Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда базар маңында жүрген тілемсек өзін құлдықта ұстап отырғанын айтып көмек сұрады (видео)

Желіде Атыраудағы «Дина» базарының маңында жүрген тілемсектің видеосы қызу талқыға түсті. Мүгедек ер адам 2010 жылдан бері құлдықта жүргенін айтып көмек сұраған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Атырауда базар маңында жүрген тілемсек өзін құлдықта ұстап отырғанын айтып көмек сұрады (видео)

Қала тұрғындары ер адамды бірден таныды. Оның сол жерде жүргеніне көп болыпты.

"2010 жылы бір адамдармен таныстым. Олар материалдық жағдайымды жақсартуға көмектесетінін айтты. Алайда артынша қайыр тілеуге мәжбүрледі. Олар бұрынғы химиялық зауыттың ауданында тұрады. Шымкенттен келген. Басқаратын әйел құжаттарымды тартып алды. Ал оның ұлы мені күн сайын осы жерге алып келіп, кешке қайтадан алып кетеді. Адамдар садақаны жақсы береді. Күніне шамамен 10 мың теңге жиналады. Алайда бүкіл ақшамды тартып алады", - дейді ер адам видеода. 

Ол видео соңында өзін құлдықта ұстап отырған адамдардың есімін атады. 

 

Видеоға қатысты пікір білдірген облыстық полиция департаментіндегілер "Бас бостандығынан заңсыз айыру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді. 

"ҚР қылмыстық істер кодексінің 126-бабының 3-бөлімі (Бас бостандығынан заңсыз айыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Мән-жайы толық белгілі болғаннан кейін хабарлайтын боламыз", - деп мәлімдеді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Қайсағалиева Назымгүл.

"Ақ Жайық" басылымының мәліметінше, 2017 жылдың қазан айында полицейлер тілемсектерді тексеру кезінде осы ер адаммен сөйлескен екен. Сол кезде ол дәл осы әңгімесін айтып берген. 

"Сол кезде оны полицейлер алып кетті. Алайда ештеңе өзгермеген болып тұр. Бәрі қайталануда. Ендігі не болатынын көрелік", - делінеді басылымда. 

Талқылау