Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада түнде үйіне қайтып келе жатқан әйелді ер адам ұрып-соғып кетті

Түн ортасында жұмыстан үйіне қайтып келе жатқан келіншекті белгісіз ер адам аяусыз сабап, қылқындырып кетті. Оқиға қаңтардың 8-інен 9-ына қараған түні Астанада жатақхананың маңында болған.

Қызметтік көліктен түсіп, үйіне беттеген әйелге арт жағынан келген ер адам тап берген, деп хабарлайды Евразия арнасы.

Оны жерге құлатып, ұрып-соққан. Ол аздай тұншықтыра бастапты. Сол сәтте көмекке шақырған дауысты естіген көршісі айғай салғанда қаскөй қашып кеткен. Ал, ауыр жарақат алған зардап шеккен келіншек жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Оның басы мен миына зақым келіп, мұрнының шеміршектері сынған.

“Ол мені бірінші бетімнен ұрды, сосын менің даусымды ешкім естімес үшін қылқындыра бастады. Менің әрең шыққан даусымды көршім Мереке естіп, бірден көмекке жүгірді. Егер ол болмағанда қаскөй мені өлтіріп кететін еді” – дейді зардап шегуші Гүлбағрам Бердағұлова.

Күдікті әлі қолға түспеген. Айта кететін жайт, ол ештеңе ұрламапты. Қалалық полиция департаменті үстіне қара күрте мен құлақшын киген 35-40 жас аралығындағы, бойы 170-175 см болатын ер адамды іздестіруде.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау