Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналық мүгедек 8 жылын түрмеде төсекке таңулы күйінде өткізген (фото)

Мүмкіндігі шектеулі астаналық тұрғын Жасұлан Сүлейменов түрмедегі сегіз жылын көбінесе кереуетте таңулы күйде өткізген. Ол терроризм айыбымен сотталған, бірақ ол қазір де өзін жазықсыз санайды.

C34272E3-4A6D-4B96-B87D-B46A9E0DD139_w650_r1_s

Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

40 жастағы Жасұлан Сүлейменов Ақмола облысы Степногорск қаласындағы колониядан ақпанның басында босап шыққан. Оған үш жыл әкімшілік қадағалау шарасын тағайындау үшін оны наурыздың 14-і күні сотқа шақырған. Оның сөзінше, мұндай шара қылмысына өкінбегендер мен көзқарасын өзгертпегендерге қолданылады.

7ED59581-DAEB-4E9D-8014-8F6EE51B582B_w650_r1_s

2009 жылғы қарашада Астана қаласының Алматы ауданындағы №2соты Жасұлан Сүлейменов пен оның немере бауыры Қуат Жобалаевты «терроризмді насихаттады», «терроризм актілерін жасауға жария түрде шақырды», «террорлық топ құрып, оны басқарды» деген айыппен сегіз жылға соттаған. Ол кезде Азаттық қазақстандық арнайы қызметтің «Жасұлан Сүлейменов Астананың бір топ жастарымен бірге Кавказдағы Минералды су курортына «банда құрылымдарына қосылып, кәпірлерге қарсы күресте мұсылман бауырларға көмектесу үшін» барған» деген болжамы туралы жазған.

Жасұлан Сүлейменовтің сөзінше, Кавказға ол халық емшісіне емделуге барған, ол «қайта жүре бастау үшін ем-дом жасатуға бардым» деген осы сөзінен танбайды. Ол Азаттық тілшісіне сол жылдары емші жайлы жазған газетті де көрсетті.

4B114979-1743-45EF-A1AE-FFB8DC5F7A22_w650_r1_s

Ол Еуразия университетінің 1-курсында оқып жүрген 1996 жылы теледидар антеннасын орнатамын деп бесінші қабаттан құлап кетіп, жұлынын зақымдап алған. Қазір Жасұлан Сүлейменов – мерзімі шектеусіз 1-топ мүгедегі.

Ол бұрынғысынша қазір де екінші қабатта орналасқан пәтерінен өздігінен шығып, сотқа бара алмайды. Астананың тұрғын үйлер орналасқан ауданындағы бесқабатты үйде анасы, жуырда түрмеден босап шыққан немере бауыры Қуат Жобалаев үшеуі тұрады. Әлгі үйлерде мүмкіндігі шектеулі адамның жүріп-тұруына қолайлы лифт, пандус сияқты ешқандай жағдай жасалмаған. Оны шақырған Астана соттары да ондай ештеңемен жабдықталмаған.

Жасұлан Сүлейменовтің айтуынша, ол тергеу абақтысына қамалған кезден бері оның мүгедектігі жайлы қала прокуратурасына ешқандай ақпарат жолданбаған, оны «жұмыссыз және дені сау адам» ретінде» көрсеткен. Оның сөзінше, сотқа дейін бір жыл бойы ол Астананың №12 тергеу абақтысында қабырғаға байлаулы күйінде жатқан. Төсектің жанында шылапшын мен су толтырылған бөтелке ғана болған. Тергеу абақтысы әкімшілігі оған көмектесуді қысқа мерзімге сотталып, жазасын Астана СИЗО-сында шаруашылық жұмыстармен айналысып өтейтін тұтқындарға жүктеген.

Тергеу абақтысындағы сияқты Жасұлан Сүлейменов отырған колонияларда да мүмкіндігі шектеулі жандардың жазасын өтеуі үшін жағдай жасалмаған. Сүлейменов «санқалашық» деп аталатын түрме ауруханасында жатқан кезі туралы айтып,

“Ол жақта тіпті пандус та жоқ, сондықтан олардың рельс төсеуіне тура келді. Талай рет шағымдандым. ҚБК [қоғамдық бақылау комиссиясы]жолдаған ұсыныстардың ішінен [колония әкімшілігі] «санқалашықта» пандус қана жасады. Ол жақта арбаға таңылған адамдар бар екенін алыстан көрдім”, – деді.

