“Аянышты көзбен қарағанын қаламаймын”: Бала күнінде екі қолынан айырылған жігіт Мейрамбекті бір көруді армандайды


Кішкентай кезінде оқыс оқиғаның кесірінен екі қолынан айырылса да, өмірге деген махаббатын, ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтпаған Азамат Оразбек бүгінгі күннің батыры деген атқа әбден лайық. Бала күнінен жаны еңбекті сүйген ол бүгінгі күні ән айтып, концерттерге шығып, әсем дауысымен көпшілікті тамсандырып жүр. Терең мағыналы әндеріне бірнеше мазмұнды бейнебаян түсіріп үлгерген отандасымыз қазақ эстрадасынан өз орнын ойып тұрып алуды армандайды. Ол Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне қоғамға нені дәлелдегісі келетінін, өнерге қалай келгенін және неліктен протездерді таққысы келмейтінін айтып берді. 

“Аянышты көзбен қарағанын қаламаймын”: бала күнінде екі қолынан айырылған жігіт көкейтесті арманымен бөлісті

Азамат Оразбек шамамен 1999 жылы орын алған оқыс оқиғаны есіне алғысы келмейді. Алайда, болған жайтқа еш өкінбей, екі қолсыз қалуын Аллах Тағаланың қалауы деп қабылдайды. Сол жылы ол бар болғаны алты жаста еді. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында бірінші сыныпты бітірген. Балалармен далада ойнап жүргенінде бір үлкен кісі келіп, трансформатордың үстіне шығып, сиыры қайда кетіп қалғанын қарап беруді сұрайды. Сол күні жаңбыр жауған, трансформаторға су тиген. 

Әйтсе де үлкеннің сөзін жерге тастағысы келмеген Оразбеков қарапайым өтініштің арты қайғылы оқиғаға ұласады деп ойламаған. Трансформаторға шыққанда тоққа түскен алты жасар бала, есін ауылдың ауруханасында жиған екен. Сосын Азамат Оразбек Қызылорданың облыстық ауруханасына ауыстырылған.

Алайда, ірің оның денесіне таралып кеткен соң, дәрігерлер баланың екі қолын кесіп тастауға мәжбүр болған. Ірің тарай бергенде сүйегіне өтіп кетіп,  өміріне қауіп төнетін еді. Азамат Оразбек бір қолынан толығымен, ал екінші қолынан шынтағының жартысына дейін айырылып қалды. Бірақ сол оқиға оның өмірге деген махаббатын, бойындағы батылдығын арттыра түсті. Сонымен қатар, ол Алматыдағы арнайы мектепте білім алудың арқасында өнер мен спорттағы қабілеттерін дамытты. 

Арманы биік, мақсаты айқын Азамат Оразбектің биік шыңдарды бағындыруына әрдайым тілектеспіз.

“Қазір есейе келе бәрін түсіндім. Жаратушы Аллах Тағаланың қалауымен мен осындаймын. Ол күндерді мен еске алғым келмейді. Бірақ болған жайт үшін еш өкінбеймін. Тек қана алға жылжып, болашаққа қадам басу керектігін түсінемін. Келешекте жұлдызым жанып кетсе, жанұяммен бірге бақытты өмір сүруді армандаймын. Одан басқа қалауым жоқ ”, —  дейді ол.

Бүгінгі күні өнерге енді-енді қадам басып келе жатқан Оразбек үстелді тенис бойынша Қазақстанның спорт шебері, спорттың дәл осы түрінен Қазақстанның және паралимпиадалық ойындардың чемпионы. Кезінде жүзумен де айналысқан. “Шынықсаң, шымыр боласың” демекші, Азамат Оразбековтың өзі спорттың арқасында үлкен жетістіктерге жетіп, ешқашан жеңілмеуді үйренгенін мойындайды.

Қазіргі уақытта ол үстелді теннис, жүзуге қарағанда өнерге көбірек көңіл аударса да, бір-екі жылдың ішінде спортқа оралуды жоспарлап отыр. Азамат Оразбектің сөзінше, ол спортпен қоштасқан емес. Спорт әрдайым онымен бірге. 

Әзірге кейіпкеріміздің басты мақсаты — ерекше мүмкіндіктері бар жандарға өнерден орын тауып беру. Жарымжандардың да дарынды, өнерлі екенін дәлелдеу. 

