Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атышулы Калачи ауылындағы ұйқы ауруының себебі алғаш рет айтылды

Атышулы Калачи ауылындағы ұйқы ауруының себебі алғаш рет айтылды. Адамдар естен танып, ұйқы қысатын түсініксіз  құбылыс суға араласқан  қауіпті элементтің салдарынан екен. 3 жылдан астам осы індетті анықтай алмай қойғандар бүгін осындай тұжырым жасап отыр.

20130828_08_12_22374

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Дарья Калачиде ұйқышылдық ауруын бастан кешкен жандардың бірі. Мектептен келген сәтте, бойын әлсіздік билеп, қалың ұйқыға кеткен. Ата-аналары бірнеше рет жұлқылап оятпақшы болады. Алайда, Дарья сол ұйықтағаннан төрт күннен кейін ғана есін жиған.

– «Арасында оянасың, бірақ көз алдыңа, мас адам секілді неше түрлі бейнелер елестейді. Дәрігерлердің  көмегімен есімді төрт күннен соң әрең жидым», – дейді Есіл ауданының тұрғыны Дарья Одарченко.

Ұйқышылдық ауруы Калачиде 2013 жылдың 24 наурызынан басталған. Осы уақытқа дейін 133 адам қалың ұйқыға кетіп, аудандық, облыстық тіпті Астанадағы  ауруханаларға жеткізіліпті. Аудандық бас дәрігердің айтуынша, бұл дерттің  басты белгісі – адам ағзасы әлсіреп, мидағы қан айналымы бұзылады.

– «Ұйқышылдықпен ауырған науқастардың жас мөлшері 3 жастан 70 жасқа дейін. Оларға мидағы қан айналымын жақсарту үшін және миды қоректендіру үшін емдеу шаралары жүргізілді», – дейді Есіл аудандық  ауруханасының бас дәрігері Қабдірашид Алмағанбетов.

Аурудың себебін анықтау үшін еліміздің және Ресейдің білікті мамандары Калачиде зерттеу жұмыстарын жүргізді. Есіл ауданының әкімі Аманбек Қалжановтың айтуынша, мамандар  аурудың туындауын ашық жатқан уран шахтасынан шыққан радон газының ауаға таралып,  суға араласуымен байланыстырып отыр.

– «Жасыратын ештеңе жоқ, суда расымен радон бар. Ауылдың қасында ашық жатқан шахта бар. Оның үстіне Есіл өзені осы ауылдан өтеді. Мен бұл ауылда қалған тұрғындарға тезірек көшулеріне кеңес берер едім. Өйткені, мұнда тұру адам өмірі үшін қауіпті», – дейді Есіл ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.

2013 жылға дейін Калачиде 300-ге жуық отбасы тұрып келген. Аудан әкімінің қауіпті дейтін себебі  ұйқышылдыққа дейін, бұл ауылда онкологиялық аурудан  жылына шамамен  35 адам қайтыс болады екен.

«Уранмен ілесіп жүреді әрқашан. Радон ол инертті газ. Ураннан бөлініп шығып альфа сәулелер бөледі. Ал, альфа сәулесі дегеніміз ол радиактивті бөлшектер. Егер көп мөлшерде ауаға таралып, сумен араласса адам организміне кері әсерін тигізеді. Түрлі онкологиялық аурулар пайда болады», – дейді химия ғылымдарының кандидаты Нұргүл Нұрмұханбетова.

Сондай-ақ, химиктің айтуынша, радонның салдарынан адамның иммунитеті әлсіреп, қан айналымы бұзылады. Сондықтан, өңірді зерттеген мамандардың ұйқышылдық  радоннан деген тұжырымы шындыққа саяды дейді.

Жіберіп алмаңыз:

Ғалымдар Калачи ауылы тұрғындарының «ұйқы ауруына» шалдығу себебін анықтады

Талқылау