Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аян Мейірбаевтың әкесі Ерасыл Әубәкіровтің өліміне қатысты пікір білдірді

Өскемендегі ауқатты тұлғалардың бірі саналатын Есен Мейірбаев  ұлының  Ерасыл Әубәкіровтің өліміне қатысты ұсталуына байланысты түсініктеме берді. Аталған қылмыс бойынша, Аян Мейірбаевтан бөлек тағы үш адам күдікті ретінде ұсталған еді.

photo_177469_0

Сурет әлеуметтік желіден алынды

Бұл туралы tengrinews.kz сайты хабарлайды.

“Тергеу органдары бұл істің ақ-қарасын анықтайды. Аянға келер болсақ, ол жақсы ұл. Оған қатысты айтылып жатқан әңгімелер, маған ауыр тиетіні рас. Мен ешкімді де айыптамаймын, ешкімді қорғамаймын. Барлық мәселені шешетін, құзіретті орындар бар”, – деді әкесі.

Ол өзінің ұлынан Ерасыл Әубәкіров жайлы ешқашан естімегенін айтты. Сондай-ақ, Есен Мейірбаев оның жанындағы өзге де адамдарға қатысты ештеңе айта алмаймын деді.

“Ұлым менің тапсырған жұмыстарымды істейді. Ол менің компаниямда заңгер-кеңесші болып қызмет атқарды”, – деп түсіндірді әкесі.

“Кәсіпкер болсам не болыпты? Бұл Құдай немесе қолында билігі бар қызмет емес. Бұл кәдімгі таңнан кешке дейін қызмет ететін еңбек адамы. Егер, ол бір жетістікке жеткен болса ол оның еңбегінің нәтижесі”,-деді күдіктінің әкесі.

Ал Есен Мейірбаевтың адвокаты Ерлан Бекполов әлеуметтік желілерде тарап кеткен бейнежазбаға байланысты ойын айтты.

“Аталған бейнематериалды көріп, қазір көпшілігі бір жақты пікір айтып жатыр. Біз оның интернетке таралмауына қатысты өтініш бердік. Істің ақ-қарасы ашылмайынша, ол даулы қоғамдық пікір туғызып жіберді”, – деп түсіндірді.

Бекполов тараптардың әзірге нақты ресми мәлімдеме жасамайтынын айтты.

“Құзіретті орындардың мәлімдемесін күтетін боламыз. Істі қазір ҚР ІІМ тергеу комитеті қарап жатыр. Кәсіби мамандар айналысып жатыр. Аянға ҚР қылмыстық кодексі 99 бабы бойынша айып тағылды. Біз бұл нұсқамен келіспейміз, сондықтан соңына дейін күтеміз”, – дейді адвокат.

“Ол өзі ұшып келді. Ешкімнен жасырынған жоқ. Өскеменге маған келіп, мән-жайды түсіндірді. Мен оған қайта ұшып баруы керек екенін айттым. Ол қашып кетемін, жасырынамын десе де қолынан келетін еді. Алайда ол қайтадан ұшаққа отырып, Астанаға барды”, – деп қосып өтті әкесі.

23 жастағы Ерасыл Әубәкіровтың денесін полицейлер 10 ақпан күні 22.00 шамасында жедел-іздеу тобының шаралары нәтижесінде тауып алған еді. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталды. Тіпті студенттің жалға алынған пәтерде азаптап жатқан сәттің видеосы да желіде тараған еді.

Бүгін Астана қалалық сотының баспасөз хатшысы Ерасыл Әубәкіровтың өліміне қатысты үш күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.

Талқылау