алғашқы сұхбатында Баян Есентаева әйелдер ұйымының бірде-бірі хабарласып, көмек қолын созбағанын айтып, мұндай орталықтардың әлсіз жұмысына меңзеді. Осы себепті продюсер әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау ұйымын құрмақ.

«Әрине, мұндай жағдайда ұйым емес, зәбір көрген әйелдің өзі хабарласуы керек. Бірақ аталған ұйымдардың бізде аз екенін мойындаймын.  Соңғы жылдары жағдай айтарлықтай түзеліп келеді. Десе де ол аздық етеді. Зәбір көрген адам, ол әйел ғана емес, бала да, ер-азамат та болуы мүмкін, бейімделу орталықтарына жүгінгенде, олар жеткілікті деңгейде қызмет атқармайды (…) Бірақ мұнда өз ұстанымыңды қорғаудан қорықпау қажет. Сондықтан Ұлттық комиссия бұл салада жұмыс жасайтын қоғамдық бірлестіктерді де, мемлекеттік құрылымдарды да қолдайды. Менің ойымша, бізге бұл жұмысты жалғастыру ауадай қажет», – дейді Елена Тарасенко.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың мәліметі бойынша, мемлекетте 32 дағдарыс орталығы, 17 баспана бар. Былтырғы жыл бойынша мемлекеттік ұйымдарға 4,6 мың әйел жүгінген. Ал мемлекеттік емес ұйымдардан көмек сұраған әйелдер саны 11 мыңды құрайды.

Сонымен қатар Елена Тарсенко әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын заң нормаларының басым көпшілігі Қазақстанда жұмыс істемейтінін атап өтті. Сол себепті бұл салаға қатысты заңнама Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдама аясында 2030 жылға дейін жетілдіріле түспек. Тұжырымдама жобасы бүгін Астанада өткен дөңгелек үстел барысында талқыланды.

«Біз бүгінде алдын-алу іс-шараларының жеткіліксіздігін, әйел мен баланы қорғайтын қызметтердің жеткілікті түрде дамымағанын түсінеміз. Тіпті, зәбір көрсетушіні пәтерден шығару сынды қабылданған нормалар да… Бұл норма пәтерден шығарылуы тиіс еркектің одан бөлек баспанасы болуы керектігі жөніндегі ескертпеге байланысты толық жұмыс істемейді. Біз бұл норманы Парламентте талқылаған кезде пәтерден уақытша шығару бойынша норма қабылдасақ, адам құқығын бұзатынымыз турасында сөз еттік. Сондықтан біз жаңа Тұжырымдамада тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы заңнама кемелдене түседі деп білеміз», – дейді Елена Тарасенко.

Айта кетсек, бұрынғы жұбайын соққыға жығып, бірнеше мәрте пышақтаған Бақытбек Есентаевтың ісі бойынша алдын-ала тыңдау 14 қыркүйекте  Қаскелең қалалық округіндегі Алматы облысы Қарасай аудандық мамандандырылған сотында басталды. Баян Есентаеваның өзі алғашқы отырысқа келмеген. Үлкен қызы  Айсәуле Бақытбек сотта әкесін жақтамақ.

Талқылау