Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда жаңа туған сәбиді 5 мың долларға сатпақ болған медбике ұсталды

Баланың құны – бір жарым миллион теңге! Атырауда облыстық перзентхана қызметкері осындай сомаға жаңа туған шақалақты сатпақ болған жерінде ұсталды, – деп хабарлайды ктк арнасы.

baby

Медициналық тіркеуші болып істейтін 41 жастағы келіншек балалы болуды армандап жүрген танысына сәби тауып бермекке уәде етіп, осыдан екі ай бұрын жарты ақшаны алыпты. Сөйтіп, орайы келгенде перзентханада босанған 18 жастағы Өзбекстан азаматшасын алдап-сулап, баласын сатуға көндірген. Бұдан кейін құжаттарды нәрестенің болашақ ата-анасының атына толтырып, жексенбі күні қалған соманы алып жатқан кезде қолға түсті.

«Клиент» пен делдал арасында кикілжің болды ма, әйтеуір полицияға оны сәбиді сатып алмақ болған келіншектің өзі ұстап берген. Бала сатқыш келіншек қазір қамауға отыр. Әріптестерінің айтуынша, ол перзентханада 5 жылдай жұмыс істепті.

«Осы уақытқа дейін ол кісінің тарапынан ондай оқыс қылықтар байқалмаған. Баласынан бас тартты деген құжат қағаз жоқ.Өзімізге де тосын жағдай болып отыр», – Атырау облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Альмира Сабырғалиева.

Талқылау