Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда бір отбасы ішіне су толып, құлағалы тұрған үйде тұрып жатыр

Атырауда бір отбасы ішіне су толып, құлағалы тұрған үйде тұрып жатыр. Өткен көктемде су шайған баспаналарының жағдайы биыл мол түскен қардан соң мүлде нашарлап кеткен. Суды әбден бойына сіңірген қабырғалар да бірте-бірте қақырай бастапты. Өз беттерінше қам-қарекет етуге дәрмені жоқ жандар енді жергілікті әкімдік пен халықтан көмек сұрап отыр деп хабарлайды КТК телеарнасы.

ммм

Үйінің іші суға толып сыз тартса да, Базарбаевтар баспаналарын тастағылары жоқ. Өйткені өзге баратын жері болмай тұр. Ағайын-туманың ұсына қоятын тауық қорасы да жоқ көрінеді. Жұрт секілді тырбанып, үй салуға бірнеше жылдан бері туберкулезбен есепте тұрған отағасы мен мүгедек ұлдың шамасы жетпейді.

“Қазір мен шынымды айтсам, үй салатын жағдайым жоқ. Жолдасым болса ауырады, балам екеуі учетта отыр. Бір балам кешегі күннен бастап ақысыз күнге қалып отыр”, – дейді Атырау қаласының тұрғыны Биғайша Базарбаева.

Базарбаевтардың жағдайын жергілікті әкімдік біледі. Бірақ жұрт секілді дер кезінде қимылдамаған өздерін кінәлады. Өйткені өткен жылғы жауыннан зардап шеккендер көмек сұрап арыз жазғанда, бұл отбасы хабарласпаған көрінеді.

“Сол кезде бір айдың ішінде қажетті құжаттарды тапсыру керек еді. Бірақ ол құжаттарды жинамай, вахтаға кетіп қалған. Айтып-тапсырып кеткен ұлы да құжаттарды өткізбеген. Сол себепті оған көмек көрсетуге мүмкіндік болмады”, – дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Амантай Айтбаев.

Десе де, шенеуніктер Базарбаевтарға барынша көмек көрсетеміз деп отыр. Яғни жуық арада құлағалы тұрған үйге комиссия жіберіп, сараптама жасатып, қол ұшын созатын демеушілер іздемекке уәде етті.

Талқылау