Астанада ЭКСПО-ны салған 400-дей құрылысшы сотта жеңіп шықса да, әлі жалақыларын ала алмай жүр

ЭКСПО-ны салған 400-ден астам жұмысшы әлі күнге дейін жалақыларын ала алмай жүр. Олардың еңбекақыларын төлемеген компания бірнеше жылдан бері жұмыс істемейді. Атышулы ЭКСПО-ның құрылысына жауапты болған компания басшылығы көрменің нысандарын салған кезде қаражат ұрлады деп айыпталды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады, деп жазады Stan.kz.

Астанада ЭКСПО-ны салған 400-дей құрылысшы сотта жеңіп шықса да, әлі жалақыларын ала алмай жүр

Компания басшылығы жазаларын өтеп жатқанда, қызметкерлерге билік орындарына жүгіріп, сыбайлас жемқорлық дауының құрбандары болғанын дәлелдеулеріне тура келеді.

 

Екі жыл бойы жалақыларын ала алмай сенделіп жүргендердің бірі Сергей Шульгин. Ол жұмыс істеген компания ЭКСПО нысандарын салу кезінде бас мердігер болды. Ол нысанда бірнеше ондаған құрылысшылар жұмыс істеді. Алайда, ешкім олардың еңбегіне ақы төлеген жоқ. Жалғыз Сергейдің жалақысы шамамен бір жарым миллион теңгені құрайды.

«Біз 2015-2016 жылдары мына «Экспоның» бас кеңсесі мен қоймаларды салғанбыз. Сол үшін бір өзім 1,5 миллиондай ақшамды алған жоқпын. Екі жыл бойғы еңбегіміздің ақысын ала алмай екі жыл сандалып жүрміз»,-дейді Сергей Шульгин.

Сергей секілді жүздеген жұмысшымен ешкім еңбегі үшін есеп айырыспаған. Жалақыларын ала алмай жүргендердің барлығы «Экспоны» салған 6 компанияның қызметкерлері. Олардың бірі тоқ тартумен, екіншісі құрылыс, енді бірі ішкі әрлеу жұмыстарымен айналысыпты. Ал, оларды жалдаған бас мердігер «ADS» құрылыс фирмасы. Бірақ, ол компания «Экспоның» бұрынғы төрағасы үш жыл бұрын қамауға алынған уақыттан бастап жалақы төлемеген екен. Себебі, өзі де Талғат Ермегияевпен қоса көрмеге бөлінген миллиардтарды жегені үшін ұсталған. Дегенмен, ол сол кезде қарапайым жұмысшыларға мұның зардабы тимейтінін айтып сендірген көрінеді.

«Қылмыстық іс өз ісіменен, ал сіздердің жұмыстарыңыз бөлек. Егер бітірсеңдер бәрін онда ақшаның бәрі төленеді уақытында деп бізді сендірді. Сондықтан жұмыс тоқтаған жоқ. Мердігердің бәрі істеді. Әр қайсысы электрик, құрылысшы, ішкі жұмыстарды істейтін барлық  барлық компаниялар жұмыс істеген»,-деді Ботагөз Айнақұлова.

Бірақ, жұмысшылар екі жыл бойы босқа тер төккен екен. Өйткені, ақшаны қайтарады деп үміт артқан компания басшысы 14 жылға бас бостандығынан айырылған «Экспоның» экс-төрағасымен бірге 2 жарым жылға  сотталып кеткен. Сондықтан жарты миллиард теңгеге жуық жалақыны кімнен дауларын білмеген жүздеген жұмысшы сотқа жүгінген. Судья олардың арызын қанағаттандырып, бас мердігер ADS компаниясынан айлық ретінде ақша өндіру туралы шешім шығарыпты. Олар сотта жеңгенімен, одан келетін қайыр жоқ секілді.

«Сотта жеңіп шыққанымызға бір жарым жыл болды. Біреуіміз бір тиын алған жоқпыз. Өйткені, бас мердігердің иелігінде тезірек өндіріп алатын ештеңе жоқ. Банкрот болған. Тек, «Экспоға» сатып алынған алып экрандар бар. Біздің сот орындаушымыз сол бағалы  электр құрылғысын бұғаттап қойған. Бірақ, біздің иелігімізге өткізе алмай жүр»,-дейді заңгер Леся Дигич.

Яғни, маңдай тер ақыларын талап еткендер сот шешімінің орындалуын жеке сот орындаушысының өзі созып жүргенін айтады. Әрі үнемі ұстатпайды екен. Бүгін де жұмыс орнында болмай шықты. Бір анығы, көрмеге алынған үлкен экрандардың құны 2 миллиард теңгеден асады екен. Сондықтан осы электр құрылғысын сатып, зардап шеккендердің шығынын өтеуге болар еді  дейді жалақыларын даулаған жұрт. Алайда, оның өзі оңай шаруа емес. Өйткені, «Экспоның» қоймасында жатқан  экранның ақшасы толық төленбегендіктен, оған бұрынғы қожайындары да таласып жатыр.  Осыған қарағанда жұмысшылардың қолына  жалақы әзір тие қоймайтын секілді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Загрузка...
Орташа айырбас бағамы
13.11.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Соңғы жаңалықтар