Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

«Атажұрт» ұйымының көшбасшысы Серікжан Біләш туралы не білеміз

Ұлтаралық араздықты қоздырып, алауыздық тудыруға бағытталған әрекеттер жасады деген күдікпен, кеше ғана ұсталған "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш туралы не білеміз? Stan.kz ұсынған материалмен танысып шығуға кеңес береміз.

«Атажұрт» ұйымының көшбасшысы Серікжан Біләш туралы не білеміз

Серікжан Біләшұлы 2009 жылдан бері қазақ интернет әлемінде «Жарқын Жеті» деген атпен танылған Қытайдың қазағы. Алғашында Қытайдағы қазақ сайттарына «Мың бір сапар» деген жазбаларымен танылған азамат Қытайға қарсы ақпараттар жазған. Ал Қазақстан жаңалықтарынан бейхабар болған ол жақтағы қазақтар бұл жазбаларды Жарқын Жетінікі деп ойлаған. Алайда, ол «Жарқын Жеті» деп танылған Серікжанның жазбалары емес, кезінде «Жас Алаш», «Жас қазақ», «Айқын», «Алтын Орда» басылымдарында жарияланған мақалалар болатын.

Ол Қытайдағы қазақтарға Қазақстанның сайттарындағы ақпараттарды жеткізіп, сол жақтағы қандастарымыздың рухани әлеміне қызмет етіп, арандату сипатында түрлі мақалалар жазған. Тіпті, «Сен қазақ», «Күлтегін» сайттарына да осындай сипаттағы мақалалар жиі шығарып, ақыры сайттың жабылуына себепші болады. Өкінішке орай, Жарқын Жеті таратқан жазбаларды ғана жиі оқып, басқа ақпараттардан бейхабар болған кейбір азаматтар Серікжанның сөзіне имандай сеніп, соның арбауына түсті. 

Алайда, Қытайдағы қазақ сайттары жабылғанымен, Серікжан Біләш ол жақтағы қазақтардың миын улауын жалғастыра берді. Ол Қытайға қарсы айтылған үндеулері мен арандатушылық сипаттағы дәрістерін әлеуметтік желі арқылы таратуға көшті. Вичат пен Ватцап желісінде топтар ашып, Қытайдағы қазақтардың тағдыры қыл үстінде тұр деп, бүкіл елді қытайларға қарсы қою үшін үгіт-насихаттар оқи бастады.

Өзін ұлт жанашыры ретінде көрсеткісі келіп, өзін қолдамағандарды «сатқын» деп көрсетті. Қытайдың саяси жағдайы туралы жазбалар жазып, сол елде бейбіт өмір сүріп жүрген қандастарымызды өзінің артынан ерткісі келді.

Кейін ол тіпті, әлеуметтік желілерде жалған атпен парақшалар ашып, расталмаған ақпарат тарата бастады. Facebook желісінде де қытай қазақтары жайында жалған ақпарат таратқан Анар Атабай есімді пайдаланушы да сол Серікжан болып шықты. 

Қытайдағы қазақтар қысымға ұшырағанға дейін, ол Вичатта «Қазақстанға көш» деген атпен топ ашып, Қытай билігін жамандаған. Сөйтіп, ондағы қандастарымызды Қазақстанға көшуге шақырған. Ал қазірде Қытайда қамауға алынған қазақтардың біразы Серікжан Біләштің үндеуін тыңдағандар. Осылайша, Жарқын Жеті деген лақап атымен танылған Серікжан Қытайдағы қазақтардың қысымға ұшырауына себепші болды. Жалған ақпарат беріп, қазақтарды Қытайға қарсы қойғысы келді.

Бір қызығы, Қытайды жаманатты көрсетуді көздеп, өзін қытай қазақтарының жанашыры ретінде көрсеткісі келген Жарқын Жеті айтарлықтай жақсы жағдайда өмір сүреді екен. Тіпті, шетелге де жиі шығып, саяхаттап тұрған. Оның Алматыда екі қабатты зәулім үйі және тағы үш пәтері бар болып шықты.

Таңғаларлығы, Алматыдағы Ақкент ықшамауданынан бір күнде үш пәтер алған Серікжан ол мүліктерін өзінің атына емес, анасына тіркеп қойған. Осыдан 8 жыл бұрын, яғни ол 2011 жылдың 18 қарашасында анасы Нұрболат Мариғазының атынан үш бірдей пәтер сатып алды.

Бұдан бөлек, өзі баршылықта шалқып өмір сүріп жүрген Серікжан Біләш жеке кәсіпкер ретінде де еш жерде тіркелмеген. «Атажұртым» деп, Қазақстанға келгенімен, қазақ еліне бір тиын да салық төлемеген. Осындай баршылықта өмір сүрген Біләшқа бұл байлық қайдан келді, ол жағы белгісіз.

Бірақ, Қытайды сонша жамандап, ол жақтағы қазақтардың өмірі адам төзгісіз деген Серікжанның бірінші әйелі қытай ұлтынан болыпты. Оның үстіне Серікжан Біләштің өзі кезінде қытайлармен жұмыс жасағаны және бірнеше тілді меңгерген білімді азамат болғаны белгілі болды. 

Дегенмен, Серікжанның қытайға қарсы айтылған сөздері мен жазбаларынан кейін Солтүстік Шынжаңда саяси қысым қатты күшейді. Ал оның жанына жиналған жақтастары саяси сауаты жоқ, нақты ақпаратқа емес, алып қашпа сөзге сенетін азаматтар. Серікжанның жанына ергендер өздеріне қарсы сөйлегендерге «ит, надан, топас» деп мәдениетсіз сөздермен балағаттап, өзгенің пікірін елемейтін Қыдырәлі Ораз, Ералаш Қабыл, Аралбай, Қайрат Байтолла, Нұрхан Солтанбай, Шайахмет есімді қайда дау болса, сонда жүретін азаматтар. Міне, бүгінде «Атажұрт» деген ұйым құрып, арандатушылық әрекеттер жасап келген Серікжан және оның тобындағылар осы уақытқа дейін елікпе әңгімелер айтып, дәлелі жоқ ақпарат таратып келді.

Кейін осы «Атажұрт еріктілері» ұйымының көшбасшысы Серікжан Біләш жақтастарымен бірге Алматыда Қытайдағы қазақтардың жағдайы туралы баспасөз мәслихатын өткізді. Ал ақпан айында Алматы қаласының мамандырылған ауданаралық соты «Тіркелмеген ұйымға жетекшілік етті» деген айыппен «Атажұрт» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшқа 252 000 теңге айыппұл салды. Дегенмен, Біләш соттың шешіміне келіспей, аппелияцияға беремін деген еді. 

Десе де, осы жылдың 10-наурызында Астана қалалық полиция департаментінің қызметкерлері ұлтаралық араздықты қоздырып, алауыздық тудыруға бағытталған әрекеттер жасады деген күдікпен Серікжан Біләшті тұтқындады.
 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр