Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауылдағы жастардың жататын төсегі де жоқ": Депутаттар ауылдарда тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыруды талап етті

“Ауылдағы жастардың жататын төсегі де жоқ”. Осындай мәселе көтерген Мәжіліс депутаттары “7-20-25” секілді тұрғын үй бағдарламаларының елдімекендерде де жүзеге асырылуын талап етуде. Жалпы, биылғы жастар жылы қалай өтуі керек? Форумдар мен жиналыстармен ғана шектелмей ме?

Сурет: parlam.kz

Биыл жастар жылы. Қаңтар айында жалаулатып тұрып аштық, ресми жарияладық. Тіпті жол картасын дайындап, өткізілетін іс шаралардың да бағдарламасы бар екен. Бірақ депутаттарға оның кейбір тұстары ұнамады, деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы".

«Жастар жылын өткізу туралы жол картасында көптеген іс шаралар қарастырылған. Көбіне форумдар, жиналыстар.Олардан көп нәтиже шыға қоймайтынын белгілі. Әсіресе жастарды неге Абайдың басына апарып, тарихымызды, өнеріміздің қандай болғанын неге өткізбеске», – дейді мәжіліс депутаты Нұртай Сәбилянов.

Мәжілістің кешегі Үкімет сағаты жастар жылына арналды. Оған жауапты қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаевқа және басқа да органдарға қарата біраз сын айтылды. Мәжілісмендер рухани құндылыққа басымдық беру керек дейді. Жастар арасындағы асырасудың себеп-салдары да тәрбиенің осалдығынан, айтылмағандықтан деген тоқтам жасады.

«Қазақ айтады, “қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман” деп. Осыны санасына сіңіруге бола ма? Бірақ өкінішке орай, Астананың оқушыларына мүшеқап таратып жатқанда мыңқ етпеген Білім және ғылым министрлігі осы мәселеге байланысты иманды ұрпақ өсіреді дегенге күмәнім бар. Бірақ оны да қолға алу керек», – дейді мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.

Ауыл жастарының тағдыры депутаттарды да толғандырды. «Дипломмен ауылғадан» басқа дені дұрыс бағдарлама жоқ екен. Урбанизацияны желеу еткенімен, Үкімет елдімекендердегі қыз-жігіттерді де ойлап қоюы керек дейді Омархан Өксікбаев. Кеңес дәуіріндегідей автоклубпен барып концерт қоймаса да, тұрғын үй бағдарламасына қатысатын мүмкіндікті қарастыру керектігін алға тартты.

«Жастарымызға ауылда не шара жасалып жатыр? Ауылда қарапайым шаштараз жоқ. Осының бәрін кім дұрыс жолға қояды? Мәдени мәселесін былай қойдық. Үйленіп, келіншегін кіргізгенімен, олардың үйінде жататын төсегі де жоқ. Ауылда үй салынып жатқан жоқ. Біз айтқан «7-20-25»-ке қолжетімділігі бар ма?», – дейді мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев.

Деректер бойынша, былтыр жастар арасындағы жұмыссыздық дейгейі 3,9 пайызды құраған. Мамандардың пайымынша, білім беру жүйесі мен нарықтың талабының арасындағы айырмашылықтар да жұмыспен қамтуға кедергі келтіреді екен.

 

Талқылау