“Біздің қоғам қазір  мүлдем 360 градусқа айналып кеткен ғой. Әркімнің ойы әрқалай. Біреу менің бастамамды қолдайды, екіншісі қолдамайды. Мен тек қана өзімнің мақсатыма жетуге тырысамын. Оларға Алла қаласа жетемін деген үміттемін. Үлкен-үлкен сахналарға енді қадам басып келемін. Жан-жақтан шақыртулар келіп түседі. Бүгінгі  күні мен өзімнің көксегенімнің, мақсаттарымның жартысына болсын жеттім деп ойлаймын. 

Өнер жолына келгенде Нұрлан ағам маған ұстаздық еткен. Өнерге жетелеп, алып келген де сол кісі. Олжас Сыдық ағам маған арнап "Қатал тағдыр" деген ән жазып берді. Сол әнмен біраз жерге бардым. Аллаға шүкір көмектесіп жатқаны өте көп. Ақтөбе қаласында өткізген шығармашылық кешім "Жүректен жүрекке" деген қордың арқасында жоғары деңгейде өтті. Концертті ұйымдастырып берген де осы қор еді. Аллах қаласы қордың адамдарымен бірге алдағы уақытта тағы да концерт беруді жоспарлап отырмын”, — дейді Азамат Оразбек.

Өнерге деген махаббат әншінің бойына ана сүтімен біткен. 

“Жанұямызда анамның ыңылдап ән айтатыны бар. Анам нағашы атамның ақындық қасиеті, ән салатын қабілеті бар екенін үнемі айтып отырады.   Мүмкін маған өнер нағашы жағымнан дарыған шығар. Маған көбінесе адамдар “күш жігер бересіз”, “өмірге деген талпынысыңыз ерекше”, “сізге қарап үлгі аламын” деп пікірлерін білдіреді. Сондай жылы лебіздерді алғанда қатты қуанып қаламын”, — дейді  ол. 

Жылы лебіздерді қабылдауды жақсы көретін Азамат Оразбек, адамдардың оған аянышты көздермен қарағанын мүлдем жақтыртпайтынын айтып қалды. 

“Мен біреудің сөзімен, ойымен өмір сүретін адамдардың қатарына кірмеймін. Сондықтан өзімді көңілшең адаммын деп айта алмаймын. Қандай да бір сөздерді көңіліме алып қалатын әдетім жоқ. Иә, адамдар маған әр түрлі көзқараспен қарайды. Бірақ маған олардың аянышты көзбен қарағаны қажет емес. Мен оны қаламаймын. Өзім көптеген адамдар жетпеген жетістіктерге жеттім деп ойлаймын. Өзім, отбасым үшін өмір сүремін”, — дейді әсем дауыс иесі. 

 “Аянышты көзбен қарағанын қаламаймын”: бала күнінде екі қолынан айырылған жігіт көкейтесті арманымен бөлісті

Біздің кейіпкерімізге протез алып беріп, қол ұшын созып, көмектескен абзал жандар да бар. Азамат Оразбек оларды қолданып көрген, бірақ протездерді киіп жүру ыңғайсыз болған соң, ары қарай киіп жүргісі келмеген екен.

“Адамның сыртқы келбетіне емес, өнеріне көбірек көңіл бөлініп, баға берілсе деген оймен жүрмін. Осы ойымнан ешқашан таймаймын. Өмірге осы болмысыммен бейімделдім және көпшіліктің алдына осылай шығамын. Халықтың мені осылай қабылдағанын қалаймын. Тойлардан тапқан табысым Аллаға шүкір бала-шағамды асырауға жетеді. Халық берген ақшаны артық жұмсауды білмеймін. Өздерінен алған соң өнеріммен өздеріне қайтарып берудемін”, — дейді жас әнші. 

Бала күнінен “МузАрттың” әндерін тыңдап өскен әдемі дауыс иесі Мейрамбек Бесбаевпен дуэт айтуды армандайды. Жас әншінің арманы орындалады деп үміт артамыз.

"Музарт тобындағы ағаларымның барлығын құрметтеймін, сыйлаймын. Солардың әндерін тыңдап өстім. Көбінесе Мейрамбек Бесбаев ағаммен дуэт айтқым келеді. Бұл менің балалық шағымнан келе жатқан арманым. Аллах қаласа арманым орындалады деп ойлаймын", — дейді Азамат Оразбек. 

Арманы биік, мақсаты айқын Азамат Оразбек үшін өмірдегі  ең басты байлығы — жанұясы. Ол өзінің ұлы мен қызына үлгілі әке болып,  балаларын ешкімнен кем қылмай өсіруді армандайды. 

 

 

Автор: Айару Шаймерден

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.



 

Загрузка...
Қазір оқып жатыр