Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада қылмыс орнына барған екі полицейге 6 рет оқ атылған

Астанада екі бірдей полиция қызметкері жұмыс бабында жүріп ажал құша жаздады! Қылмыс орнына жеткен тәртіп сақшыларына 6 рет оқ атылған. Бірақ құдай сақтап екеуі де тірі қалды. Қазір күдіктіні құрықтаймыз деп марқұм бола жаздаған полицейлер ауруханада жатыр,- деп хабарлайды ктк арнасы.

1153463876

Оқыс оқиға Астананың шетіндегі тынышы бұзылған аудандардың бірінде түнде болған. Алдымен полицейлерге қаланың шетінде ұрлық болғаны жайлы хабар түседі. Сөйтіп, қаннен-қаперсіз қылмыс орнына шыққан полиция старшинасы Марал Тұрғынбаев пен сержант Ерболат Рысбеков аяқ астынан оққа ұшқан.

«Қанды қылмыс міне мына вагонда болған. Полицейлер мұнда ұрлық жасаған күдіктілерді іздеп келіпті. Сөйтіп, іштегілерден құжат талап еткенде, белгісіз біреу кенеттен оқ ата бастаған. Қазір криминалистер осы жерде тергеу жұмыстарын жүргізіп, есікті жауып кеткен»,- дейді тілші Досжан Маратұлы.

Бұл вагонда құрылысшылар тұрыпты. Қазір тергеушілер олардан да жауап алуда. Ал ауыр жараланған полицейлер қайта көмек шақырып үлгеріпті. Вагонға жасырынып тапаншадан оқ атқан күдіктіні солар келіп ұстаған. Ол Қарағанды облысының 43 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұған дейін адам өлтіргені үшін сотталған екен. Әрі ұрлық жасаған да сол болуы мүмкін.

«Вагонның іші қараңғы болған біріншіден, екінші жағынан ол кенеттен болған. Мұндай боларын полицейлер күтпеген. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. 3 бап бойынша. Сонымен қатар жарақат алған полицейлерге жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр»,- дейді Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова.

Ал, полицейлердің бірі Ерболат Рысбековқа 2 жерден, екіншісі Марал Тұрғынбаевқа 4 жерден оқ тиіп ауыр жараланған. Қансырап жатқан оларға қылмыс орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, аурухана жеткізілген. Жан сақтау бөлімінде жатқан науқастар бүгін ғана естерін жиып палатаға ауыстырылды.

«Екеуіне де оқ кеуде тұсынан тиген. Жағдайлары қанағаттанарлық. Бірақ, іш құрылыстарына қатты зақым келген. Әзірге бірдеңе деп айту ерте. Қажетті емді алып жатыр. Ал 4 жерден оқ тиген Марал Тұрғынбаевқа тағы да ота жасауымыз керек»,- дейді дәрігер Валерий Иванов.

Ажалдан аман қалған полицейлердің қашан сауығып кететінін дәрігерлер дөп басып айта алмай отыр. Енді оларға ерекше күтім керек. Ал тәріп сақшыларына оқ жаудырған күдікті қазір уақытша қамау абақтысында. Қаруды заңсыз ұстап адам өлтірмек болған ол, 3 бап бойынша 10 жылға абақтыға жабылуы мүмкін.

Талқылау