Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада Ерасыл Әубәкіровтың ісі қайта қаралуы мүмкін

Астаналық студенттің жантүршігерлік  өлімін  тергеген Ішкі Істер министрлігінің тергеушілеріне  қатысты  қылмыстық іс қозғалуы да  ықтимал. Өйткені, “Ерасыл Әубәкіровты азаптап өлтірді” деп айыпталғандардың бірі  Нұрбек Әжімбайдың адвокаты полицейлердің үстінен  шағымданып, прокуратураға арыз түсірді, – деп хабарлайды КТК.

photo_24094

“Тергеушілердің іс-әрекеті заңсыз деп танылды. Өйткені, күдікті Әжімбайдың құқығы бұзыла жаздады. Болашақта  істі жан-жақты қарау үшін тергеудің кейбір тұстарын қайта қарауды талап ету жоспарымызда бар”, – дейді адвокат Ерлан Ғазымжанов.

Адвокаттың айтуынша, тергеушілер күдіктілердің туыстарына қылмыстық істің аудио және видеоматериалдарының көшірмесін көрсетпеген. Ал, ол таспаларда елордалық студенттің қалай өлгені және фигуранттардың телефон әңгімелері жазылған екен. “Басты күдікті болған Аян Мейірбаевтың жауапкершіліктен неге босатылғанын да сол таспалардан қарап түсінуге болар еді” дейді адвокат. Әрі заң бойынша күдікті тергеу материалдарымен толық танысуға құқылы.

Полицейлер “Ерасылды өлтіруге тапсырыс берді” деген айыппен ұсталған  Аян Мейірбаевты мамырда босатып жіберген болатын. Тергеушілер Өскемендік ірі кәсіпкердің ұлын кінәсіз деп отыр. Оның әрекетінен еш қылмыс таппадық деп,  тергеуді де тоқтатты. Қалған 3 күдікті Андрей Тихоненко, Виталий Шерстенев пен Нұрбек Әжімбай әлі абақтыда.

Естеріңізге салайық, 23 жастағы Ерасыл Әубәкіровтың өлі денесі ақпан айында қала сыртынан табылған еді. Оны қаскөйлер азаптап өлтіріп, қол-аяғын байлап, басына пакет кигізіп қарға көміп тастаған. Көп ұзамай студентті азаптау сәті түсірілген таспа да пайда болды. Онда осыАян Мейірбаевтың марқұмды байлап қойып, ұрып жатқанын анық аңғаруға болады. Кісі өлтірді деген күдікпен төрт адам ұсталды. Ерасыл Әубәкіров елордадағы медициналық университеттің алтыншы курсының студенті еді. Ол 3 ақпанда үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Келесі күні оның жоғалғаны жайлы хабарды достары таратты.

Маусым айында басты күдіктілердің бірі Аян Мейірбаевқа қатысты тергеу жұмыстарының тоқтатылғаны хабарланған болатын. Ол мамырдың 7-сі күні темір тордан босатылған. ҚР ІІМ мәліметіне сүйенсек, оның қылмысқа қатысы бар екенін айғақтайтын дәлелдер аз болғандықтан босатылған. Ал Андрей Тихоненко, Виталий Шерстенева және Нұрбек Әжімбай тамыздың 10-на дейін түрмеде отырады.

Талқылау