Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада ата-аналар жұқпалы менингит шыққан мектептерді карантинге жабуды талап етіп, шу шығарды

Астанада соңғы 11 күнде 8 оқушы вирустық менингитпен ауруханаға түскен. Олардың бірі ауыр жағдайда жатыр. Ендігі жұқпалы аурудан шошыған ата-аналар менингит шыққан мектептерді карантинге жабуды талап етіп отыр, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Астанада ата-аналар жұқпалы менингит шыққан мектептерді карантинге жабуды талап етіп, шу шығарды

Астанада №71, 75, 79 23-ші және Назарбаев Зияткерлік мектебі мен халықаралық мектептен менингит шықты. Жұқпалы менингитке шалдыққан 8 баланың төртеуі №75 мектепте оқиды екен. Дәрігерлердің сөзінше, бүгінде ауруханаға түскен 8 оқушының біреуі ауыр жағдайда, қалғанының денсаулығы қалыпты.

Анықталғандай, менингит шыққан мектептердің басшылары бұл туралы жасырын ұстаған. Ал ата-аналар білім ошағындағы жұқпалы ауру туралы бір-бірінен естіген екен. Балаларының денсаулығы үшін алаңдаған ата-аналар бүгін жиналып, СЭС қызметкерлерінен шұғыл түрде мектепті жабуды талап етті.

Десе де ата-аналардың шуына қарамастан, менинигит шыққан астаналық мектептер карантинге жабылмайтын болды. Себебі СЭС-тің рұқсатынсыз директорлар өз бетінше шешім шығара алмайды.

Ал мамандар тек менингиттің күн суық кезде өршімейтінін айтуда. Вирустың қозатын уақыты – көктем, жаз бен күздің жылы айлары, дейді олар.

«Вирустық менингиттің мерзімі болады. Маусымдық мерзім дейміз біз оны. Ол – жылы айлар. Биыл 9 айдың есебін алсақ, Астана қаласы бойынша 196 жағдай тіркелді. Оның ішінде 85 – ол  оқушылардың арасында», – дейді Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Сархат Бейсенова.

Өз кезегінде дәрігерлер менингиттің белгілері тұмауға қатты ұқсайтынын ескертті. Аталған дертке шалдыққан адамның басы, тамағы ауырып, жөтел пайда болады. Сонымен қатар жүрегі айнуы мүмкін. Сол себепті мұндай белгілерді байқаған жағдайда, үйде емделуге болмайды. Шұғыл түрде дәрігерге жүгінген жөн.

Еске сала кетсек, Астанада менингит жұқтырған 8 оқушы ауруханаға түсті.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау