Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда түрмеде жазасын өтеушілердің жасаған дүниелері көрмеге қойылды

Өңірде қазір 3 бірдей еңбекпен түзеу мекемесі бар. Онда 700-дей адам жазасын өтеп жатыр. Олардың үштен бірі түрлі өндірісте жұмыс істейді. Көрмеден киім-кешек пен кәдесыйлардан бастап, баспа және азық-түлік өнімдерін табуға болады, – деп хабарлайды 24.kz.

Безымянный

Бұдан бірнеше жыл бұрын темір тордың ар жағындағы өндіріс туралы айтудың өзі мүмкін емес еді. Сотталғандар уақытты бос өткізіп, тек мерзімін өтеп шығатын. Қазір жағдай түбегейлі өзгерген. Көптеген кәсіпкерлер бұл жерден табыс тауып отыр.

“Біз бір жылдан астам жұмыс жасап жатырмыз. Біздің шығарып жатқан заттарымыз негізінен полиграфиялық заттар. Бұны біз бұрын Астарханнан акелетінбіз. Қазір ол Астраханнан келетін көтерме бағадан 30% арзан шығарып жатырмыз”, – дейді кәсіпкер Нұрберген Дәулетов.

Мұндағы игі бетбұрысты түзеу мекемесінің қызметкерлері де қуаттайды. Жазасын өтеушілер жұмыс істеуге ынталы, әрі мұнда жаңа мамандық игеруге мүмкіндік бар.

“Мұндағы жазасын өтеушілер басқа мамандық игеріп, оны ары қарай жетілдіре алады. Екіншіден, тигізген залалының орнын қайтарады. Үшіншіден, өз туған-туыстарына материалдық көмек көрсетеді”, – дейді түзету мекемесінің басшысы Әділхан Ерғалиев.

“Қазіргі уақытта облысымыздағы түзету мекемелерінде 4 жеке кәсіпкер өз өндірісіне тендер ашып, жұмыс жасап жатыр. Қазірдің өзінде 2 кәсіпкер ниет білдіріп, құжаттарын рәсімдеуде”, – дейді облыстық прокуратураның басқарма басшысы Кемел Иманғалиев.

Ең бастысы – бұрын түзеу мекемелерімен бірлесе жұмыс істеуге немқұрайлы қарайтын кәсіпкерлердің көзқарасы өзгерді. Қазір мұндай әріптестіктің тиімді екеніне іскер жандардың көзі жеткен. Бүгіннің өзінде екі кәсіпкер түзеу мекемесі аумағында кәсібін ашуға шешім қабылдапты.

Талқылау