Колонияда жуынатын бөлмеге Сүлейменовті мүгедектер арбасына салып апарып жүрген, ол жерде оны арқалығы бар орындыққа отырғызып, жуынуы үшін қолына су құятын ыдыс беретін болған. Өзге тұтқындар сияқты оны да күніне бір рет бір жарым сағатқа серуенге шығарған. Мұны да колония әкімшілігі тағайындаған өзге тұтқындарға жүктеген. Жасұлан Сүлейменов сол кезде ғана денесін тіктеп отыратын болған. Ал бір кісілік камерасына қайта кірген кезде мүгедектер арбасын алып кетеді, қалған уақытта ол кереуетте жатқан.

“Шағым жаза бастап едім, олар мені серуенге мүлде шығармай қойды. Бұл маған жасалған қысымның бір түрі болды. Олар мені бір кісілік камерадан ауыстырып, инфекциялық изоляторға қамап тастады. Ол жер жағдайы нашар карцер сияқты болды. Далаға да шығармайды, үйге телефон соғуға да рұқсат етпейді, яғни менен ешқандай ақпарат шықпады”, – дейді Жасұлан Сүлейменов.

Оның сөзінше, колонияда құқықтарыңды көбірек талап еткен сайын жағдайың да нашарлай береді.

“ҚБК-да ҚАЖД-нің [ қылмыстық атқару жүйесі департаменті] бұрынғы қызметкерлері жұмыс істейді. Олар маған «Неге шағымдана бересің?» дейді. Маған психологиялық қысым көрсетеді. Прокурор келіп, «шағымым жоқ» деп жазып беруді сұрайды. Маған «егер шағым жазуды тоқтатпасаң, үстіңнен өзге тұтқындар шағымдана бастайды» деп ескертті”, – дейді ол.

Бұған қоса, Жасұлан Сүлейменов түрмеде соққыға жығылғанын да айтады. Колонияға келген кезіндегі «карантинде» зембілде жатқан кезде оны тепкілеп, «профилактика үшін сілкілеп алған». Түрмелердің көбінде этаппен жаңа келгендерді сапта тұрған күзетшілердің арасынан жүгіртіп, резеңке таяқпен ұру дәстүрі бар екенін бұрынғы тұтқындар мен құқық қорғаушылардың көбі айтады.

“Мені әкелген бетте соққыға жықты. Зембілде жатқанмын, мені тепкілеп тастады. Зембілге салып, жерге түсірді, ол жақта карцер бар, олар бірден күтіп алады. Сотталғандардан біреу болса, олар «Автозактан алып шығыңдар» дейді. Қолынан, аяғынан немесе іліккен жерінен сүйреп түсіреді. Павлодардан темір автозакпен алып шықты, жалғыз өзімді ағаш тиегендей лақтыра салды, домалап жаттым. Бірақ оларға құқығың жайлы, мемлекеттік қызметшінің ар-намыс кодексі жайлы айта бастасаң, күлкі қылады. Қарқылдап күле бастайды”, – дейді Жасұлан Сүлеменов.

Сүлейменовтің айтуынша, ол түрмеде өткізген сегіз жыл бойы республикалық «Казахстанская правда» мен «Егемен Қазақстан» газеттерін өз ақшасына жаздырып алған. Бірақ оның сөзінше, оларды әуелгіде мүлде әкелмеген, ал кейін әлдебір саны цензурадан өткен жоқ деген желеумен бермеген.

“Әлгі газеттерде әр бетінде дерлік президенттің фотосы жарияланады. Ал құқық қорғаушылар дөңгелек үстел өткізсе, республикалық басылым цензурадан өтпеді деген сылтаумен газетті мүлде бермей қоймай, ондай тұстарын бояп немесе қиып тастауға болады ғой”, – дейді Жасұлан Сүлейменов.

Оның сөзінше,қамауда отырған кезінде жүрек сырқаты анықталып, оған әуелі валериан дәрісін бере бастаған, бірақ кейінірек шағымданғаны үшін оларды беруді тоқтатқан. Бұған қоса, оған «терроршысың», жуырда Қазақстан азаматтығынан айырыласың деген. Оның айтуынша, Степногорск колониясында тісін емдете алмай, қатарынан екі тісін жұлдыруға тура келген, өйткені тіс дәрігері колонияға тістегі қуысты бітейтін материалсыз келген. Дәрігер тісін жұлған кезде оның жанындағы тісті де зақымдап тастап, оны да жұлдыруға тура келген.

Қамауда сегіз жыл отырып шыққаннан кейін Жасұлан Сүлейменов ешқандай жамағатқа мүше болмағанын, бұл сөздің мағынасын 2009 жылы сотта бір-ақ естігенін айтады. Арнайы қызмет бауыры Қуат Жоболаев екеуін«Әл-Фараби жамағаты» террорлық ұйымын құрды деп айыптаған.

“Сотта аға тергеуші Тәжіғұловтан «Әл-Фараби жамағаты» террорлық ұйымы деген атау қайда шыққаны туралы сұрағанда ол «діндарлардың кез-келген бірлестігі жамағат деп аталатынын» айтып, «сотқа қатысып отырғандар білмей ме: мешітте екі кісі намаз оқыса да оларды жамағат деп атайды» деді. Әлгі сөзді сол күйі қалдырамын. Атауындағы «Әл-Фараби» – тұрғылықты мекен-жай бойынша берілген атау. Куәгерлердің бәрі осы шағын ауданда тұрады, ал мен Манас деп ауыстырған бұрынғы Абылайхан даңғылында тұрғанмын. Әл-Фарабиде ешқашан тұрған емеспін, бірақ бізбен бірге барған әлгі үш жігіт біздің аудандікі болса да, қылмысына қатты өкінгені үшін, бізді көрсеткені үшін оларды босатты. Оңтүстіктегі курортқа демалуға төртеуміз барғанбыз”, – дейді Жасұлан Сүлейменов.

Ол қамауға дейін мешітке жұма намазға әлгі жігіттермен бірге бірге барып жүргенін айтады. Айыптау үкімінде «арақ ішпеуге, темекі шекпеуге, балағат сөздер айтпауға шақырған» деген сөздер де бар.

“Менің атам молда болған, ол кісіні ешкім айыптамаған. Бала кезімізден намазды қалай оқуды, ораза ұстауды сол кісі үйреткен. Атам мен әжемнің әлдебір ағымдар, секталар, «экстремизм» сияқты нәрселерді айтқанын ешқашан естімеппін. Ал енді – екі мыңыншы жылдардан кейін – өмір бойы дұрыс өмір сүрмегенсің, ата-бабаларың ұстанған дін дұрыс емес деп мені түзу жолға салуға тырысады. Оның үстіне, ол кісілерден нені қабылдап немесе неден бас тартатындай менің теологиялық білімім жоқ. Атама қарап мен де солай істедім. Менің жазығым не? Түрмеде отырған сегіз жылда олар маған былай істе, мына кітаптарды оқы, мына дискілерді тыңда деді. Бірақ бір жылдан кейін әлгі дискілері тыйым салынған материалдар тізіміне енеді де, оларды өздері әкеп бергенін ұмытып кетеді. Сондықтан олар өздері бір жыл бұрын мәжбүрлеген дүниелерден «емдейді». Ал бір жылдан кейін әлгі уағызшы да қара тізімге енгені анықталады”, – дейді Сүлейменов.

Оның сөзінше, колонияда ай сайын онымен «тәрбие жұмысын» жүргізген. Одан ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне көмектесуін, тіпті өтірік болса да өкінуін талап еткен. Сосын ол «полиграфтан» өтуі, зонада белсенді болып, «оның өкінгенін көзінен көруі» үшін онымен психолог сөйлесуі тиіс болған.

“Кінәңді мойындау деген – сенің өкінетінің видеокамераға әкімшіліктің көз алдында жазылуы тиіс, сол кезде ғана «түзелу жолына түсті» деп саналады. Мен оны істегенім жоқ”, – дейді ол.

Жасұлан Сүлейменовтің сөзінше, ол өзін ешқандай исламшыл топқа бұрын да, қазір де жатқызбайды, «ата-бабаларының дәстүрлерін ұстанады». Ол сегіз жылда ішкі дүниесінде ештеңе өзгермегенін, діни сенімі ғана беки түскенін айтады.

Жіберіп алмаңыз:

Атыраулық азамат 4 жыл түрмеде тура жолға түсіп намаз оқып шыққан

Түрмеде отырғандар қоқыс жәшігін жасап, қолғап тігумен айналысады

Алматы облысының тұрғыны дәрігерлердің кесірінен сәбиінің көзі көрмей қалғанын айтты

Талқылау