Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда темір жол рельсіне бөгде заттар қойған 6 жас жігіт ұсталды

Атырау жол бөлімінің аумағында Шоқпартоғай елді мекеніне жақын жерде темір жол рельсіне темір жол шпалдарынан, тас бөлшектерінен және металл бағаналардан кедергілер  қойып тастаудың салдарынан жүк пойызының шұғыл тежелу фактісі орын алды.

img_2539_1200

 

Жедел-іздестіру шараларының барысында  көлік полицейлері  Шоқпартоғай ауылының  6  тұрғынын анықтап, қолға түсірді. Тексеру барысында олардың  4-уі кәмелетке толмаған жасөспірімдер,  ал 2-уі 18 жасқа енді ғана толған азаматтар екендігі анықталды.

Бұл бұзақылық әрекет экологиялық апатқа әкеп соқтыруы  мүмкін еді. Себебі тіркемедегі 79 вагонның 70-інде өндірістік пропан газы толтырылған цистерналар болған.

«Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 350 бабы 1 бөлімімен, яғни, Көлiк құралдарын немесе қатынас жолдарын қасақана жарамсыздыққа келтiру бабы бойынша  сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған баптың санкциясы бойынша 4 жылға дейін бас бостандығын айыруға дейінгі жаза көзделген»,-дейді  Көліктегі ІІД бастығының баспасөз хатшысы Ләззат Аленова. Сондай-ақ, оның айтуынша, қазіргі уақытта келтірілген шығынның көлемі анықталуда.

Темір жол бойына бөгде заттарды қойып тастау пойыз қозғалысының кешеуілдеуіне немесе жылжымалы құрамның жолдан шығып кетуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Осындай жағдайлардың алдын алу мен жою мақсатында Көліктегі ІІД қызметкерлері темір жол қызметкерлерімен бірлесіп ұдайы түрде профилактикалық іс-шаралар өткізіп келеді. Алайда, тыйым салуларға қарамастан  темір жол бойында ойнау, өтіп бара жатқан құрам мен  жолаушы пойыздарына тас лақтыру, темір жол рельстеріне бөгде заттар қойып тастау, семафор әйнектерін сындыру өкінішке орай, әлі де жалғасуда.

Жасөспірімдер осындай құқықбұзушылық әрекеттері үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, себебі мұндай әрекеттер оның жеке өміріне ғана емес, айналасындағылар өміріне де қауіп төндірері анық.

Жоғарыда аталған жағдайларды талдай келгенде мұндай келеңсіз әрекеттердің  негізгі себебі ата-аналардың балаларының тәртібіне тиісті дәрежеде бақылау жасамауларынан келіп туындайды.

Көлік полицейлері  жасөспірімдердің  ата-аналарына балаларының жүріс-тұрысын қадағаламаудың соңы өкінішті жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін екендігін ескертеді.

Анықтама: Ағымдағы жыл басынан 1124 шұғыл тежеу фактісі тіркелген, оның ішінде 567-сі  темір жол үстінде адамдардың шығуы себебінен, 426-сы темір жол устіне малдардың шығуы себебінен, 11 оқиға рельске бөгде заттар қойып тастауының себебінен орын алған.

Талқылау