Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраулық ақасақал балаларға дойбы сырын тегін үйретіп жүр (фото)

Атыраулық ақсақалдың бар мақсаты – дарынды балалардың қанатын қомдап, талантын шыңдай түсу. Атырау қаласының Ақсай елдімекенінде тұратын зейнеткер Берік Молдаш дәл осы мақсатпен балаларға дойбының қыр-сырын тегін үйретіп жүр.

1414

Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.

Еңбек ардагері өз үйінің ауласынан жеке дойбы мектебін осыдан бір жыл бұрын ашқан. 12 айдың ішінде дойбыны меңгерген оқушылар түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, қоржындарын 30-дан астам медальмен толтырған.

1616

Берік Молдаш шәкірттеріне сапалы білім беру үшін өз қаражатына монитор сатып алған. Ой-өрістің дамуына көмектесетін ойынға машықтанып жүрген 12 бала ойын барысында жіберген қателіктерін монитор арқылы көріп отырады.

“Шәкірттерім талай облыстық, республикалық, Азиядағы додаларға қатысып, үздік атанып жүр. Спортшыларымның халықаралық сайыстарға қатысуға қабілеті жетеді. Талай рет дүниежүзілік жарыстарға лицензия алғанбыз. Алайда, қаражат қолбайлау болып, бара алмай отырмыз”, – дейді қария.

1515

Облыс орталығынан тысқары жатқан Талғайран, Ақжар, Көктем ауылдарының балалары осы мектептен тегін дәріс алуда. Аула ішіндегі сарайда бір уақытта 50 бала дойбы ойнай алады. Аталған ауылдың тұрғыны Толқын Қаметованың 4 баласы ауыл ақсақалынан білім алады.

“Балалардың ойынға деген ұмтылысы өте жақсы. Демалыс күндерін осында өткізеді. Берік аға ешқандай ақы алмайды. Ақылы болса мұндай үйірмеге барлығын бірдей бере алмас едім”,-дейді ата-ана.

Көпке өнеге болар істі бастаған ақсақалдың мамандығы – инженер. Ол ауылшаруашылығы саласында бірнеше жыл еңбек етіпті.

Талқылау