Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда талай былықты әшкерелеп хат жазған экс-полицей сотта бастықтарымен бетпе-бет кездесті

Атырауда қалалық ішкі істер басқармасының шенді полицейлері сот алдында жауап беріп жатыр. Криминалдық полиция бөлімінің бастығы Нұрболат Қабдешев пен аға жедел уәкіл Бейбіт Шалтенов әкс-әріптестері Манарбек Өтеуовтің атышулы хатында аты жиі аталғандар, – деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

4

Сурет: azh.kz 

Бұрынғы тәртіп сақшысы 8 беттік жазбасында қылмысты осы басшылығының тапсырысымен жасадым деген болатын.

Бұл жолғы сот отырысы талас-тартысқа толы болды. 6 айдан астам тергеу абақтысында жатқан Өтеуовтің бұрынғы басшыларына бетпе-бет айтары көп екен. Аға жедел уәкіл Бейбіт Шалтенов пен Атырау қалалық ішкі істер бөлімінің криминалдық полиция басшысы Нұрболат Қабдешев әуелгіде бұрынғы әріптесіне өз ісін білетін жақсы қызметкер болды деп мінездеме бергенімен, оның айтқан-жазғанының бәрі өтірік деп азар да безер.

Бірақ, бұрынғы әріптестердің сот алдында сөз таластыруы жәбірленуші тарапқа ұнаған жоқ. Олар басшыларының былығын 8 беттік хатқа тізіп жазған Өтеуовтің бұл әрекеті суға кеткен тал қармайдының ісі дей келіп, оның бөлек қаралуы керек екенін айтты.

“Халық арасында бұл құдды бір қылмыстық жүйеге қарсы шыққан қаһарман деген пікір қалыптасып барады. Оның не жазып, не қойғанында менің шаруам жоқ. Қайнымды өлтіргені үшін жазасын алсын”, – дейді марқұм Кимнің жеңгесі Жанна Жұпарова.

23 жастағы Манарбек Өтеуов өзбекстандық Дмитрий Кимді өлтіргені үшін жарты жылдан бері абақтыда отыр. Көрші ел азаматы Атырауға кәсіпкер ағасы көмекке шақырған соң келген екен. Бірақ, полициямен ақша бөлісуден бас тартқаны үшін оның көзін құртуды бастықтарым бұйырды депті Өтеуов өз хатында . Ал іс жүзінде кәсіпкердің үйіне ұрлыққа түсіп, қарсылық көрсеткен Кимді 40 жерден пышақтап өлтіргені үшін жауап беріп жатыр. Сотта айыпталушы марқұмның отбасынан кешірім сұрады. Ауыр қылмысы үшін кез-келген жазаны арқалауға дайын жігіт тек басшыларының да жауаптан жалтармауын талап етті.

Айта кетейік,басшыларымның бұйрығымен 100 қылмыстық істі қолдан жасап, жазықсыздарға жала жауып, жезөкшелер мен мейрамхана иелерінен салық жинадым дейді Өтеуов атышулы хатында. Атыраудың Ішкі істер органдрын дүр сілкіндірген сенсациялық жазбада айтылған деректерді арнайы прокурорлар әлі тексеріп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін әшкерелеуші хат жазған атыраулық полицейдің таққан айыбына облыстық сот жауап бергенін хабарлаған болатынбыз.

Талқылау