Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда жұрт үйлерінің іргесінен жанармай бекетін салуға қарсы шықты

Атырауда үйлерінің іргесінен жанармай бекеті салынатынын естіген тұрғындар наразылық білдірді. Өйткені жаңа нысан тұрғызылса, оларды қаламен байланыстыратын жалғыз жол мүлдем жабылғалы тұр, – деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

Безымянный

Бірақ жұрттың жанайқайы бұл жолы да ескерілмейтін сыңайлы. Ал көпшіліктің қарсылығына тап болған кәсіпкерлер бұл жерді 33 млн теңгеге сатып алғанын және қолдарындағы құжаттарының да заңды екенін айтып отыр.

Мына жерге құрылыс материалдары түсіріле бастағалы Самал ықшамауданы тұрғындарында маза жоқ. Кейбірі несие алып, енді бірі қарызданып жүріп әупіріммен салғызған жол жабылып, сыртпен байланыс үзілгелі тұр.

“Шегіртке  құсап АЗС-ты толтырып салып жатыр. Басқа жер құрып қалғандай. Жоламасын бұл жерге”, – дейді Атырау қаласының тұрғыны Аслан Асқаров.

“Халықпен ақылдасып, сұрап, рұқсат алмай, қол қоя салған. «Гелиостың» өкілдері біздерге барлық құжаттарын көрсетіп отыр. Қол қойылған. «Сықитылған» атырауша айтқанда. Оның бәрі белгілі қалай алынатыны, қалай шешілетіні”, – дейді Атырау қаласының тұрғыныНұрлан Қошмұқанов.

Самалдықтардың осында көшіп келіп, қоныстанғанына он жылдан асқан. Бірақ осы уақыт ішінде тас жол төселмепті. Ақырында балшық кешуден шаршаған жұрт ортадан ақша шығарып, өз беттерінше жол салғызған екен. Сөйтсе, айқайға себепші 1 гектар мына жер 2011 жылы жекеге сатылып кетіпті. Тіпті пайдалану мақсаты да белгіленіп, енді құрылыс басталуы керек.

“Қолымызда барлық құжатымыз бар.2011 жылы сатып алғанбыз. Енді  құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Бұл жерге жанармай бекеті, дүкен, көлік жөндеу және май ауыстыру орталықтары салынады”, – дейді жанармай бекеттері желісінің өкілі Талғат Ағысов.

Кәсіпкерлердің айтуынша, жерді сатып алған кезде бұл жерде жол деген атымен болмаған. Құжаттарды заңдастырып, жоба жұмыстарымен айналысып жүргенде жергілікті тұрғындар жол салып үлгеріпті.

Енді халықтың наразылығына тап болған олар жұмысты амалсыздан екі аптаға тоқтатты. Өйткені осы уақыт ішінде жергілікті әкімдіктегі жауапты тұлғалар мәселені шешіп, бір жақты етеміз деп отыр.

Талқылау