Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраулық малшылар өңірдегі мал ұрлығында облыс әкімі орынбасарының інісінен күдіктенетіндерін айтты

Атырауда бір жыл бойы малшылардың берекесін алған барымта ісінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың орынбасарының есімі аталды. Ұрылардан әбден қорлық көрген малшылар төзімдері таусылып, жанайқайын жеткізуде.

Атыраулық малшылар өңірдегі мал ұрылығында облыс әкімі орынбасарының інісінен күдіктенетіндерін айтты

Бұл туралы 31 арнаға сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Олар шенеуніктің інісі бір емес, бірнеше рет жылқымызды барымталап кетсе де, қандай да бір себептермен жазадан құтылып кетеді деп шағымдануда. Ал құзырлы органдардан да сытылып кететін ұрыларға тосқауыл жоқ екеніне көздері жеткен үш бірдей ауданның малышылары барымташыларға кім құрық болады деп, наразылықтарын білдірді.

Барымташылардың әрекетінен әбден мезі болған Атырау облысына қарасты Махамбет, Исатай, Махат аудандарының малшылары енді жанайқаларын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы билік өкілдеріне жеткізбекші. Біл жылдың ішінде бір ғана Махамбет ауданының өзінде 150-ге жуық ірі-қара барымташыларға қолды болған екен.

«Үйірдің айғыры, ту бие із-түссіз жоғалып кетеді. Соңғы кезде малды кім үшін бағып жүргенімізді өзіміз түсінбей қалдық. Енді, жағдай осылай жалғаса беретін болса мал бағып, асыраудың қажеті жоқ деп ойлаймыз»,- дейді жылқышы Қайырлы Шайхимов.

Ал малы ұрланған малшылардың көбі желтоқсан айында қылмыс үстінде ұсталған азаматтан күдіктенетіндерін айтты. Алайда, ол адам бірнеше рет қарақшылықпен қамауға алынса да, түрлі себептермен жазадан сытылып кетеді екен.

«Ол азамат бұрын заң қызметінде жұмыс істеген. Яғни, бұрынғы полиция қызметкері. Оны бұған дейін пара алып сотталған дейді. Қазір естуіміз бойынша, ол жігіт мына қылмыстан да құтылып кеткен екен. Енді оның ағасы облыс әкімінің орынбасары ғой»,- дейді тағы бір жылқышы.

Елді-мекендерде жиі қолды болатын жануар жылқы малы көрінеді. Ал полицейлер жайылымда жайылған мал үшін арыз-шағым қабылдамайды екен. Тіпті, ұрыны ұстап апарса да жазадан босатып жібереді дейді жылқышылар.

Полицейлер болса барымташының ұсталып, тергеу жұмыстарының жүріп жатқанын растады. Алайда, қылмыскер жәбірленушіге өтемақы төлеп, екі жақ келісімге келсе оларды жазадан босатуға мәжбүр болатындарын айтты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау