Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраудағы перзентханада сәбилер шетінеп жатыр. Дәрігерлер себебін түсіндірді

Қайғыдан қан жұтқан аналар мұны мекеме қызметкерлері мен іштегі тәртіпсіздіктен көреді. Олар облыстық перинаталдық орталық мамандарының жұмысына күмән келтіріп отыр. Өйткені, көз жұмған балалардың барлығында бірдей диагноз қойған екен. Ал бұған қатысты дәрігерлердің өз уәжі бар.

Атыраудағы перзентханада сәбилер шетінеп жатыр. Дәрігерлер себебін түсіндірді

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Сәбилері шетінеп кеткен келіншектер бар гәп облыстық перинаталдық орталықта деп отыр. Ол жерге сырт киіммен кез-келген адам емін-еркін кіре алатындықтан, инфекция тарауы мүмкін дейді.

«Менің көзімше 20 шақты бала кетті. Әйелдерге айтатыны бір диагноз. Бәріне «құрсақішілік жұқпа» дейді. Бәрінде ондай болуы мүмкін емес қой. Балалардың бәріне қан құяды. 3-4 рет қан құяды, аузынан қан кетеді, астынан қан кетеді. Бәрінің диагнозы бірдей», – дейді Атырау қаласының тұрғыны Гүлайна Серікбаева.

Өңірдегі бала өлімінің көбейіп кеткенін жергілікті денсаулық сақтау басқармасы да растап отыр. Бірақ, бар себеп ақ халаттыларың салғырттығында емес, аналардың денсаулығындағы кінәраттан деген пайымда. Былтыр 200-дей шақалақтың салмағы тым аз болып туған екен. Бұл инфекцияның, аурушаңдықтың белгісі дейді.

«Балалардың көбі – шала бала. Шала болғанда, өте шала. Салмағы бір келіден төмен. 1,5 келіге дейін. Оның ішінде ақаумен туған балалар бар», – дейді облыстық перинаталдық орталықтың неонтология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлмира Әбікеева.

«Бір жасқа дейін тіркелгені 176, былтырғымыз 114. Саны көбейіп тұр. Облыс бойынша. Себептеріне бөлсек, 70 пайыздың үстінде іштен туа біткен, балалардың нәресте кезінде кездесетін аурулардың себептері», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс педиатры Райса Баймұханова.

Ал балаларынан айырылған аналар айыптаған перзентхана басшысы тағы бір себепті келтірді. Айтуынша, мерзімінен бұрын босану деректері жиілеген. Әупірімдеп туған келіншектер араға уақыт салмай тағы бала көтеретіні бар дейді.

«Бір жағдайда 2017 жылы босанып, 2018-де тағы бала көтеріп, туған. Кей жағдайда келіншектердің әр нәрестесі мерзімінен бұрын туған. Жүктілікті жоспарлау керек. Аралық интервалды да сақтауды ұмытпау қажет. Кем дегенде 1,5 жыл», – дейді облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қуаныш Нысанов.

Түрлі статистика мен себептерді келтіре кеткен мамандар перзентханада тексеру жұмыстары жүреді ме, жоқ па, ол бойынші тіс жармады. Аналардың өздеріне кінәлағанына қарағанда ешқандай тергеу болмайтын секілді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау