Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астаналық келіншек құрсағындағы сәбиінің шетінегеніне дәрігерлерді айыптады

Іштегі баласын шетінетіп алған астаналық келіншек дәрігерлерді айыптады, деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

Астанадағы №1 перинаталдық орталықта қарбалас. Жүктілігіне жеті ай болған жас келіншек осында келіп, құрсақтағы ұлынан айрылып қалған.  26 жастағы Нұргүл Хамиева іштегі шаранасының қимылы тоқтағанын байқап, кеше түс ауа осы орталыққа келген. Бірақ, мұндағы дәрігерлер өз ісіне тым жауапсыз болып шықты дейді.

“4 кезекші дәрігердің біреуінің аты-жөнін білмеймін. Біреуі де қасыма келген жоқ. Біреуі де мені қараған жоқ. Тек қана санитар жүрді, Олжас деген жігіт. Басқа біреуін де көрген жоқпын”, – дейді ол.

Әуелде арнайы аппаратпен тексергенде баланың тірі екені анықталыпты. Бірақ, қан айналымында қиындық бар екен. Ал түнжарымнан ауғанда іштегі бала қимылсыз қалған.

“Түскі сағат екіде түскен пациенттің аты-жөнін білмейді, немен түскенін білмейді. Сол кезде келіп сұрап жатыр. Сонда қалай қарады деп ойлайсың?! Қарамаған ғой олар. Менің түсінігім бойынша, бұлар баланың өлімін ғана күткен сияқты. Бір тексерді, жүрек бар. Екі тексерді бар, үш тексерді, бар, төрт тексерді – жоқ. Сіздің балаңыз өліп қалған дейді”, – дейді шетінеген баланың әкесі Бекболат Базаров.

Сөйтсе, мұндай бала өлімі бұл орталықта қалыпты жағдай екен. Яғни, 24-26 аптаға жеткен нәрестелердің айына орта есеппен алтау-жетеуі тумай жатып өледі екен. Бекболаттың баласын ота жасаған күннің өзінде құтқара алмайтын едік дейді орталық өкілдері. Өйткені, ұрық толық жетілмеген.

“24-30 аптаның аралығындағы құрсақ ішіндегі ұрықтың шетінеуін алдын алу өте қиын. Сондықтан, екі сағат сайын тексеру жүргізіліп отырды. Бірақ, түнгі 3-те кезекті тексеру кезінде ұрықтың жүрек қағысы байқалмады. Сондықтан, құрсақ ішіндегі өлімнің жағдайы  негізделіп, бүгінгі таңда жүкті әйел босандыруға дайындалып жатыр”, – дейді №1 перинаталдық орталық директорының орынбасары Ербол Әубәкіров.

Бекболат пен Нұргүл осымен екінші баласынан айрылып отыр. Былтыр бірінші нәрестесін көтергенде денсаулығы сыр беріп, онда да іштегі баласын жеті айлығында шетінетіп алған екен. Ал бұл жолы бәрі аман-сау болыпты. Келіншектің өзі қазір іштегі өлі баласымен орталықтың палатасында жатыр.

Қайғы жұтқан ата-ана жағдайды жабулы қазан күйінде қалдырмауға бекінген. Дәрігерлердің немқұрайлылығы дәлелденсе, іс сотқа дейін баруы мүмкін. Бірақ, кінә кімнен екенін анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы керек.

Тағы оқыңыз: 

Мен өзім қалаған әйелге үйлендім: Бауыржан Момышұлы жайлы естелік

 

Прокурорлар ЭКСПО-ның бұрынғы басшысы түрмеде VIP-камерада отыр дегенге қатысты жауап берді

Шымкентте жоғалып кеткен қыз смартфонға ақша табу үшін үйінен кеткен болуы мүмкін

Талқылау