Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысында бюджеттің миллиондарына салынған емхана құлағалы тұр

Атырау облысында пайдалануға берілгеніне небәрі 2  жыл болған емдеу мекемесінің жағдайы мүшкіл. Алға ауылындағы емхана іске қосылғанда мұндағы жұрт қатты қуанған. Бірақ ол ұзаққа созылмады, – деп жазды КТК арнасы.

емхана
Мемлекеттің миллиондарына салынған нысан сыр берді. Ең қиыны –емханадан ішерге де, жуынарға да бір тамшы су таппайсыз. Есесіне осында жұмыс істейтін қызметкерлер тіршілік нәрін үйлерінен пластмасса бөтелкемен тасып, амалдап отыр.

Алға ауылындағы 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін мына емхана осыдан небәрі 2 жыл бұрын пайдалануға берілген. Бірақ арада 3 ай өткенде су жаңа нысанның сыртқы сылағы түсіп, ішкі қабырғалары да шытынай бастады. Емханада қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар болғанымен, ғимаратының ішкі-сыртқы жағдайы ұнамайтын болуы керек, келушілер де көп емес.

3 айдан кейін емхананың бөлмелері бұрыш-бұрыштан жарылып, төбелерімізден топырақ түсе бастады. Аурулардың көзіне топырақ түсіп кете ме деп, керуетті әр жерге апарамыз.Мынандай ыстықта қазыр су жоқ, суды үйімізден тасимыз”,-дейді  Алға ауылы емханасының акушері Сәния Шомырова.

Ең сорақысы сол – нысан ешкімнің иелігіне алынбаған. Қызметкерлердің сөзіне сенсек, тіпті қажетті құжаттарының жоқ болуы себепті, жөндеуге де ақша ала алмай отыр. Емхана құрылысын жүргізген мердігер мекемеге әуелгі кездері кішігірім жөндеу жасағанымен, кейін кепілдік мерзімінің біткенін айтып, ізін жасырған. Ал, ауыл әкімінің айтуынша, халықтың басқа барар жері болмағандықтан, құжаты қаттаулы тұрмаса да, емхана амалсыздан жұмыс істеуге мәжбүр.

“Баланста жоқ болғанмен де, ауылда басқа емхана жоқ, біз халық қабылдауымыз керек. Бұл кезінде астына құйылған фундамент дейміз ғой содан бір қате кетті ме, бұл жөнінде қазір барлық аудан әкімшілігі де бәрі хабардар”,-дейді Алға ауылдық аймағының әкімі Сахи Оңдағани

Ал кезінде емхананы салу үшін тапсырыс беріп, қазынадан қыруар қаржы бөлдірген Атырау облыстық құрылыс басқармасы аталған нысанға қатысты ауыз ашпай отыр. Тіпті, кезінде қанша қаржы жұмсағандарын да ұмытып қалыпты. Тек белгілісі – су жаңа емхананың апатты немесе апатты емес екенін анықтаумен айналысып жатыр екен.

 

 

Талқылау