Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аяғынан айырылған Ақтау тұрғыны дәрігерлердің жазалануын талап етуде

Осыдан екі жыл бұрын болған жол апатынан 26 жастағы Кристинаның сол аяғы мен жамбасы сынған. Тежегіш пен жылдамдықты шатастырған жүргізуші қызды тұрғын үйдің қабырғасына апарып соғыпты. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Аяғынан айырылған Ақтау тұрғыны дәрігерлердің жазалануын талап етуде

Сот-медициналық және тәуелсіз сарапшылар қыздың Маңғыстау облыстық ауруханасының алты бірдей қызметкерінің салғырттығынан қыздың аяғынан айрылғанын растапты. Бірақ солай бола тұра, іс бір жылдан бері сотқа жетер емес.

Облыстық ауруханаға жеткізілген Кристинаға дәрігерлер жедел көмек көрсетіп, жарақатын таңғанымен, көк тамырға зақым келгенін білмеген. Осылайша уақыт өткізіп алып, ақыры аяқты кесуге тура келіпті.

“Олар маған тіпті хабарласқан емес, қылмыстық іс қозғалғанын да біледі. Олар үшін ештеңе болмаған секілді, бұрынғыша жайбарақат жүр”, – деді Ақтау қаласының тұрғыны Кристина Глембовская.

Өмірін қор қылған дәрігерлерге қатысты Кристинаның арыз жазып, қылмыстық істің қозғалғанына жылдан астам уақыт өтіпті. Бірақ іс әлі күнге дейін сотқа жетер емес. Сондықтан тиісті органдар осылайша уақыт созып, кейін істі жауып тастай ма деп күдіктенеді жәбірленуші тарап.

“Іс тергеліп жатқан жоқ. Менің сұрақтарыма ресми түрде жауп берумен шектелетін қалалық прокуратура тергеушісінің іс-әрекетіне қарап,ол кінәлілерді жауапкершіліктен босата ма деген ой келеді”, – деді адвокат Марина Каплан.

Бірақ полицейлер адвокаттың бұл пікірімен келіспейді. Оларға сенсек, сараптама жасату үшін көп уақыт кетіпті. Айтуларынша, қызметтеріне салғырт қараған дәрігерлерге қатысты сот көпке ұзамай басталады екен.

“Бұл дерек бойынша, ҚР ҚК 317-ші бабының 2-ші бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптама дайын. Жуық арада сотқа жолданады деп күтілуде”, – дейді Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз хатшысы Жәзира Әбіл.

Егер Кристинаны мүгедек еткен дәрігерлердің кінәсі дәлелденсе, үш жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін.

 

Талқылау