Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада өртсөндірушіге жала жапқан тұрғын елдің көзінше кешірім сұрады

Фейсбук қолданушысы Асхат Сұлтанов Астанадағы №16 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ғимаратында  өрт сөндіруші қызметкерлерді дәлелсіз айыптағаны үшін олардан кешірім сұрады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Естеріңізде болса Асхат Сұлтанов есімді азамат өзінің Фейсбук парақшасында Астанадағы пәтерінде өрт болғаны туралы хабарлаған болатын. Өрт сөндірушілер аталған мекен-жайға барғанда пәтерде ешкім болмаған.

Асхат Сұлтановтың айтуынша, үйінде әйелінің көлігін сатқан ақша мен дүкен ашу үшін жинаған 15 миллион теңге және 8 мың доллар болған. Ал көмек шақырған Асхат Сұлтанов пәтеріндегі ақшаның жоғалуына өрт сөндірушілерді айыптаған еді. Бұл жағдайды естіген ТЖ жөніндегі комитет тарапы осыған қатысты түсініктеме берді.

«Оқиға болған пәтерде ақша жоғалды деген хабар түскен соң Өрт сөндіру қызметінің басшылығы мен полиция қызметкерлері сол мекен-жайға барды. Тағылған айыпқа қатысты түсініктемелер алынып, тексеру жүріп жатыр», – деп хабарлады Төтенше жағдайлар комитетінің өкілдері.

Бұдан кейін Астанада өртенген пәтерден қомақты ақшаның қалай жоғалғаны анықталды. Елордада аталмыш пәтерден ірі көлемде ақша ұрлап, іздерін жасыру үшін оны өртеп кеткен күдіктілер ұсталған болатын. Бүгін Асхат Сұлтанов Астана қаласындағы №16 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ғимаратында өрт сөндірушілерден келіп кешірім сұрады.

«Құрметті достар! Ашумен айтылған және жазылған барлық сөздерім үшін өкініш білдіріп, сіздерден кешірім сұраймын. Сол уақытта мен қаладан тыс жерде болған едім. Барлық ақпарат дәл сол жерде болған достарымнан келді. Пәтерге кіргенімізге өзі  үш ай ғана болған еді. Алғашқы нұсқа – бақытымызға қарай қате болып шықты. Десе де, осылардың барлығын ашудың жетегіне еріп жазып жібердім. Жігіттер, тағы да кешірім сұраймын. Өте жедел жұмыс атқарып, адал еңбек еткендеріңіз үшін барлықтарыңызға шексіз алғыс білдіремін», – деді Асхат Сұлтанов.

Өрт сөндірушілерді ақша ұрлады деп айыптаған азамаат оқиға болған күндерден кейін екінші күні қандай күрделі жағдайлар болғанын айта кетті.

«Шынымды айтсам, тергеу мені болып жатқан жайлардан аулақ ұстады. Өрттің сымнан шыққаны туралы нұсқа соңғы уақытқа дейін айтылып келді. Маған ештеңе айтпады. Мен күніне бірнеше қоңырау шалып, біліп отыруға тырыстым. Мен шынында да оны жасаған сіздер емес екенін үміттене күттім. Себебі, біздің қызметтер бәрін де адал әрі мінсіз атқаратынына сенгім келеді. Дәл осы сұрақтарды тергеуге қоя бердім. Кейін ұрылар ұсталды. Олар маған ұрылар күдіктің бәрі өрт сөндірушілерге түсетіндей етіп шебер жасағанын айтып берді», – деді ол.

Асхат Сұлтанов өзінің сөзінде тергеушілердің ұрлықты жасаған өрт сөндірушілер емес екенін бірден білгенін, алайда ол туралы мәлімет өзіне тек дүйсенбіде жеткенін атап өтті.

«Мен тарапымнан қателік кеткенін білемін. Сондықтан, кешірім сұрағым келді. Егер мүмкіндік болса, әрбіріңізбен жеке сөйлесіп, жігітше қол алыссам деп едім», – деп қорытындылады Асхат Сұлтанов.

Жіберіп алмаңыз:

Молдова кәсіпкерінің ісі: Әділет министрлігі Вашингтон сотының шешімі туралы пікір білдірді

Сағынтаев: Кемероводағы қайғылы жағдайдан сабақ алуымыз керек

Павлодарда көлік жүргізу құқығынан айырылған шенеунік тағы да рөлге мас күйінде отырған

Алматыда көлік жүргізушісі желі арқылы түскен шағымнан кейін айыппұл төлейтін болды

 

Талқылау