Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада ұшақ апатынан қаза тапқан офицерлердің әйелдері Шекара қызметін сотқа берді

Астанада лауазымды офицерлердің жесірлері өтемақы үшін Шекара қызметімен соттасуда. Өйткені Шымкент маңында ұшақ апатынан қаза тапқан әскерилердің отбасына әлі көк тиын төленбеген.

Безымянный

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Негізі, сақтандыру компаниясы марқұмдардың шаңырағына деп 1 миллиард теңге  бөліпті. Сол ақшаны жәбірленушілерге үлестерудің орнына, Шекара қызметі республикалық бюджетке аударып жіберген. Ал офицерлердің жесірлері бұл өтемақының өздеріне тиесілі екенін енді сот арқылы дәлелдемек.

Қайғыдан енді ес жия бастаған офицерлердің жесірлеріне сот табалдырығын тоздырамыз деген ой үш ұйықтаса түстеріне де кірмеген. Ұшақ апатынан қаза тапқан 20-дан астам шекарашының отбасы 3 жыл өтсе де, өтемақы әлі ала алмай жүр. Айтуларынша әр шаңырақ 50 миллион теңгеден алуы керек. Бірақ , Шекара қызметі уәдесінде тұрмай сақтандыру компаниясы бөлген миллиард теңгені Қаржы министрлігінің есепшотына аударып жіберген. Сол қаржының бюджетке кеткені жәбірленушілердің түсінбестігін туғызып отыр.

“Шекара қызметі өз адамдарының қазасынан ақша тауып отыр. Бұл недеген сұмдық. Бізді сақтандыру компаниясынан ақша алу үшін пайдаланды”,-дейді  Татьяна Рахман

“Енді әкесіз қалған балаларды қалай асыраймыз?Күйеуім 20 жыл отанына адал қызмет етіп қаза тауып отыр. Содан кейін оның отбасына осылай қарайды деп ойламаппын”,-дейді Елена Лубинец

Бір анығы Шекара қызметі бұл даудан ат-тондарын ала қашып отыр. Тіпті сақтандыру компаниясының бөлген өтемақысы неліктен офицерлердің жесірлеріне үлестірілмеді деген сұраққа нақты жауап берген жоқ.

“Заң бойынша ешқандай қателік кеткен жоқ. Марқұмның туыстарына қолдан келген көмекті көрсеттік. Алдағы уақытта да қарайласып тұрамыз. Бірақ, бұл істе біз емес, Қаржы министрлігі жауапкер болуы керек”,-дейді ҚР ҰҚК Шекара қызметі заң басқармасының қызметкері Еркінбек Сағадиев

Кінәні бір-біріне ысырған сотта Шекара қызметі ақыры сүттен-ақ, судан таза боп шықты. Өйткені, судья Шекара қызметіне тағылған айыпты алып тастап, жауапкер ретінде Қаржы министрлігін таныды. Енді марқұмдардың жақындарына осы министрлік шотты ашып, өтемақыларын  санап беруі тиіс. Бірақ сот залынан ашулы шыққан ведомства өкілдері бір тиын да төлемейтінін айтып сес көрсетті.

2012-ші жылдың желтоқсанында Астанадан көтерілген Ан-72 ұшағы Шымкент маңында апатқа ұшыраған болған. Шекара қызметінің бастығы Тұрғанбек Стамбеков бастаған жалпы саны 27 лауазымды офицер ажал құшқан еді.

Ал асыраушыларынан айырылған марқұм шекарашылардың туыстары  ақшаны жақында арада ала қоймайтын сияқты. Өйткені, Қаржы министрлігі бүгінгі судьяның шешіміне апелляциялық шағым түсірмек. Ал жәбірленушілердің ойынша, өтемақыны қалайда Шекара қызметі төлеуі тиіс. Себебі апатқа ұшыраған ұшақты сақтандыру жайындағы келісімді  жеке компаниямен шекарашылар жасасқан.

Талқылау