Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аулаға самаурын қойып, өздерің реттеңдер": Үйі өртенген тұрғындарға қала әкімі осылай деді

"Аулаға самаурынға шай қойып, тұрғын үйдің айналасын өздерің абаттандырыңдар. Таяуда Тараздағы өртенген үйдің иелеріне қала әкімі келіп, осындай ақыл айтыпты.

taraz_akimi

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жергілікті билік дүние мүлкі бүлінген тұрғындарға ешқандай көмек жоқ дейді. Тек шатырын жөндеп береді. Төбесі тұтас отқа оранған көпқабатты үйде енді жаңбыр жауған сайын су сорғалайды. Артур Мағзомов 5-шағын аудан тұрғындарының жанайқайын түсіріп келді.  

Мына үйдегі өрттен кейін он шақты күн өтсе де, жұрт әкімдіктен еш көмек болмағанына қапалы. Шенеуніктерден қайыр жоқтықтан, өз қотырымызды өзіміз қасудамыз дейді. 

"Балконым түгел жанып кетті, балконымның есік, терезесі түгел жанды, залымның перделері, подоконник, төбесі, обоиымның бәрі жанып кетті, едендегі линолеумдарымыз көтеріліп кетті", - дейді тұрғын.

Тілсіз жау 5-қабаттағы пәтерлердің балконын шарпыған. Сондай-ақ, өртті сөндіру кезінде баспаналарға су кіріп, тұрғындар біраз шығынға батып отыр.

"Күзде ғана кредит алып істегенмін, ол кредиттің ақшасын кім асырап іздейді? Енді мен оны өзім үшін істедім ғой, Үкімет үшін емес. 1 миллиондай ақша", - дейді тұрғын Асан Тұрғынбеков. 

"Өрт болғаннан кейін ешкімді көрген жоқпын. Өрттен кейін кешке дейін үйде болдық. Үімізді тазаламай, мүмкін біреу келіп қалатын шығар, мүмкін "материальный помощь" деп есептеп, жазып кететін шығар деп. Бірақ біреуінде көрген жоқпын өзім", - деді қала тұрғыны Ғалия Баймаханова. 

Тұрғындардың біреуіне көрініп, біреуіне көрінбей келетін әкімдіктің өкілдері өрт кезінде де, одан кейін де барыпты сол үйге. Өздері солай деді. Бар көмектері 30 млн теңгеге тек үйдің төбесін жаңалап береді екен. Алайда мүмкіндігі шектеулі жандардың үйін жөндеуге мүмкіндігі жоқ.

"Заң талаптарына сай, төтенше жағдай техногендік болып табылады. Өрт салдарынан болған соң жергілікті бюджет есебінен төлеу мүмкіндігі жоқ. Мемлекеттік сараптама қорытындысы шыққаннан кейін келісім шартқа отырып, жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, аталған 25 күннің ішінде қалпына келтіріледі", - дейді қалалық тұрғын үй инспекцисының бөлім басшысы Ғазиз Ералиев. 

Әкімдік 25 күнге мұрсат сұрағанымен, табиғат шыдатар емес. Жаңбыр жауған сайын шатыры жоқ үйге су кіріп, тағы әбіргерге түсіруде. 

"Кешеден бері жаңбыр жауды, төбемізден су ақты, көрпелеріміз, паластарымыз қалқып жүрді. Бұл неше уақытқа дейін созылады білмеймін. КСК-дан вообще", - дейді тұрғын.

Оқиға кезінде ұялы телефонға түсірілген видеоны тағы растады тұрғындар. Шынымен де, құтқару техникалары сусыз келді дейді. Көзбен көрген, құлақпен естігендерін айтты ересектер. 

"Бір пожарный біздің подъездің алдына келіп тұрды. Өшір десек су жоқ дейді. Өз көзіммен көргенім. Бір сағаттай тұрды. Ойбайладық. Арғы жағынан тағы бір көлік келді. Оның да суы жоқ мына №19 үйден су алды", - дедйі тұрғын Нышанкүл.

Алайда, жергілікті билік өкілдерінің де ақталып айтар уәжі бар. 

"Әр өрт сөндіру машинасында 3 текше метр су болады. Ал өртті сөндіру барысында секундына 40 литр су кетеді. Сол себепті 3 куб дегеніміз 20-30 минутта бітіп қалады. Машиналар бос келген жоқ", - дейді Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев. 

Қазір бұл үйде 500-ге тарта адам тұрады. 119 пәтер бар. Осыдан бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша модернизациялау кезінде де дұрыс жөнделмеді дейді тұрғындар. Жертөледегі құбырлар жиі істен шығады. Ең болмаса балалардың ойнайтын алаңы да жоқ. Есік алдының да сиқы мынау. 

"Осының бәрін айтсақ жек көреді. Үйлеріңде пәленбай адам тұрады. Неге сексен еркек шығып, неге өздері балалар алаңын істемейді дейді. Мына жерге самаурынға шай қойыңыздағы бәрін шақырып алып осы жерде отырыңыздар дейді. Қала әкімінің айтқан сөзі сол", - дейді тұрғы Алма Бейсенова.  

Тіпті, жанайқайын айтқан тұрғындарға қала басшысы: "Маған доқ көрсетіп тұрсыз ба?" деп зіркілдеді дейді аналар. Көпқабатты үйге газ берілгенімен, қабырғалар дымқылданып тұрғандықтан жұрт бір аптададай жарықсыз отырған. Біздің түсрілім тобымыз кетісімен іске кіріскен шенділер электр энергиясын қосып беріпті. 

Талқылау