Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада бұрын сотталған азаматтар 20 шағын кәсіпорын ашып алған

Биылдың өзінде Астанада осындай 20 шағын кәсіпорын құрылған. Жазасын өтеп шыққандар оңалту қоғамдық қорының көмегімен сауда-саттық, өндіріс, құрылыс салаларында өз нәпақасын тауып келеді.

Бұл туралы Хабар 24 хабарлайды.

Ахмед Валиев темір тордың ар жағында өткізген 9 жылда автокөлік шебері машығын үйренген. Енді міне бостандықтағы өмірін кәсіпкерлікке арнап, өзі ашқан машина жөндеу орталығының қызығын көріп отыр.

«Мерзімнен бұрын босап шығып, әке-шешемнің үйіне келдім. Ескі сарайдың орнына техникалық жөндеу станциясын салдым. 6 сотық жерде жеңіл, жүк көліктің барлығын жөндеймін. Ауыр техника деп те қарамаймын, дәнекерлеу жұмыстарым да бар. Қызметіме жүгінетін тұрақты тапсырыс берушілерім табылды. 4 адамды қанатымның астына алып, жұмыс бердім, оның ішінде сотталғандар бар», – дейді жеке кәсіпкер Ахмед Валиев.

Ахмед бизнесін кеңейту үшін тендерге қатысып, 15 жүк көлігін жөндеу жөнінде келісім жасаған. Кедергілер аз емес, жұмыс та көп. Бірақ алдағы арманы – ірі автоқызмет орталығын ашу жолында ештеңеден аянбақ емес.

«Астанада техникалық байқау станциясын ашып, табысқа кенелуге болады. Қалаға күніне қаншама көлік ағылып жатады, жүк көлігін жөндей алатыным да нұр үстіне нұр болды. Өйткені ол көбінің қолынан келе бермейді. Жекеменшік ірі компаниялармен жұмыс істеймін», – дейді жеке кәсіпкер Ахмед Валиев.

Астанадағы «Оңалту технологиялары мен тұжырымдамалары» қоғамдық қоры 11 жылдан бері сотталғандарға демеу көрсетіп келеді. Біріне жұмыс тапса, екіншісіне өз кәсібін ашуға жағдай жасап отыр.

«Бостандыққа шыққан 7 жылдан бері қоғамдық қормен байланысым үзілген емес. Кезінде бизнес-жоспар құруға көп көмегі тиді, сол себепті бүгіннің өзінде іс-шара, жиындарынан қалмаймын», – дейді жеке кәсіпкер Ахмед Валиев.

«Психологиялық, құқықтық, әлеуметтік көмек көрсетуге тырысамыз. Жұмысқа орналастыру мәселесі маңызды болғандықтан, жиі кездеседі. Жұмысқа орналастырып, барлық қажеттімен қамту қылмыстың азаюына септігін тигізеді. Жыл басынан бері Астанада бұрын сотталған 63 азамат кәсіп ашса, үштен бірі ғана бәсекеге төтеп берді. 20 кәсіпорынның біріне иелік ететін Ахмед соның қатарында», – дейді қоғамдық қор директоры Орынбасар Құлжабаева.

Оқи отырыңыз:

Жаңа дизайндағы 500 теңгені шығарудың не себепті қажет болғаны айтылды

Атышулы “Қалаулым” шоуының қатысушылары тікелей эфирде отбасын құрды (видео)

Қайрат Түнтеков 4 жылдан бері фонограммамен өтетін концерттерден бас тартып келген

Ақбота Сейітмағамбетті шоу-бизнестен шеттетіп тастаған кім?

Талқылау