Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада атақты саясаткер ортақ валютаның болашағына күмән келтірді

Ортақ валюта орға жығады! Бұдан аузы күйген Еуропа, одақ құрып жатқан елдерге бұл қателікті қайталамауға кеңес берді. Батыстан келген саясаткерлер ашып айтпаса да, Еуразиялық одақты түйреп өткені белгілі. Бұл жайлы КТК арнасы хабарлайды.

1416147694

Сурет ria.ru

Бұдан бөлек, Еуразиялық медиа форумда мұнай бағасы, қарулы қақтығыстар мен алып державалардың өзара текетіресінен жазықсыз жандардың құрбан болып жатқаны ашық айтылды. Астана төрінде өтіп жатқан XIII Еуразиялық медиа форумға әлемнің түкпір-түкпірінен кіл мықты сарапшылар, экономистер мен саясаткерлер жиналған. Пікір сайыс алаңында талқылайтын мәселе өте көп.

Осы мәселелерді қарумен емес, дипломатиямен шешуге Қазақстан әркез мүдделі. Сондықтан пікірі бір-біріне мүлдем қарама-қайшы тараптардың ортақ тоқтамға келуіне мүмкіндік беріп отыр. Саяси салмағы ауыр тұлғалар жиналған форумды вице-премьер Дариға Назарбаева ашып, президенттің үндеуін оқып берді. Сосын еркін сөз таластырып, тығырықтан шығар жолды бірігіп іздеуге шақырды.

“Еуразиялық медиа форум әлемде ойып тұрып орын алатын ашық пікір алмасу алаңына айналды. Осында түрлі мәселелер айтылып, болашаққа жаңа көзқарастар қалыптасады”, – деді ҚР премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаев.

Әрине, өз ойын айтуға әркімнің-ақ бар таласы. Алдымен әлемдегі №1-ші тақырып мұнай бағасы сөз болды. Құнның құлдырауы дамыған Еуропа елдерін де, кәдімгідей есеңгіретуде. Оның үстіне ОПЕК «қара алтын» өндіру мен оның бағасына қатысты әлі келісе алмай тығырыққа тіреліп отыр. Осы жерде пікірталасқа Ұлыбританияның бұрынғы Сыртқы істер министрі қызу араласты. Ол мұнайдан бұрын Еуропаның шатқаяқтауын ортақ валюта енгізуден көреді. Джек Стро ортақ ақша Еуразиялық одаққа жақсылық әкелмейтінін меңзегендей.

“Ортақ валюта енгізуді «ақымақтық» дер едім. Қазір Еуропа осының кесірінен зардап шегіп отыр. Сондықтан, әр мемлекеттік төл ақшасы болуы тиіс. Ал, ортақ ақша түрлі түсінбеушіліктер туғызып, дағдарысқа соқтыруы мүмкін”, – деді Ұлыбританияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Джек Стро.

Медиа форумда Ауғанстанның экс-президенті де жүр. Хамид Карзай Исламды құбыжық етіп көрсеткісі келетіндерді аяусыз сынады. Мұсылмандарды жеккөрінішті қылу «қитұрқы саясат» деп ашына сөйледі. Оның үстіне насихатқа көзсіз сеніп, алданып жүргендер сол саяси ойындардың құрбаны болуда.

“Терроризмнің Исламға қатысы жоқ. Діннің атын жамылып жасалатын түрлі жарылыстардың артында державалардың геосаяси мүддесі жатыр. Бұл соғыста жазықсыз адамдардың қырылып жатқаны өкінішті”, – дейді Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай.

Пікір сайыс алаңына айналған басқосу ертең де қызық болғалы тұр. Өйткені, ғылымның дамуын болжайтын атақты футуролог Рэй Хаммонд баяндама жасамақ. Әркімнің қолынан түспейтін смартфондардың пайда болатынын осы британдық сарапшы болжаған еді. Енді ертең де жаңа болжамдарымен әлемді таңқалдырмақшы.

Талқылау