Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада әбден ашынған құрылысшылар салып жатқан үйлерінің алдын көлікпен бөгеп тастады

Астанада айлап еңбекақы көрмеген құрылысшылар салып жатқан үйлерінің алдын көлікпен жауып тастады. Сөйтіп, басшыларынан маңдай тер ақыларын қайтаруды талап етті. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

Безымянный

Алайда, жауапкершіліктен қашқан олар бар кінәні мердігерлерге жауып отыр. Жейтін тамақ таппай қалған құрылысшылар жарты жыл бойы мына “Абат” деп аталатын тұрғын үй кешенін салған. Күні-түні тынбай баспананың 6 қабатын көтеріпті. Бірақ үш айдан бері құрылыс компаниясы оларға бір тиын да ұстатпаған.

“Пәтерді төлемей, машинамды алып барып, кепілге қойдым. Жігіттерде жұмыс жоқ, ақша да жоқ. Олар қалай төлейді?” – дейді құрылысшы Ардақ Күйшібаев.

Енді Астанаға жұмыс іздеп келген жігіттер үйлерінде күтіп отырған шиеттей бала-шағасына жіберер теңге таппай далада қаңғып жүр. Оның үстіне әрқайсының банкте несиесі бар. Сондықтан ашынған азаматтар бүгін наразылық ретінде өздері салып жатқан “Абат” тұрғынүй кешенінің алдын көліктермен жауып тастады.

Үш айдан бері бақыр тиын көрмеген жігіттер шыдамдары таусылған соң, салып жатқан үйді тастап кеткен. Бірақ құрылыс алаңы бір күн де бос қалмапты. Компания өзге жұмысшыларды жалдаған. Алайда бүгінгі айқай-шудан кейін, жаңадан жиналған жігіттердің де жұмысқа зауқы жоқ, бар шаруаны тастап қарап отыр.

Ал наразылық танатқан жұмысшыларды полицейлер, ұлттық гвардияның сарбаздары күзетіп тұр. Шенеуніктер мен прокурорлар да жедел жетті. Құрылысшылардың айтуынша, әлі аяқталмаған бұл кешендегі бір пәтер бірнеше адамға сатылып кеткен көрінеді.

“Жұрт ақша құйып жатыр. Ойлап жүр, міне, салынады деп. Ол ештеңе салынып жатқан жоқ. Ақшаның қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Бір пәтерге екі-үш адамнан деп естіп жатырмыз”, – дейді бригадир Кенжебек Жүсіпбеков.

Бұдан басқа да сорақылық жетерлік. Заң бойынша құрылысқа рұқсат та берілмеген екен. Қазір бұл заңсыздықтардың анық-қанығын прокурорлар тексеріп жатыр. Ал даулы құрылысқа жауапты басты компанияның өз уәжі бар. Яғни бар кінәні мердігерлерге жауып, өздеріне шаң жуытпай отыр.

“Жұмысшыларды көшеден жинап алып, жалдаған деуге болады. Олар ешкіммен еңбек шартына да отырмаған. Мүмкін мердігер компания сол үшін де ақшаларын төлемей отырған шығар. Бұл адамдарға біздің ешқандай қатысымыз жоқ”, – дейді “Төленді” құрылыс компаниясының заңгері Данияр Жангелдинов.

Бір қызығы, мердігер мекемелердің басшылары да жұмысшылармен бірге жалақысын жоқтап жүр. Яғни құрылысшыларға 14 миллион теңге қарызды кімнің қайтаратыны түсініксіз.

Талқылау