Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айдана Меденова: Сынайтындар көп, әпкеме, ағама өздерін танытуда барынша көмектесем

Жыл басында қазақ өнерінің көші тағы бір Меденовамен толыққан болатын. Ол атышулы «Кешью» тобынан түлеп ұшқан Айдананың туған әпкесі еді. Десек те Назымды көпшілік жақтыра қоймаса керек.

Желідегі оқырмандар әнші бикешке кереғар пікірлерді жиі жаза бастады.  Бүгінде бір шеше мен бір әкеден туған Айдана, Назым және Ермек Меденовтер марқұм аналарының рухына арнап бейнебаян таспалап жатыр.

Бауырлардың тың туындысының түсіріліміне Stan.kz тілшісі де барып қайтқан болатын.

«Әртүрлі сындар айтылып жатыр. Тағы бір Меденова шықты деп сынап жатыр. Айдана бүкіл туыстарын тартып жатыр деген сияқты пікірлер көп. Әрине ол менің сіңілім болғаннан кейін өзінің көмегін аямайды.

Жасы кіші болса да сахнада тәжірибесі көп. Ақылын сұрап тұрамын. Ермек Меденов деген бауырым бар өнерде. Ол да жаңа келіп жатқан жоқ. Солардың қолдауымен өнерге бет бұрып жатырмын.

Біз бала күннен ақшамызды өзіміз тауып, той-томалақтарда әрқашан әнімізді айтып, өз еркімізбен өстік. Бізде «Меденовтер» жанұялық ансамбілі болғаннан кейін, бәріміз бірге жүретінбіз.

Сондықтан біз кішкентай кезімізден әнге де, сынға да дайын болдық », – дейді Назым Меденова.

Айдананың ағасы Ермек Меденов кезінде «Super Star kz» жобасы арқылы жұртқа жақсы танылғанмен, бүгінде музыкант көпшілік көзінен жырақта жүр.

«Өнерге кеше келе салған жоқпыз. Үшеуімізде кішкентай кезімізден ән саламыз. Білетін адамдар біледі. Білмеген адамдар енді біледі. Ән жағынан бір-бірімізден сұрастырып тұрамыз. Ол жағынан Айдананың талғамы жақсы. «Қазіргі заманға сай әнді айт, осындай әнді айтпа» – деген сияқты кеңестер беріп тұрады», – дейді ағасы Ермек Меденов.

Алайда, жағымсыз пікір жазған желі қолданушыларының бұл әрекетінен Айдана да хабардар болып шықты.

«Қолдан келсе неге көмектеспеске? Қолымыздан келгенше көмектесеміз бір-бірімізге. Сондай тәрбие берген бізге ата-анамыз. Мен әпкеме әндер таңдауда, музыкалық материалдарды таңдауда көмектесемін. Маған қиын емес. Барлық жағынан көмектесемін. Олар маған сенеді. Сын деген нәрсе бола береді», – дейді Айдана Меденова.

Шоу-бизнес өкілдерінің қатарын толықтырған үлкен Меденова бала кезден өнерге құштар болғанымен, кезінде отбасылық өмірді таңдапты. 1983-ші жылы дүниеге келген Айдананың әпкесі жұбайымен бүгінде екі ұл мен бір қызды тәрбиелеп отыр.

«Мен өте ерте 18 жасымда тұрмысқа шықтым. Жолдасымда 18 жаста болды. Ол кезде анам тірі. Сол кезде ата-анамыз біздің арамызда махаббат бар екенін көріп тұрды. Балалық таза махаббат болған соң ба, рұқсатын берді. Сөйтіп отбасын таңдап, баламды өсіріп, енді өнерге келген жайым бар», – дейді Айдананың әпкесі.

Айдананың анасы осыдан 10 жыл бұрын қайтыс болыпты. Бауырлардың бірігіп түсіріп жатқан клипі «Анашым-ай» деп аталады. Ал, Меденованың әкесі қазіргі таңда Семей шаһарында тұрып жатыр. Жұбайы бақилық болғаннан кейін, отағасы екінші мәрте шаңырақ көтерген.

«Әкеміз Семейде. Әкеміз екінші рет үйленген. Өзінің жеке отбасы бар. Ол кісі де өнерден кенде емес. Түрлі аспаптарда ойнайды.

Осы бейнебаянды түсіріп жатқанымызды естіп, көзіне жас алып жатыр. Қайта-қайта қоңырау шалып, есі шығып жатыр. «Дұрыс болды, аналарыңды осылай құрметтеп жатқандарың” деп қуанып жатыр, – дейді үлкен Меденова.

Оқи отырыңыз:

Жазушы: Ұл-қызын орысша оқытқан адамның ұлт атынан сөйлеуге қақысы жоқ

Дәрігерлер бөлшектенген денесін жинады: Балқашта 5-қабаттан құлаған қыз аман қалды

Алматы облысының тұрғыны күйеуі 70 жасқа толғанда бесінші тоқал алып бермек

Талқылау