Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада Аян Мейірбаевтың қамаудан босатылуы қоғамда үлкен түсінбестік тудырды

Астаналық студент Ерасыл Әубәкіровтың өліміне қатысы іс аяқасты өзгеріп шыға келді. Осы қанды қылмысқа тікелей қатысы бар деп ұсталған басты күдікті Аян Мейірбаев қамаудан босатылды деп хабарлайды КТК.

иппи

Сурет әлеуметтік желіден алынды

Ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті оның ісінде қылмыс құрамы жоқ деп тергеуді тоқтатқан.

Яғни полицейлер барлық айғақ заттар мен мән-жайды анықтай келе 32 жастағы Аян Мейірбаевтың еш кінәсі жоқ екеніне көз жеткізіпті. Сондықтан марқұмның жерлесі әрі жақын танысы осылайша жауапкершіліктен құтылып отыр. Десе де қалған 3 күдікті Андрей Тихоненко, Виталий Шерстенев пен Нұрбек Әжімбайларды қамау мерзімі ұзартылып, тергеу жалғасуда. Қылмыстық іс жақында прокуратураға жолданады.

Естеріңізге салайық, 23 жастағы Ерасыл Әубәкіровтың өлі денесі ақпан айында қала сыртынан табылған еді. Оны қаскөйлер азаптап өлтіріп, қол-аяғын байлап, басына пакет кигізіп қарға көміп тастаған. Көп ұзамай студентті азаптау сәті түсірілген таспа да пайда болды. Онда осы Аян Мейірбаевтың марқұмды байлап қойып, ұрып жатқанын анық аңғаруға болады. Соған қарамастан Өскемендегі ауқатты кәсіпкердің ұлы қамауда көп жатқан жоқ. Ісінен қылмыстық құрам таппаған полицейлер оны мамыр айында-ақ босатып жіберіпті.

“Барлық жинақталған дәлелдер мен анықталған жағдайларды ескере отырып, 2016 жылғы 7-ші мамырда Мейірбаевқа қатысты қамауға алу шарасы алынып тасталды. Бұл Астана қаласының прокуратурасының келісімімен жүзеге асырылды. Осыған орай Мейірбаевтың әрекетіндегі қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Қазіргі таңда іс аяқталуға жақын. Сот-сараптамасының қорытындылары іс-материалдарына тіркелді”, – дейді ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев.

Бұған дейін Аян Мейірбаевтың әкесі баласының қылмысқа қатысы бар-жоғын құзырлы орындар анықтайды деген болатын.

Талқылау