Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада қыс тақағанда көмір еселеп қымбаттап кетті

Баға былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға дейін өсіп, қара отын тіпті қат тауарға айналған. Қара суықтан дірдектеген жұрт көмірін таппай сенделіп жүр. Барының өзі удай. Ал, отын бағасының қымбаттауын қалыпты жағдай деген әкімдік, баға саясатына араласа алмаймыз деп ашық отыр. Бұл туралы КТК хабарлайды.

Соңғы кездері күннің күрт салқындауы астаналықтарды титықтатып жатыр. Өйткені, қысқа қамданып үлгермеген жұрт үйін жылыта алмай әлек. Қабдуәлі Айтқожин солардың бірі. Қара суықтан баспанасы азынаған соң, көмірді амалсыз бүгін алған. Бірақ, бағасы удай дейді ашынған қария. Яғни, былтыр тоннасы 11 мың болған Шұбаркөл көмірін биыл 16 мыңға сатып алған. Оның үстіне қызуы да нашар.

“Көрмейсің бе, ұсақ мүлдем. Жанбайды жөнді. Топырақтарын қосады. Аласың бірақ, алмағанда қайтесің? Енді 18 мыңнан болады дейді. Ол не? Біздің зейнетақы жетпейді ғой”, – дейді Астана қаласының тұрғыны Қабдуәлі Айтқожин.

Бірақ баға қымбаттаса да, жер үйде пеш жағатын тұрғындардың басқа амалы жоқ. Қабдуәлі қария секілді көмірді жанталасып алып, үйлеріне дереу кіргізіп жатыр.

Елордадағы ең ірі көмір қоймаларының біріне күніне жүздеген тонна қара отын әкелінеді. Сұраныста әсіресе Шұбаркөл көмірі. Мәселен, бүгін 140 тонна әкелінгенімен, отынның бұл түрін жұрт айналдырған 4-5 сағатта талап әкеткен. Яғни, отынға сұраныс артқан. Сондықтан құнның көтерілгенін тасымалдаушылар да жасырмайды.

“Шамамен 20 пайызға қымбаттады. Қазір баға бір тонна үшін Шұбаркөл 13.500, Майкүбен 10.500, ал Богатырь кен орнынан шығатын көмір 7500 теңгеге сатылады”, – дейді көмір қоймасының қызметкері Дулат Құсайынов.

Бірақ, мұндай баға тас отын сататын ірі қоймаларда ғана. Ал, алыпсатарлар тоннасын тіпті 16-17 мыңнан саудалауда. Ал, шенеуніктер болса, қымбатшылық туралы біледі. Бірақ, баға саясатына араласа алмайтындарын ашық айтып отыр.

“Жанармай бағасы қымбаттап, теміржол тарифі 25 пайызға артып отыр. Сондықтан кәсіпкерлердің шығыны артқан соң, отын құны өсіп отыр. Ал, әкімдікдің бұл шаруаға кірісуге құқы жоқ”, – дейді Астана қалалық Кәсіпкерлер және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы Азамат Рашитов.

Атқамінерлер қымбатшылыққа қарсы шыға алмағанымен жер үйлерде тұратын көп балалы және аз қамтылған отбасылар мен мүгедектерге көмектесеміз деп отыр. Яғни, жоқ-жітік шаңырақтарға көмір түсіріп алу үшін 18 мың теңгеден таратылмақ. Орталық жылу жүйесіне қосылған үйлерге жылу ертеңнен бастап қосылады. Әзірге тек мектеп, балабақша мен ауруханаларға ғана жылу беріліп тұр. Ал орталық жылу жүйесіне қосылмаған, пешке қараған жер үй халқына газ арман ғана. Оның үстіне Астанаға көгілдің отынның қашан тартылары әлі белгісіз.

Оқи отырыңыз:

Павлодарда қыздарын трамвай басып кеткен ана ауыр халде жатқан балаға көмектесті

Депутат мұқтаж азаматтар үшін несиенің пайызын төмендету мәселесін көтерді

Алматы облысында дипломы жоқ мұғалімдер сабақ беріп жүр

Қазақстанда онлайн-сақтандыру енгізілетін болды

Талқылау