Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аты шулы жер дауына қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды

Алматыда атышулы жер дауына қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды. Халықты алдап жер сатты, алаяқтық жасады деген айыппен 2014 жылы қамауға алынған Мадина Дадановаға қатысты сот үкімі шықты. Наурызбай ауданындағы Шұғыла елдімекенінде жер телімдерін сатып алған тұрғындар бірнеше жыл қатарынан бас көтеріп, наразылық танытқан. Миллиондаған доллар қаржы жымқырған қылмыскерге қатысты сот үкімі оқылды.

даданннн

Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Бұл – шұғылалықтардың 2014 жылғы шілде айындағы наразылықтары. Сатып алған жер телімдеріне құрылысты бастаған олар полицейлер мен әкімдік тарапынан кедергілерді айтып наразы болған.

Ал бір жыл бұрын дәл осы жерде жиналған халық өздеріне тиісті жерді ала алмай жүргендерін айтып, бұған әкімдік өкілдерін айыптаған.

Бұдан кейін де ашынған халық бірнеше рет бас көтерді. Тіпті, “шаңырақ оқиғасын” қайталаймыз деп сес те көрсетті.

«200-дей үй бар. Құйылған фундаменттер бар. Оған қазір мына органнан келген адамдар бар, әкімшіліктің адамдары бар ары қарай жұмыс жасатпай жатыр ғой халыққа. Кедергі келтіріп жатыр. Бізге бермейміз деген жағдайда қандай шараға болсын барамыз біз. Қандай жағдаймен болсын аламыз жерді»,-дейді Шұғыла тұрғыны айбек Естемісов.

Ал құжат бойынша жердің меншік иесі “Gaz Development” жер телімдерін заңсыз басып алып, онда құрылыс жүргізді деп тұрғындардың үстінен шағым түсірген. Мыңнан астам жер телімін сатып алып, әбігерге түскен жұрт мәселені шешіп берсін деп бірнеше рет Наурызбай аудандық әкімдігіне де барды. Әкімдік те жауабын қысқа қайырып, тіпті, ондағы жер телімдеріне әкімдіктің де дәмелі екенін білдіретін.

«Ол жерлердің иелері бар. Заңды түрде “Gaz Development” деген фирманың атында. Бірақ біраз жерлерді біз өкіметке қайтарып, ол жерге біздің әлеуметтік құрылысты бастайық деген пландарымыз бар»,-дейді Наурызбай ауданының әкімі Қуанышбек Қашқынбаев.

– Салынған үйлерді не істейді?
– Салынған үйлер, ол бір үлкен проблема болып тұр.

Осы жолы әкім мырза мәселе 2 айда шешіледі деген. Дәл 1,5 жыл өткен соң ұзақ уақыт жұртты әурелеп, халықты шулатқан жер дауы толық шешілмесе де, кінәлі тұлға жазасын алды. Үкім мәтінінде сотталушы Даданованың халыққа “наразылық білдіру арқылы, шу көтеріп билік назарын аударыңдар” деп кеңес бергені жазылған. Жалған құжат жасап, халықты сендіріп жер сатқан ол адамдардан қыруар қаржы алған. 60-тан астам зардап шегуші Даданованың үстінен шағым түсіріп, сот 57 адамның шағымын қанағаттандырды. Шығын көлемі 125 миллион теңгеден астам.

« Сот Даданова Мадина Хамитбаевнаны ҚР ҚК 177 бабы 4 тармағы, 24 баптың 3-тармағы, 177 баптың 2-тармағы бойынша ауыр қылмыс жасағы үшін айыпты деп танып, оны 9 жыл бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге үкім шығарады»,-дейді Наурызбай аудандық сотының төрағасы Ұлан Есбергенов.

Ал миллиондаған қаржыны алып, халықты алдаған Даданова соңғы сөзінде жұрттың қарызын қайтарып беру үшін судьядан өзін босатуды сұрады. Үкім оқылғаннан кейін де өзін кінәлі емеспін деп санайды.

Алаяқтық әрекеті үшін тоғыз жылға сотталған Даданова 609 жер телімін сатқан деген дерек бар. Әзірге, 57 адамның ғана шағымы қанағаттандырылды. Сот Дадановаға жұрттың қарызын қайтаруға 1 ай мұрсат берді. Ал барлық жер телімдерін сатқанда түскен орташа қаржы көлемі 15 миллион АҚШ долларынан асады.

Талқылау